Мұғалжар: Әжелер сайысы ұйымдастырылды
Мұғалжар аудандық «Нұртай» мешітінде ұстаз Айдана Талғатқызының жетекшілігімен «Ислам және ізгі қоғам» жылы аясында ҚМДБ бекіткен 5 бағыттың бірі – «Дін мен дәстүр" аясында «Дәстүрімнің балқаймағы – әжелер» сайысы ұйымдастырылды.
Қазақтың салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарын бойға сіңіріп, баланы кішіпейілділікке, қарт адамдарды құрметтеуге тәрбиелеу мақсатында өткізілген додаға мешіт жанындағы іс-шараларға белсенділік танытып жүрген әжелер қатысты.
Руханиятқа бастау алған сайыс «Сәлем – сөздің анасы», «Өнерлі өрге жүзер», «Дәм-думан», «Сыр сандық», «Салтым – асыл қазынам» атты 5 бөлімнен тұрды.
Шара барысында әжелердің ұлттық тағамдарын дәмді етіп дайындаса, ал сұрақ- жауаптар мен мақал-мәтелдер жарысында оза шауып, «Салтым – асыл қазынам» бөлімінде салт-дәстүрімізден көрініс қойып, қонақтарды тәнті етті.
Дін мен дәстүрді сабақтастырған сайыс қортындысында әділқазылар алқасы мен көрермендер қатысушылардың әділ бағасын бере отырып, лайықты орындарымен марапаттап, сыйлықтарын табыс етті.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі