Шалқар: Әйел жамағатына ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді
Ақтөбе облысының Бас имамы Серікжан Еншібайұлының бастамасымен өңірдегі діни тұрақтылықты сақтау мақсатында ұйымдастырылған «Көшпелі уағыз-насихат» жобасы аясында Шалқар ауданындағы әйел-жамағатына ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Аталған іс-сапар барысында Ақтөбе облысы өкілдігі «Әйел-қыздар» секторының жетекшісі Кенжегүл Кушкарова, республикалық «Мұнара тв» телеарнасының тілшісі, облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің Баспасөз хатшысы Ақтолқын Тажикова «Балалар жылы» мен «Ислам – ынтымақ пен бірлік діні» жылы аясында әйел жамағатымен кездесті.
Кездесу барысында журналист Ақтолқын Орысбайқызы «Ғаламтор және бала» тақырыбында баяндама жасады. Ал сектор жетекшісі Кенжегүл Кушкарова бала тәрбиесіндегі ата-әженің рөліне тоқталды. Сонымен қатар спикерлер жамағат арасындағы ынтымақ, туысқанмен қарым-қатынасты нығайту мәселері, жат ағымнан сақтану жолдарына да тоқталды.
Шара қортындысында сектор жетекшісі ақ жаулықты аналарды 1 қазан – Халықаралық қарттар күнімен құттықтады.
Одан өзге спикерлер Шалқар ауданындағы ұстаздардың ұйымдастыруымен қарттар күніне орай өткен әжелердің білім сайысында әділқазы болды.
Айта кетсек, 2 күндік іс-сапар барысында әйел жамағатына 5 шара ұйымдастырылып, 85 адамға ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Қыз-келіншектер «Көшпелі уағыз-насихат» жобасын ұйымдастырушыларға алғысын айтып, әйел жамағатының атынан ақ батасын берді.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі