Әлихан Бөкейхан: Біріңді-бірің адастырмақсыңдар...
Үнді жерінде, Сурат қаласында кафеханасы бар еді. Сонда талай жерден, талай елден адамдар кез болып ұшырасатын еді. Бір күні сол кафеханаға Иранның бір ғалымы кірді. Бұл ғалым тəңірінің тəңірісін танып білемін деп көп әуре болған еді. Осы турасында көп оқып, өзі де көп жазған еді. Көп оқып, көп жазып, көп ойлап, ақылы ауысып, ойы шатасып, ақырында Құдайға тіпті илануды қойған. Мұнысын Иран патшасы біліп, қол астында тұрғызбай, қуып жіберген. Сорлы ғалым тәңірліктің түбіне жетем деп, ойлай-ойлай, өзінің миы ашығанын сезбей, барша ғаламды билеуші ұлықтың-ұлығы, дананың данасы, Құдайды жоқ қылмақ болған.
Бұл ғалымның соңында қайда барса қалмай еріп жүретін бір қара құлы бар еді. Қожасы кафеханаға кіргенде, құлы тыста қалды. Үйдің күн бетінде жатқан бір тасқа келіп, үстіне қонған шыбындарды қуғыштап отыр еді. Ғалым кафеханаға кіріп, диванның үстіне жатып бір шыны аяқ апиын сұрады. Апиынды ішіп салып еді, апиын миына тиіп, ойын қозғады. Сонда ғалым құлына дауыстап:
– Ей, оңбаған құл! Сен қалай ойлайсың? Құдай бар дейсің бе? Жоқ дейсің бе? -дейді.
Құл айтты:
– Əрине, құдай бар деймін, – слай деп, беліне қыстырған ағаштан бір кішкентай нəрсені суырып алып:
– Міне құдай! - деді.
– Жан болып жаратылғанда, мені сақтайтын осы. Біздің жұрттың табынатын біздің жақта əулие ағаш бар. Мынау нақ соның бұтағынан істелген, - деді.
Бұлардың сөйлескен сөзін кафеханада отырған адамдар естіп, таңырқасты. Оларға қожасының сұраған сауалы да, құлының қайырған жауабы да таң көрінді. Сонда отырған брахма дініндегі біреу құлдың сөзін естіп шыдап тұра алмай:
– Ей, жарым ақыл бейшара! -деді.
– Құдайды адам беліне қыстырып жүре ме? Құдай кісінің беліне қыстыруға сияды деп ойлауға мүмкін бе? Өзің не айтып отырсың? Құдай брахма емес пе? Ол барша ғаламды жаратқан, барша ғаламнан ұлық. Өзгеріліп, талай аударылып үсті астына түсіп жатса да, бұл абыздардың қалпы Ғанғыс дариясының бойында ғибадатханалар салған құдай – сол. Брахмалық абыздың құлшылық етіп жалбарынатын құдайы да сол. Хақ құдайды таныған һəм анық білетін жалғыз-ақ осы абыздар. Дүниедегі істердің қалпы өзгерілген жоқ. Оларды сақтап пана болушы жалғыз құдай, хақ құдай - бархама!
Осыны айтса, отырған жұрт ден қойып иланатындайлық бархамалық мұны айтып еді, сонда отырған алыпсатар иуда оған қарсы сөйлеп тұра келді:
– Жоқ, сен олай деме! Хақ құдайды танитын жұрт брахмалар емес. Құдай пана болып сақтайтын брахман емес. Шын құдай Ибраһим, Ысхақ, Яхуп пайғамбарлар таныған құдай. Жалғыз-ақ өзінің Израйыл жұртына дүние жаратылғаннан бері құдайдың қалаған жұрты да, сүйген жұрты да біздің жұрт. Ахырында бізді дүниежүзіне адастырып, тоздырып жібергені – сүйген жұртын əншейін бейнет беріп сынамақ үшін. Бізге жіберген құдайдың уағдасы бар: “Құдысқа қайтадан жиып, Құдыс ғибадатханасын қайта орнатып, басқа жұрттың үстінен үкіміңді жүргізіп қоямын» деген, - осылай деп иһуд жылап жіберді. Ол тағы да сөйлемекші еді, оның сөзін сонда отырған италиялық біреу бөліп, иһудқа айтты:
– Дұрыс емес мұның! Сенің айтуыңша, Құдайда əділдік жоқ боларға керек. Бір жұрттан бір жұртты артық көру Құдайдың əділдігіне лайық емес. Бастапқы кезде израйыл жұртын Құдай сүйсе де, онан бері 1800 жыл болды. Сендерге тəңірінің қаһары түсіп, отансыз əр жерге тозып кеткендеріңе, сендердің осы күнде дендерің жыйылып, тұқымдарың көбейіп өспек түгіл, күннен-күнге азайып, өшіп бара жатыр. Құдайда артық я кем көрушілік жоқ. Бірақ сауап табатын жол жалғыз-ақ біздің римдік католик дінінде. Онан басқа дінде сауап табу жоқ, - италиялық бұлай деп еді, сонда отырған протестант попы сұрланып италиялыққа айтты:
– Қалайша сіз жалғыз сауап жол өздеріңде дейсіңдер? Жадыңызда болсын! Сауап табатындар Исаның дұрыс інжілімен амал қылғандар.
Сол жерде Суратта қызмет ететін бір түрік отыр еді:
– Нағыз хақ дін біздікі деп бекер айтасыңдар. 600 жыл болды Інжіл қалып, Құран келгеніне. Сауап ең ақырғы пайғамбар Мұхаммедтің жолында. Өздеріңіз айтып отырсыздар ғой: иһуд діні нашар деп; нашарлығынан тіпті жайылмай, тұқымы азайып, құрып бара жатқаны деп. Ислам дінінің артықтығы емес пе, Еуропа, Азия, тіпті Қытайда да адам жайылып бара жатыр. Оны өздеріңіз көріп тұрған жоқсыздар ма!? Сауап табады жалғыз-ақ ақырғы пайғамбар Мұхаммедке иланған адам. Онда да сунни мазһабындағылары, шийт мазһабындағылар да кəпір.
Түріктің сөзіне қарсы ирандық біреу сөйлейін деп еді, сонда отырған һəр түрлі һəр діндегі адамдар керіске кіріп, шулап-дулап кетті. Олардың ішінде һəр діннің һəр түрлі мəзһабынан адамдар бар еді. Дінсіздердің күнге табынатын, отқа табынатын, пұтқа табынатын қумарларынан жоқ емес еді. Бəрі де құдай кім екендігіне һəм оған қылған құлшылығының қайсысы дұрыс болмақшы екендігіне дауласты. Қысқасы һəр қайсысы хақ құдайды білетін һəм оған дұрыс құлшылық қылатын да біз деп таласты. Қысқасы һəр кім өз дінін қуаттап, ауыздары көпіріп, шулап-дулап таласып жатты. Жалғыз-ақ Канфутси мәзһабындағы бір қытай таласқа кіріспеді, тыныш отырды. Өзгелердің сөзіне құлақ салып, үндемей, шайын ішіп, жай отыр еді, түріктің соған көзі түсіп айтты:
– Қытай əпендім! Өзге болмаса да сенің мені қостайтын орның бар емес пе? Мен білемін, сіздің Қытай жерінде осы күнде һəр түрлі дін барып жайылып жатыр. Бəрінен де біздің Мұхаммед дінін артық көреді һəм біздің дінге кіруге сіздің жұрт бек ықыласты, - деп келген саудагерлер талай маған айтқаны бар. Менің сөзімді қуаттап, сенің қостайтын ретің бар. Əуелі Алла, екінші хақ пайғамбар турасында не ойлайсың? Айтсаңшы!» Өзгелері де: “Сен қалай ойлайсың, ойыңды айтшы” деп, қытайға жабысты.
Өзгелері де: «Сен қалай ойлайсың, ойыңды айтшы», — деп қытайға жабысты. Қытай асықпай көзін жұмыңқырап ойланды, сонан соң көзін ашты, кең жеңінен қолын шығарып көкірегіне қойды да, жай салмақпен сөзді былай бастады.
– Мырзалар, менің байқауымша, адамдарды дін турасында бір ынтымаққа келтірмейтін жалғыз-ақ намыс. Мұны мен сіздерге мысал келтіріп ғибратпен баяндайын. Мен Қытайдан «Суратқа» ағылшынның дүниені айналған пароходына мініп шықтым. Жолда су алу үшін Суматыра аралында пароход кідірді. Пароходтан түсіп бірнеше адам судың жағасына шыққан қамыс ағаштың көлеңкесіне барып отырдық. Сонда отырған әр жердің, әр елдің адамдары едік. Аралдағы тұрғын елдің ұлдары да бізден қашық емес еді. Біз отырғанда қасымызға бір соқыр адам келді. Сұрап білсек, күнге көп қарағаннан соқыр болған екен. Күнге көп қарағаны, күн өзі не нәрсе деп, күннің затын білмек ниетпен екен. Білмек мақсұты күннің жарығын қолға түсіріп алып, нұрының бірер сәулесін шыныға салып, тығындап қамап қоймақ екен. Осыны істеймін деп түрлі ғылымды да, білімді де аянып қалмай, бәріне де бар күшін жұмсаған екен. Күнге көп қараса да, көп әуреленсе де ешнәрсе өнбепті. Бұл ісінен тапқаны сол, күнге қарай-қарай көзі ауырып, соқыр болыпты. Сонда ойын былай деп тиянақтап тоқтаған:
"Күннің нұры сұйық зат емес, сұйық болса, қотаруға көнер еді. Я желден шайқалып толқыр еді. Күннің нұры от та емес, от болса, су ішінде сөнер еді. Күннің нұры қатты да зат емес, қатты болса, онымен өзге нәрсені қозғауға да болар еді. Күннің нұры рух та емес, рух болса, көрінбес еді. Күн нұры — жарығы сұйық зат болмаса, қатты зат болмаса, от болмаса, рух болмаса, күн жарығы деген ешнәрсе де емес, тіпті жоқ нәрсе", — дейді.
Ойы осыған жеткенде көп қарағаннан көзі де кеткен, көп ойлағаннан ақылы да ауысқан. Көзден айрылған соң, күн жоқ дегенім рас екен деп нанды да қойды.
Соқырмен бірге құлы да келіп еді. Қожасын ағаштың түбіне отырғызып, жерден хақос ағашының жаңғағын алып, білте шам істей бастады. Хақостың шудасынан білте істеп, жаңағының қабығын сауыт етіп, дөнінен сығып майын шығарып отырды. Бір мезгілде қожасы күрсінді де құлына айтты:
– Күн жоқ дегенім рас емес пе?! «Күн-күн» деп айтылар күн деген ол не нәрсе өзі? Құлы айтты:
– Қайдан білейін, күн не нәрсе екенін. Күнмен жұмысым да жоқ. Міне, мен білте шам істеп алдым, менің білетінім осы жарық. Бұл жарықпен саған да қызмет қыламын. Үйдегі нәрселерді тауып аламын. — Қол шамын қолына алып көтеріп: "менің күнім мынау«,- деді. Сол жерде балдақпен жүретін бір ақсақ отыр еді. Бұл сөздерді естіп, күлімсіреді де соқырға айтты: Күнді білмегенің іштен туған соқырсыз ғой, мен саған күн не нәрсе екенін айтып берейін. Күн оттан жасалған домалақ, бұл домалақ күнде теңізден шығады да күнде барып кішкене біздің аралдың тауының арасына барып қонады. Мұны біз күнде көреміз. Көзің сау болса, сен де көрер едің. Мына сөзді естіп, сонда отырған бір балықшы ақсаққа айтты: Бұлай деп отырғаның аралыңнан шығып, алысырақ жүрмегенің ғой. Күн біздің аралдың тауына қонбайтұғынын ақсақ болмасаң, теңізбен жүріп көрер едің. Күннің қайдан шығып, қайдан бататұғынын мен айтып берейін. Күн теңізден шығады, теңізге батады. Менің мұным шүбәсіз дұрыс. Күн сайын күнді мен суда жүріп, көзімнен шығарып, көзімнен батырамын.
Үнділік біреу естіп айтты: «Есті адам есі жоқтың сөзін сөйлегеніне қайранмын. Мұның айтуынша Күн оттан жасалған бола тұрып суға батады екен де, сөнбейді екен. Мұны да сөз деп есі дұрыс адам сөйлей ме?! Күн не екенін мен айтып берейін, Күн Дюа деген құдай. Арбасына мініп көктегі Аспырауа деген алтын тауды айналады да жүреді. Рағу һәм Киту деген екі жылан Күнді кейде жұтып жібереді. Сонда қараңғы болады. Бірақ біздің абыздарымыз (имамдарымыз) азан айтып, дұға қылып, құтылуына тілектес болады. Солардың дұғасымен жарық болады деп, сіздер сықылды өз аралынан басқа жерге шықпаған, көрген-білгені аз, қараңғы жәһіл адамдар айтады» дегенде, оның сөзін бөліп, кеме иесі мысырлық біреу сөйледі, ол айтты:
– Бұ да дұрыс емес, күн құдай емес, һәм жалғыз ғана үндінің алтын тауын айналып тұрмайды. Мен суда көп жүрдім, Қаратеңізде жүрдім, Ғарабстан жағасында жүрдім. Мадағасқарда да, Филиппабда да болдым. Күннің жарығы жалғыз Үндістанға емес, жердің бәріне де түседі. Күн Жапонияның арғы жағынан шығады. «Жапон» деген сөздің өзі — күнтуыс деген сөз. Сонан шығып ағылшын аралдарының ар жағына барып батады. Мен мұны өз көзіммен талай көрдім, атамнан да естідім. Атам теңіздің ең шетіне шейін барған адам. Сондықтан мен күннің жайын жақсы білемін. Оның сөзін біз мінген кемедегі ағылшын матрос (кеме қызметкері) бөліп айтты:
Күннің қалай жүретін жайын біздің ағылшындардан артық ешкім білмейді. Біз ағылшын адамдары білеміз, күн еш уақытта тумайды да, еш жерде батып жатпайды да. Күн тоқтамай жерді айналады да жүреді. Біз осы жолы да жерді айналып келіп отырмыз. Күннің еш жерде қонып жатқанын көргеніміз жоқ. Жердің қай жағында да болса, Күн осындай тәңертең көрінеді, кешке таман тасаға түседі. Күннің жерді қалай айналып жүретін жайын баяндап түсіндірмек үшін таяқпен құмның бетін сызып шимайлап, қарап еді, түсіндіре алмады. Сонан соң, жанында отырған кеменің думаншысына қарап: мынау менен гөрі оқымысты еді, бұл дұрыстап түсіндірер,-деді. Думаншы есті адам екен. Енді жұрттың бәрі өтініп түсіндір деген соң сөйледі, ол айтты:
– Баршаңыздар біріңді-бірің адастырмақсыңдар! Һәм өздерің де алданудасыңдар! Күн жерден айналмайды, жер күннен айналады. Жер ұршықтай үйіріліп айналғанда жер үстінің бәрі де бірінен соң бірі күн жаққа қарайды. Жиырма төрт сағат ішінде жердің Күнге қарамайтын жағы жоқ. Жапонияда, Филифияда, бұл біз отырған Соматыра да күллі Африка да, Европа да, Азия да сөткесіне Күнге бір-бір қарап өтеді. Күн жарығы түсетін бір ғана тау емес, бір ғана арал емес, бір ғана теңіз емес, көп планеталарға да түсетін Күннің жарығы. Күн жалғыз маған ғана жарық болады деп я жалғыз менің отаныма ғана жарық болады деп, көзтарлық етіп, аяқтарың астынан қарамай, жоғары Күнге қарасаңдар осы айтқанның бәріне де әрқайсысың оп-оңай-ақ түсінер едіңдер.
Көп жүрген, көп қарап, көп көрген данышпан думаншыдан естіген сөзім осы еді қытай сөзін былай аяқтады:
– «Солай мырзалар! Күн турасында қандай адасу-алдану болса, құдай турасында да сондай адасу-алдану бар. Дін турасында адасу түбі намыстан, өзімшілдіктен. Әр адам Құдай өзімдікі, я Отанымдікі, я діндесімдікі болса екен дейді. Күллі дүниеге сыймайтын ұлығ тәңірін әр жұрт өзінің ғибадатханасына қамағысы келеді. Адамдар үшін құдайдың өзі жасаған ғибадатханасы жиһан. Оған адам салған ғибадатханалар қандай болғанымен жетер ме? Ғибадатханалардың үлгісін адамдар құдай жасаған дүниеден алмай қайдан алды? Ғибадатханаларға қарасақ, күмбездері бар, шамдары бар, су сауыттары бар, суреттері бар, жазылған мадақтары бар, шариғат кітаптары бар, шалатын құрбандары бар, құрбан шалатын орындары бар. Бірақ көктей салынған күнбез бар ма? Күндей, айдай, жұлдыздай шам бар ма? Теңіздей су сауыты бар ма? Жаны бар бір-біріне қарасқыш адамға жетерлік сурет бар ма? Тәңірінің ізгілігін сипаттайтын құдай өзі дүниеге шашқан нығметіне жететін мадақ сөзі бар ма? Адам жүрегіне жазып қойған құдайдың өз кітабындай шариғат кітабы бар ма? Жақын үшін жанын пида ететін ерлікке жететін құрбандық бар ма? Құрбандық қабыл болуына ізгі адамның шын ықыласы көңілінен артық орын бар ма?
Неғұрлым құдайды жоғары деп, биік деп, ұлық деп ұқса, соғұрлым жақсырақ танымақшы. Жақсырақ таныған сайын құдайға жақынырақ болмақшы. Жақын болудың мағынасы: Рахметін көріп, рақымды болмақ. Біреудің көзі соқыр, біреудің көңілі соқыр. Көзі соқыр жарықты көрмей, жарық жоқ дер, яки күнге көзі жетпей, көріп отырған шамын күн деп білер. Көңілі соқыр хақтықты айырып, құдайды танымай, құдай жоқ дер, яки қолына ұстап, көзімен көріп отырған ағашын құдай деп білер. Қай соқырлық та болса кемшілік. Бірақ соқырлығының бейнетін әркім өзі көреді. Көзің соқыр деп қорлау жөн бола ма? Көңілің соқыр деп қорлау да жөн емес».
Канфуций жолындағы қытай осылай деді. Дін артықшылығына таласып кофехананы басына көшіріп, дулап-шулап отырған жұрт таластарын тастап, жым-жырт болды.
Бұл сөз адам баласының бәріне ағайыншылық көзбен қараған рустың ұлығ философы Толстой сөзінен алынды. Ол Бернарден Десан Пиер дегеннің сөзінен алған екен. Басқалар да Толстой көзімен қараса, осы күнгі Балқанда судай ағып, төгіліп жатқан қанға орын болмас еді.
Ә.Б.
1913 ж. «Қазақ» газеті №2 саны
Дереккөз: islam.kz