Тәуелсіздік – ата-бабаларымыздың асыл арманы! 1175

Тәуелсіздік – ата-бабаларымыздың асыл арманы!

15 желтоқсан 2021 861 Оқу 1 минут

Отанды сүю – ерекше бақыт, ал оның аптабына күйіп, аязына шыдау әркімге бұйыра бермейтін бөлек дүние. Оның жолында оза шапсаң да, шоқтай жансаң да, жанып жатып арманда қалсаң да жарасады. Бұл – ата-бабаларымыздың асыл арманы. 

Біз тәуелсіздікті бабалардың нақылымен, халқымыздың парасатты ақылымен алдық. Тәуелсіздік – тарихтың толқыны, шайқалмай, уақыттың соққысын байқамай өз бетінше тұратын тұғыр ғана емес, оны қолда ұстап тұратын тек шарболаттай шындалған рух, наркескен жаңашыл мінез, арайлы ақ таң үшін күрес. Міне, мәңгілік жасайтын елдің өмірлік ұстанатын кепілі – осы. Мыңжылдықтар тоғысар тұста тәуелсіздік таңын көру бақыты бүгінгі қазақстандықтардың пешенесіне жазылды.

Тәуелсіздік жылдары дін мамандарын дайындайтын 1 университет, 9 медресе мен 6 қарилар дайындау орталығы ашылды. Еліміздегі 9 медреседен түлеп шыққан 2769 шәкірт қазіргі кезде діни қызметте.

Тәуелсіздік жылдары «Зекет және қайырымдылық» қорының ұйытқы болуымен 503 отбасыға үй берілді.

2003, 2006, 2009, 2012, 2015, 2018, 2021 жылдары Елордада өткен Дүниежүзілік және дәстүрлі дін басшыларының съездері тәуелсіз Қазақстан тарихында ғана емес, әлемдегі аса ірі халықаралық іс-шаралардың бірі болды. Дүниежүзілік және дәстүрлі дін басшыларының съезі Қазақстанның дінаралық сұхбат үдерісіне қосқан қомақты үлесі болды және төзімділік, өзара түсіністік пен ынтымақтастық қағидаттарын нығайтуда әлемдік қауымдастықтың алдында айрықша орын алды.

Халқымызда «Егеменді ел көрікті, бетегелі бел көрікті» деген нақыл сөз бар. Аллаға шүкір, Тәуелсіздігіміздің арқасында мешіттеріміз ашылып, медреселеріміз бой көтерді. Құрбан айт құрметіне демалыс жарияланып, құлшылық жасауға еркіндік алдық. «Тәубенің зоры – Тәуелсіздік» деген тәлімді сөздің тағылымы осында жатса керек.

Тәуелсіздік – Алланың халқымызға берген ұлы сыйы, баға жетпес байлығымыз. Жаратушы Иеміздің ұлы нығметіне шүкір етіп, тәуелсіздікті сәт сайын қорғау, қастерлеп, аялау - еліміздегі әрбір азаматтың адамгершілік борышы. Осынау нығметтің қадіріне жетіп, тәуелсіздігімізді баянды ету – баршаға ортақ іс, абыройлы міндет. «Отан үшін күрес – ерге тиген үлес», – дейді халық даналығында. Бірде сахаба пайғамбарымыз Мұхаммедтен (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Расулалла, ең абзал амал не?» – деп сұрағанда, Алла Елшісі: «Шекараны, Отанды қорғау үшін бір күн, бір түн күзетте тұру…» деп жауап берген. Ал асыл дініміздің ізгі ғұламалары: «Отанды сүю – иманнан», – деп парасатты пікір айтқан.

Алла Тағала Тәуелсіздіктің қадірін білген, ізгілік пен имандылықты ту еткен жастарымыздың қатарын көбейтіп, баршамызға ел игілігі үшін еңбек етуді нәсіп еткей! Отбасыларыңызға амандық, жұмыстарыңызға береке, мықты денсаулық тілеймін!


Серікжан ЕНШІБАЙҰЛЫ

Ақтөбе облысының Бас имамы