КІСІ ҚАЙТҚАН ҮЙДЕ НЕГЕ АЙНАНЫҢ БЕТІН ЖАБАДЫ? 3077

КІСІ ҚАЙТҚАН ҮЙДЕ НЕГЕ АЙНАНЫҢ БЕТІН ЖАБАДЫ?

29 қазан 2023 339 Оқу 1 минут

Бұрыннан білеміз, үйде адам қайтыс болғанда мәйіт жатқан бөлменің барлық айнасының бетін жауып тастайды. Себебі қазақ халқында «мұндай кезде айнаны ашық қалдыруға болмайды» деген түсінік бар. Әлбетте мұның да бір негізі бар шығар.

Біріншісі, кейбіреулер айнадағы көріністі те сурет деп есептейді. Ал дінді мықтап ұстанған мұсылман барынша үйінің ішіне ит алып кірмеуге, үйдің қабырғасына сурет ілмеуге тырысқан. Өйткені Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ит жүрген және сурет ілінген үйге періштелер кірмейді», – деп одан қайтарды (Бұхари). Шынында, періштелер – Құдайдың таза, құрметті жаратылысы. Демек періште бар жерде қауіп-қатердің, қорқыныштың болмауы ақиқат.   

Екіншісі, шариғатта құлшылық кезінде алдында және жанында тұрған суретке қарау мәкруһ саналады. Себебі оны суретке қарап ғибадат етуге теңестіреді («Фатху бәбил ғиная», 1/445). Мәйіт жатқан бөлмеде зікір, дұға оқылуы мүмкін. Ішінде намаз оқылмаса да, бірақ оған намаз оқитын бөлме секілді қарайды.

Үшіншісі, бүгінде адамдар айнаны, көбіне үйге сән үшін қойып жатады. Ал мәйіт жатқан бөлмедегі айнаны жабудағы мақсат та – адам кіргенде ақыретті еске түсіріп, өлімнен ғибрат алатын мекенге айналдыру.   

Төртіншісі, әдетте адам баласы айнаға өзінің шырайын, бетіндегі дақты, бояу мен әжімді қарау үшін қолданады. Айнаға көзі түскен адамның ойы бірден соған ауысуы мүмкін. Сондықтан мұндай кезде айнаның ашық тұруы орынсыз болады деп есептеледі.

Бесіншісі, адам баласы айнаға әр қараған кезде осы айна арқылы көрген бұрынғы кейіптер жадына түсе бастайды. Ал қараңғы уақытта немесе кенет қараған кезде айнада көрген бейнеден адам шошып қалуы мүмкін. Әлбетте мұндай жағдайлардың адам психикасына кері әсер тигізетіні анық. Сондықтан қайтыс болған адам (мәйіт) жатқан бөлмедегі айнаның бетін жабу – құптарлық іс әрі шариғатқа қайшы емес.


 Хасан АМАНҚҰЛ

«Мұнара» газеті, №4, 2023 жыл