ИСЛАМ ДІНІН ЖАЙҒАН САХАБАЛАР 3617

ИСЛАМ ДІНІН ЖАЙҒАН САХАБАЛАР

25 шілде 2024 21 Оқу 1 минут

Адамзаттың асыл тәжі болған ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) заманында өмір сүрген сахабалардың өмір сүрген ғасыры Ислам тарихында алтын ғасыр деп аталған. Себебі олар жеке басының күйбең тіршілігі үшін емес, дінді кеңінен тарату, насихаттау жолында, мұсылман үмбетінің болашағы үшін бар ғұмырын арнады. Шариғатты жұртқа ұғындырып, игі ұстанымдарын жасампаз дәстүрге айналдырды. Осылайша сахабалар тарихта өлшеусіз, өшпес із қалдырды. Бұл мақалада біз Ислам дінін жайған сахабаларды өмір сүру дәуіріне қарай екі кезеңге бөліп қарастырамыз. Әуелгісі – пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) кезінде ғұмыр кешкендер, екінші кезеңде – Алла елшісі дүниеден өткеннен кейін дін жолында еңбек еткен сахабалар.

«Сахаба» сөзі – араб тілінде «ас-сахабату», яғни «серік», «жолдас», «дос болу», «сұхбаттасу» сынды ұғымдардың көпше түрінен туындаған есім сөз. Терминдік жағынан алғанда Алла елшісін (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көру, онымен жүздесу немесе сұхбаттасу деген мағынаны білдіреді. Қысқаша айтқанда, Пайғамбармен сұхбаттасқан, яки оны өмірде көріп, амалдарына қарап иман келтірген әрбір мұсылман оның сахабасы саналады. Ал кейбір хадис ғалымдарының көзқарасы бойынша, Пайғамбарды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көріп, одан бір хадис немесе бір сөз жеткізген адам ғана сахаба атанады.

Дегенмен көпшілік ғалымдардың көзқарасы бойынша, сахаба болу үшін балиғатқа толу шарт емес. Бірақ кішкентай сәбилер Пайғамбарымызды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көрсе де, сахаба болып есептелмейді. Яхия ибн Осман ибн Салих әл-Мысридің жеткізуінше, Пайғамбарымыздың дәуірінде өмір сүрген әрбір мұсылман оны көрмесе де, сахаба саналады. 

Сонымен қатар Ислам тарихындағы мүһәжірлер де, ансарлар да сахабалар қатарына жатады. Мүһәжір дегеніміз – Мекке қаласынан қоныс аударғандар, ал ансарлар «мәдиналық жәрдем беруші» деген мағынаны білдіреді. Яғни мүһәжірлер – Меккеден Мәдинаға көшіп келген сахабалар. Олар өз туған өңірінде әділетсіздікке және надандықтан туған соқыр сенімге бойұсынбағаны үшін адам төзгісіз азап көрді. Жүрегіндегі иманын сақтап қалу үшін Мәдинаға қоныс аударуға мәжбүр болған оларға ансарлар қонақжайлық танытып, бас сауғалап келген мұсылмандарға баспанасын, ас-суын бөлісті. Демек ансарлар – Алла елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қолдау көрсеткен ізгі жандар, ардақты Пайғамбарымызды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сағынып, күтіп алған кеңпейіл жұрт. Тіпті олар Ясриб қаласының атауын «Мәдинату Расулалла» (Пайғамбар қаласы) деп өзгертті.

Құранда Алла Тағаланың сахабаларға разы болғаны жайлы мынадай аят бар: «Мүһәжір, ансарлардан алғашқы иман келтіргендер және жақсылықта соларға ергендерге Алла разы, олар да Аллаға разы болды. Алла олар үшін ішінде мәңгі тұрақтайтын, астынан өзендер ағатын жәннат дайындады. Міне, нағыз үлкен бақыт, үлкен жетістік – осы» («Тәубе» сүресі, 100-аят). 

Сахабалар арасында қара қылды қақ жарған әділ, сөйлесе сөздің майын тамызатын шешен, ділмәр кісілер де болған. Дегенмен олар асыл сөздің зергері, ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сөйлегенде, оны зейін қойып тыңдап, сілтідей тынатын. «Оның құзырында басымызға құс қонғандай аса сақтық танытып, әрбір сөзіне мұқият ден қоятынбыз», – дейтін (Бұхари, Әбу Дәуіт).

Әбу Бәкір Сыддық, Омар ибн Хаттаб, Әбу Зәрр әл-Ғифари (оларға Алла разы болсын) сынды сахабалардың мәртебесі тақуалығымен биік еді. Әрине барлық сахабалар өте тақуа, аса ғибадатшыл болды. Мәселен, Әбу Һұрайра (оған Алла разы болсын) түннің толық бөлігін құлшылық етумен өткізетін. Түннің алғашқы бөлігінде – өзі, түн ортасында – әйелі, таңға жуық қызы үздіксіз ғибадат жасайтын. Әрдайым бір-бірін оятып, Аллаға деген мінәжатын тоқтатпайтын.

Жомарттығынан танбаған Әбу Бәкір (оған Алла разы болсын) бірде мұсылмандарға қаржылай көмек беру үшін бар дүниесін Пайғамбарымызға алып келеді. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Әбу Бәкір! Бала-шағаңа не қалдырдың?» – деп сұрағанда, жомарт Сыддық: «Бала-шағама Алланы қалдырдым», – деп, Жаратушы пендесін несібесіз қалдырмайтынына сенімі кәміл екенін көрсетеді. 

Сонымен бірге сахабалар «Жәннатпен сүйіншіленген ондық», «Құран аяттарын жазушылар мен сақтаушылар», «Бәдір шайқасына қатысушылар», «Ухуд шайқасына қатысушылар», «Фақиһшылар» деген сынды деңгейлерге де бөлінді. Сахабалардың әрқайсысы қабілет-қарымына қарай діннің өркендеуіне өз үлесін қосты. Мәселен, хадис риуаят етуде Әбу Һұрайраның, Әнастың, Абдулла ибн Масғудтың, Абдулла ибн Аббастың, Абдулла ибн Омардың есімдері көбірек аталса, ал ел басқаруда Әбу Бәкір, Омар, Осман және Әли сынды сахабалардың аты тарихта қалды. Батырлық, қолбасшылыққа келгенде, Халид ибн Уалид, Әбу Убайдулла ибн Жаррах, Әли ибн Әбу Тәлібтер ешкімге дес бермеген.

Әбу Һұрайра (оған Алла разы болсын) риуаят еткен хадисте: «Менің сахабаларыма тіл тигізбеңдер! Менің сахабаларыма тіл тигізбеңдер! Менің жаным оның билігінде болған Алламен ант етемін! Сендердің біреуің Ухуд тауындай алтын жұмсаса (садақа етсе) да, олардың істеген қызметіне жетпейді, тіпті жартысына да», – деп айтылған.

Хазіреті Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дәуірінде мұсылмандар күнделікті тіршілік пен құлшылық және әлеуметтік мәселелер жайлы сауалдарын тікелей Пайғамбардан сұрайтын. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қайтыс болғаннан кейін Ислам дінін тарату үшін көрші мемлекеттерге ұстаз ретінде қаншама сахаба жіберілді. Олар ақиқат дінді үйретумен қатар, жергілікті тұрғындар қойған сұрақтарға әуелі Алланың кітабы Құраннан, болмаса хазіреті Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінен жауап беретін. Ал одан таба алмаса, өздері ижтиһад (ақыл ойға сүйеніп, шариғат шеңберінде үкім беру) жасап, пәтуа беріп, мәселені шешіп отырды. Сахабалар бұлай етуде мына хадиске сүйенді: «Бірде хазіреті Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Муаз ибн Жәбәл есімді сахабасын Йемен еліне әкім етіп жібермек болады да, одан: «Бір мәселе шықса қалай үкім бересің?» – деп сұрайды. Муаз: «Әуелі Алланың кітабымен», – деп жауап береді. Хазіреті Пайғамбар: «Егер мәселені одан таба алмасаң ше?» – дейді. Ол: «Алла елшісінің сүннетінен іздеймін», – дейді. Хазіреті Пайғамбар тағы да: «Одан да таппасаң ше?» – деп сұрайды. Муаз бұл жолы: «Ондай жағдайда өз ойымнан пәтуа беремін», – деп жауап береді (Термизи).

Хадис шәріптерді риуаят етуде әйел сахабалардың да, табиғиндердің де қосқан үлесі аз болған жоқ. Айталық Ахмет ибн Ханбәл «Мүснәд» атты еңбегінде алғашқы кезеңде Алла елшісінен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тікелей хадис жеткізген ұзын саны 122 әйел болғанын жазған. Ал табиғин кезеңінде хадис риуаят еткен 95 әйелдің аты аталған. Әлемнің әр пұшпағында, қала берді біздің даламызда да сахабалардың ілкімді ізі сайрап жатыр. Бұлай дейтініміз, қасиетті Мекке, Мәдина қалаларында жерленген сахабалар санаулы. «Ал қалғаны қайда?» деген заңды сұрақ туындауы мүмкін. Олар Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) аманатын орындау үшін дүниені аралап, жаһанды шарлап, асыл дінімізді таратты. Саңлақ тұлғаларымыздың қазақ даласына да еңбегі сіңді. Жанқияр рухты есіл ерлер, айбоз сахабалар, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адамзатқа ұсынған игі дәстүрін, тура жолын жүзеге асыру әбден мүмкін екенін іс жүзінде дәлелдеп, үлгі-өнеге көрсете білді.

Соның бір көрінісі ретінде қазақ халқының да Ислам дінімен таныс болғанына мың екі жүз елу жылдан астам уақыт өтті. Содан бері салт-санасы, әдет-ғұрпы, әдебиеті мен мәдениеті мұсылмандыққа бейімделіп, Ислам діні халық ділімен біте қайнасып, ұлттық болмыстың ажырамас бөлігіне айналды. Ислам шариғаты дұрыс ұғымдарды, ізгілік құндылықтарын бекітіп, адасушылықты тоқтату үшін келді. Сондықтан мұсылман халықтарының дәстүрін елеп-екшейтін басты безбен шариғат болып саналады. Халық ұстанған дұрыс әдет-ғұрыптар Ислам заңнамасындағы құқықтық нормалардың бастауларының біріне айналды.

Қазақ халқы бір Алладан басқа тәңір жоқ екенін мойындап қана қоймай, Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбардың үмметіне лайық кемел мұсылман болуға ұмтылды. Орта ғасырларда қазақ даласынан Ислам әлеміне ғана емес, күллі ғаламға аты мәшһүр мұсылман ғалымдардың шыққаны – жоғарыдағы сөзімізге дәлел. Ислам қазақ жеріндегі ортағасырлық қалалар мен қорғандардың, қамалдар мен кенттердің іргетасын нығайтып қана қоймай, өзге де шаһарлардың негізі қалануына ықпал етті. Исламды уағыздайтын мешіттер мен медреселер, ғылым-білім ошақтары бой көтерді. Мысал ретінде Отырардың шығысындағы Сайрам, Манкент, Тараз, Түймекент, Құлан, Меркі, Баласағұн, Шу қалаларының және Сыр бойындағы Сүткент, Яссы (Түркістан), Қарнақ, Сауран, Иқан, Қауған, Өзкент т.б шаһарлардың жанданғанын атап өтуге болады. Сонымен қатар сайын даламызда көптеген көне жәдігердің табылуы, Орталық Азияда бірнеше ғасыр бойы ғылым мен білімнің тілі араб тілі болуы саңлақ сахабалардың ізі екені анық.

Қорыта айтқанда, сахабалар – Алла Тағалаға пайғамбарлардан кейінгі ең жақын адамдар. Өйткені оларды ең соңғы хақ Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзі тәрбиеледі. Алла елшісі сахабалардың жүрегі мен рухын кірден тазартты. Жаратушы Иеміз олардың баршасына разы болсын!

 

Кенжетай ДҮЙСЕНБАЙ,

Бас мүфтидің кеңесшісі

«Иман» журналы, №5, 2024 жыл