Халықаралық конференцияға Ақтөбе өкілдігі қатысты
Бүгін Елордада ҚМДБ-ның ұйымдастыруымен Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «Тәуелсіз Қазақстан және Ислам құндылықтары» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Халықаралық конференция Құран оқумен басталып, Тәуелсіздік жылдарында Діни басқарманың атқарған қызметі жайлы бейнеролик көрсетумен жалғасын тауып, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының мерекелік құттықтауымен ашылды.
ҚМДБ Төрағасы конференцияға қатысып отырған мүфтилерге, мәртебелі елшілерге, зиялы қауым өкілдеріне ризашылық ниетін жеткізіп, тәуелсіздіктің қадірі мен бейбітшіліктің берекесі жайлы баяндама жасады.
Атаулы жиынға ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Түркия Республикасы Дін істері басқармасының төрағасы Али Ербаш, Ресей Федерациясы мұсылмандары діни басқармасының және мүфтилер кеңесінің төрағасы Равил Гайнутдин, Өзбекстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Нуриддин Холикназаров, Қырғызстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Замир Ракиев, Тәжікстан Ислам орталығы Ғұламалар кеңесінің төрағасы Саидмукаррам Абдукодирзода, Моңғолия мұсылман ұйымдары одағының төрағасы Батырбек Хадыс, Ресей Федерациясы Алтай Республикасы мұсылмандары діни басқармасының бас мүфтиі, Ресей Азия бөлігі мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Жанболат Охтаубаев, Ресей Федерациясы Омбы және Омбы облысы мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Бота Бакулин, сонымен қатар мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, тарихшы ғалымдар, шетелдің еліміздегі өкілетті елшілері, өңірлердегі бас имамдар қатысты.
Одан өзге халықаралық конференцияда Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының жетекшілігімен жарық көрген «Толық адам» ғылыми-теологиялық талдау кітабының және «Ихсан – основа духовного воспитания» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі