Ақтөбе облысында 70-ші мешіт ашылды (ФОТО)
Бүгін қасиетті жұма күні Алладан сауап үміт еткен жомарт жандардың демеушілігімен Ақтөбе облысы, Мәртөк ауданы, Родников ауылында яғни облыстағы 70-ші жаңа мешіт халық игілігіне берілді.
Ауылдық мешіт жергілікті кәсіпкер ағалы-інілі Данияр мен Арман Телевтердің демеушілігімен, туған жерінде 2021 жылдың көктемінде сыйымдылығы 150 адамды қамтитын ғибадат ордасының қазығы қағылып, күндердің сұлтаны жұмада Ақтөбе облысының Бас имамы Серікжан Еншібайұлы, облыстық дін істері басқармасының басшысы Әлімбек Тұралиев, облыстық "Нұр Ғасыр" мешітінің наиб имамы Алмат Әли, Мәртөк ауданының әкімі Алмас Салықбаев және ақсақалдар, аудан имамы Зарлық Ералин, қала және ауыл тұрғындары қатысуымен ашылды.
Алланың үйінің ашылу лентасын облыстың Бас имамы қиды. Салтанатты шара облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы Алмат Әли Құран оқуымен ашылып, облыстың Бас имамы батасын жасады. Ал шара барысында құрметті қонақтар рет-ретімен сөз алып, жүрекжарды лебіздерімен бөлісті. Көпшіліктің қуанышымен бөлісуге арнайы келген облыстың Бас имамы: "Құрметті Родников ауылының тұрғындары! Бүгінгі жер бетіндегі ең қасиетті ең таза мекен Алланың үйінің ашылуы баршаңызға құтты болсын! Осы мешіт ел халыққа игілік сыйлаған, тазалық пен туралыққа шақырған,тақуалардың мекені болуды Алла Тағала жазсын!
Мешіт салу – Алла Тағаланың сүйген құлдары пайғамбарлар шұғылданған қасиетті іс. Алла Тағала қасиетті Құранның "Тәубе" сүресінің 18-аятында: "Алланың мешіттерін шынайы түрде Аллаға иман келтіріп, ақырет күніне сенген, намазды толық орындаған, зекет берген және Алладан ғана қорыққан кісі тұрғызады. Міне, солардың тура жол табушылардан болулары үміт етіледі", – деп айтқан Сондай-ақ Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): "Кімде-кім Алла үшін мешіт салса, Алла Тағала оған тура сондай етіп, жәннатта бір үй тұрғызады", – деген имам Бұхари, Муслим.
Жаңа мешітіміз әр уақытта елдің игілігіне, ұрпағымыздың иманды, салиқалы болуына қызмет ететін жамағаттары көп мешіттердің бірі атануына тілектеспіз" -деп құттықтай келе, аталған ғибадат үйінің салуына демеушілік танытқан Телевтерге ерекше алғысын білдіріп, алғыс хат табыстады. Одан өзге құрметті қонақтардың бірі, облыстық дін істері басқармасының басшысы Әлімбек Тұралиевте ақ жарма тілегін айтты.
Шара қортындысында Серікжан Еншібайұлы жастарға имандылық тәрбие беріп, асыл дінімізді насихаттайтын құтты мекенге айналса деген ниетте мешітте арнайы алдырған хадияны тарту етті.
Ақтөбе облыстық орталық "Нұр Ғасыр" мешітінің баспасөз қызметі