Х республикалық байқаудағы қарилардың реттік нөмірі анықталды 940

Х республикалық байқаудағы қарилардың реттік нөмірі анықталды

11 қазан 2021 217 Оқу 1 минут

Бүгін Түркістан қаласындағы «Қожа Ахмет Ясауи» мешітінде Х республикалық «Құран Кәрімді жатқа және мәнерлеп оқу» байқауының жеребе тарту рәсімі өтіп, қарилардың реттік нөмірі анықталды.

Айта кетейік, жарысқа Ақтөбе өкілдігі атынан толық Құраннан Бекзат Тасболатов, 20 парадан Хабибулла Раушан, 10 парадан Нұргелді Мұздақбай, мәнерлеп оқудан Бекжан Дәуренбекұлы қатысып, додада бақ сынайды. Сәттілік серік болып, Алла жар болсын!
Жеребе тарту рәсіміне ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Батыржан Мансұров, Қажылық бөлімінің меңгерушісі Жәнділлә Бекжігіт пен «Muftyat» баспасының директоры Мұрат Манапұлы, сондай-ақ байқауға төрелік ететін танымал қарилар Данияр Жұмабаев, Ерсін Әміре және Жұманазар Садырханов қатысты.

Екі күнге жалғасатын байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен 74 үміткер қатысқалы отыр. Аймақтық іріктеу кезеңдерінен оқ бойы оза шапқан сайыскерлер 4 аталым, яғни, Құран Кәрімнің 10, 20 және 30 парасын жатқа оқу, сондай-ақ, мәнерлеп оқу бойынша бақ сынамақ. Ал бүгінгі рәсім барысында үміткерлердің реттік нөмірі белгілі болды. Қарилар байқауы Түркістан қаласының «Конгресс Холл» мәдениет кешенінде еліміздегі пандемияға байланысты сақтық шараларын сақтай отырып өтеді және жалпы жұртшылыққа Діни басқарманың «Munara TV» телеарнасы мен «Муфтият ҚМДБ» YouTube-арнасынан, сонымен бірге @muftiyatkz инстапарақшасынан тікелей көрсетілім ұсынылады.

Жеребе тарту рәсімінде үміткерлерге жарыс ұйымдастырушылары пандемияға байланысты байқаудың қалай өтетінін баяндап, сақтық шараларын ескеруді сұрады.