Бекжан қари Әлденов: Х Құран жарысы жоғары деңгейде өтуде
Бүгін Түркістан қаласындағы «Конгресс Холл» мәдениет кешенінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен Х республикалық Құран Кәрімді жатқа және мәнерлеп оқудан байқау басталды.
74 үміткер қатысып жатқан байқауда 10 парадан Ақтөбелік Нұргелді Мұздақбай алғашқы болып бастады.
Дода туралы Ақтөбе қаласы, «Ақжар» қайырымдылық мекемесінің (қарилар орталығы) директоры Бекжан қари Әлденовтен пікір білген едік.
«Биыл қарилардың сапасы былтырғыға қарағанда жақсы, Құран жарысы жоғары деңгейде өтіп жатыр. Ұйымдастыру жағы өте жоғары деңгейде деп айтуға болады. Бұрын мынандай сахнаны шет елден көруші едік, қазір өзіміздің де елімізде керемет мүмкіндік сыйлап отырғандығы қуантады. Қариларымызға сәттілік серік болсын!
Биылғы Құран жарысында Ақтөбе өкілдігі атынан толық Құраннан Бекзат Тасболатов, 20 парадан Хабибулла Раушан, 10 парадан Нұргелді Мұздақбай, мәнерлеп оқудан Бекжан Дәуренбекұлы қатысады.
Бүгін 10 пара бойынша алғашқы болып Нұргелді Мұздақбай бастады. Одан кейін 20 парадан Хабибулла Раушан
шығып, керемет жауап берді. Сәлден соң мәнерлеп оқудан Бекжан Дәуренбекұлы шығады. Біздің қатысушылардың дайындығы жақсы. Сүйінші хабар жеткіземіз деген үміттіміз» - дейді Бекжан қари Амангелдіұлы.
Еске салсақ, Құран жарысы 2 күн өтеді.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі