26 Зул-Қағда
«Ерлігің ел есінде, мерген ару» атты тарихи-рухани сапар ұйымдастырылды (ФОТО) 4483

«Ерлігің ел есінде, мерген ару» атты тарихи-рухани сапар ұйымдастырылды (ФОТО)

09 мамыр 2025 252 Оқу 1 минут

Ақтөбе облысы өкілдігінде “Әйел-қыздар” секторының ұйымдастыруымен Ақтөбе, Хромтау, Ембі қалаларынан және Қобда аудандық "Шәріп молда мешітінің ақ жаулықты аналары мен қыз-келіншектері ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай ерлік пен рухты дәріптейтін сапарға барды. 

Тарихи рухани сапар барысында Ақтөбе қаласынан 60 шақырымда орналасқан Қобда ауданының Әлия ауылындағы “Әлия” патриоттық тәрбие беру облыстық орталығына атбасын тіреді. Жамағат бұл сапарды жүрекпен сезініп, ерлік пен имандылықты тоғыстырған тағылымды күн ретінде қабылдады.

«Әлия» музейіндегі әрбір жәдігер, әрбір сурет – батырдың ерлікке толы өмірінен сыр шертеді. Музей директоры Тупенова Бағдаш Абдіжамиқызы Әлия Молдағұлова туралы терең әрі байыпты ақпарат беріп, оның ерлігі мен өмір жолын жан-жақты таныстырды. Әлияның майдандағы жауынгерлік рухы мен батырлығының тарихын терең түсіндіре отырып, оның туған еліне деген адалдығы мен батылдығын айшықтады.

Сонымен қатар рухани сапар "Әлия" мешітінде жалғасын тапты.

Әлия мешітінде сектор жетекшісі Кенжегүл Кушкарова ел үшін жанын қиған барша батырлардың, сонымен қатар Әлия Молдағұлованың рухына Құран Хатым бағыштап, дұға жасап, кейін жамағатқа "Отанды сүю – иманнан" тақырыбында, ал "Шәріп молда" мешітінің ұстазы Баян Мұстахап, отансүйгіштік отбасыдан басталатыны туралы уағыз насихат айтты.

Мешіт асханасында Әлия ауылының жамағаты қонақжайлылық танытып, кеңінен дастархан жайып, қарсы алды.

Шараның жалғасы ретінде "Нұр Ғасыр" шәкірттері патриоттық өлеңдер оқып, Әлияның майдандағы ерлігіне арналған көрініс қойды. Бұл көрініс көрермендерге терең әсер қалдырып, жиналған жұртты ерлік рухымен сусындатты.

Жиналған қауым ұйымдастырушыларға ризашылығын білдіріп, "Әлия" мешітінің әйел жамағатына кішігірім сый-сияпат табыстады.

Бұл тағылымды сапар – тек бір күндік сапар емес, жүрекке із қалдырған рухани жол болды. Батырлар рухына тағзым етіп, Әлиядай арудың ерлігіне терең бойлаған жамағат жеңістің қандай құрбандықпен келгенін тағы бір мәрте сезінді. Жеңіс күні қарсаңында өткен бұл сапар – бейбіт өмірдің бағасын ұғындырып, елге деген сүйіспеншілікті нығайта түсті. Ерлік — елге аманат, Жеңіс — ұрпаққа мұра!Ерлігің ел есінде, мерген ару.

Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі