ЕКПЕ ЕГУ ИСЛАМҒА ҚАЙШЫ МА? 265

ЕКПЕ ЕГУ ИСЛАМҒА ҚАЙШЫ МА?

28 қазан 2020 122 Оқу 1 минут

Төлеби қажы ОСПАН,

ҚМДБ-ның Ақтөбе облысы бойынша өкіл имамы

Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с.) мүбәрак хадистерінің бірінде: «Кімде-кім таңертең «ажуа» құрмасынан жеті данасын жейтін болса, ол сиқырдан және уланудан аман болады», – деген. Хадисте құрманың уланудан қорғайтындығы, оның адам иммунитетін күшейтетін дәрумендерге бай екендігі баяндалған.

Тіпті, Пайғамбарымыздың өзі дәрумені мол құрманы аузымен шайнап, кішкентай нәрестелердің таңдайына жағатын болған. Бұл сүннет амал «тахник» деп аталады. Сол сияқты екпені де түрлі вирустардан сақтандыру үшін, адамның иммунды әлеуетін көтеру мақсатында егеді.

Вакциналық екпе егуге Ислам шариғаты қарсы емес. Мысырдағы әл-Азһар Ислам университеті жанындағы ғұламалар кеңесі, Ислам Конференциясы Ұйымына қарасты Ислам фиқһ кеңесі ғұламалары, Марокко мен Сауд Арабиясы корольдігінің ғалымдар кеңесі түрлі жұқпалы аурулардан сақтану үшін «вакцинациялық екпеге жүгінуге болады» деп пәтуа шығарған. Оған қоса, Сауд Арабиясы қажылық сапарына аттанатындардың өзін менингитке қарсы екпе алуға міндеттейді. Себебі, шариғат адамды шарасыздықпен сынамайды, керісінше, қауіптің алдын алуды бұйырады.

Халифа Омар (р.ғ.) өз заманында Шам еліне сапармен келе жатқан кезінде сол елдің оба ауруына шалдыққанын естіп, онда кірмей, «Пайғамбар (с.ғ.с.) бір жерде оба болса, ол жерден шығуға немесе кіруге рұқсат бермейтін» деп, кері оралады. Сол кезде сахабалар: «Әй, Омар! Бұл сенің Алланың тағдырынан қашқаның ба?» деп,  наразылық білдіреді. Сонда Омар (р.ғ.): «Алланың тағдырынан Алланың тағдырына қашамын», - деп жауап берген екен.

Демек, қандай да бір жамандықтың, мейлі ол кесел не қауіп болсын, оның алдын алу шаралары Аллаға тәуекел етпеу немесе тағдырға қарсы шығу болып саналмайды. Керісінше, пайғамбарымыз түйесін еркіне жіберіп қойып, «тәуекел етемін» деген кісіге, «түйеңді байлап қойып, сосын тәуекел ет» деген.

Алла бізді амандықтан ажыратпай, денімізге саулық бергей! Әмин!