МҰСЫЛМАН ДЕГЕН КІМ? 264

МҰСЫЛМАН ДЕГЕН КІМ?

28 қазан 2020 342 Оқу 1 минут

Төлеби қажы ОСПАН,

ҚМДБ-ның Ақтөбе облысы бойынша өкіл имамы

        Асыл дініміз – Ислам діні адам баласын ізгілік пен жақсылыққа, Алланың ақ жолына бастайды. Бұған мұсылмандардың бас кітабы – Құран Кәрімді оқып, Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) сүннеттерін мүлтіксіз орындап, күнделікті өмірінде басшылыққа алушылар әлдеқашан көз жеткізген, сенген, иланған.

        Дініміз – соңғы дін әрі жас дін. Соған қарамастан, оның тазалығын, шынайы табиғаты мен болмысын танып, ұстанушылар Әлем халқының төрттен бірін құрап отырғаны, көп сырды аңғартса керек. Мұсылмандар екі дүниенің де абыройын ойлап, соған орай іс-әрекет етеді.

        Елбасы Н.Назарбаев өзінің бір сұхбатында: «Исламға қатысты «экстремизм», «экстремистер» деп айтылып жатқан сөз жөн емес. Ислам – әлемдік ірі дәстүрлі дін. Бір жарым миллиардқа жуық халық мұсылман. Қарақшылық, кісі өлтірушілік, зорлық-зомбылық басқа дінді ұстанушылар арасында да ұшырасып жататын жағдай. Сондықтан біз мұны айырып айтуымыз керек. Ал, енді Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбарымыздан да, діннен де қалған ұстаным мүлдем бұлай емес. Мұсылманның діні ешуақытта соғыспен, қолына қару алып, біреуді өлтіруге, заңсыздыққа барып, мемлекеттің конституциялық құрылымына қарсы іс-әрекет етуге үндемейді. Егер халық мұсылмандықтың осындай нағыз таза – Құран жолымен жүретін болса, ол елде де, сол адамның өзіне де тек жақсылық әкеледі», - деген болатын.

        Шындығында, мұсылман адам пендешілікке тән қулық-сұмдық пен зорлық-зомбылық дегеннен бойын аулақ ұстайды. Мүмкіндігінше, ешкімнің де ала жібін аттамай, өсек пен ғайбаттан тартынады. Өйткені, оның неге апарып соқтырарын жақсы түсінеді. Сондықтан да кісі баласын ренжітпеуге, көңіліне тимеуге, тіпті, қатты дауыс көтеруге бармайды. Намазын қаза етпеуге тырысып, нәпақасын адал кәсіппен табуға әрекеттенеді. Қолынан келгенінше жоқ-жітікке қарайласып, қайырымдылық жасайды.

        Материалдық садақа жасауға шамасы келмесе, жанашырлық ақыл-кеңесін береді. Жасаған жақсылығын ешкімге де міндетсінбей, керісінше оны жасырын, елеусіз қалдыруға тырысады. Құранда: «Жақсылықта (Алла Тағалаға мойынсұнып, оның әмірлерін орындауда) жарысыңдар» (Бақара, 148) делінген.

        Ендеше, баршамызға мұсылмандық болмысымыздан ажырамай, мәнді де сәнді өмір сүруді Жаратқан Иеміз нәсіп етсін!