СӘРЕСІГЕ ТҰРУДЫҢ 8 ПАЙДАСЫ
Ораза ұстаған адамның таң атар алдында тамақтануын «сәресі» деп атаймыз. Сәресі ішу – мүстахаб (жақсы амал). Бұған қатысты Ислам ғалымдары бірдей көзқараста болған. Өйткені Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің қасиетті хадистерінің бірінде: «Сәресіге тұрыңдар, сәресіде берекет бар» деген. Біз осы ретте сәресіге тұрудың сегіз пайдасы туралы айта кетуді жөн көрдік.
- Сәресіде берекет бар. Таң сәрісі – мұсылман үшін берекелі уақыт. Өйткені бұл кезде шынайы ниетпен жасалған құлшылық пен дұға қабыл болады.
- Сәресі ішу басқа дін өкілдерінің оразасы мен мұсылман үмбетінің оразасы арасындағы айырмашылықты айшықтайды. Бұған байланысты Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Біздің оразамыз бен кітап иелерінің оразасының айырмашылығы – сәресіде» деген. Иә, мұсылманның таң алдында сәресіне тұрып тамақтануы – өзге дін өкілдерінде кездеспейтін көрініс.
- Сәресі ішкен адам Алланың рақымына бөленеді және періштелер сол адам үшін Алладан кешірім тілейді. Бұған байланысты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мынадай хадисін білеміз: «Сәресі тамағы – берекет. Бір жұтым су болса да, оны тастамаңдар. Өйткені сәресіде тамақтанғандарға Алла рақым етіп, оларға періштелер кешірім тілейді».
Осы хадиске байланысты ғалымдарымыз мынадай түсініктеме берген екен: «Бұл жердегі берекет айқын көрініп тұр. Өйткені адам сәресіде тамақ ішумен қуатты, белсенді болады және оразаға деген қызығушылығы артады. Міне, бұл «береке бар» сөзіне берілген дұрыс, қабылданған көзқарас. Сондай-ақ бұл қасиетті уақытта дұға жасалып, зікір айтылады. Бұл – Алланың мейірімі түсетін дұға мен истиғфар қабыл болатын уақыт. Осы уақытта тұрған адам дәретін алып, намазын оқып, таңның атуын күтіп, сауапқа кенеледі».
- Сәресі – ризық жинаудың орайлы сәті. Бұған қатысты Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген екен: «Таң намазын оқығаннан киін ризықтырыңды табудан қапы қалып, ұйықтамаңдар». Сәресіге тұрған адам құлшылығын жасап болған соң, ризық жинау үшін амал етеді.
- Сәресі ерте тұруға дағдыландырады. Халқымызда «Ерте тұрған еркектің ырысы артық, Ерте тұрған әйелдің бір ісі артық» деген жақсы сөз бар. Расында, ерте тұру адамның денсаулығы мен өміріне жақсы әсер етеді. Ерте тұрған адам күні бойы сергек жүреді. Ерте оянған адам сол күнге жоспарлаған жұмыстарын артығымен орындайды. Бұл кезде жаттығу жасауға, жеке жұмыстарды бітіруге үлкен мүмкіндік туады. Жасырып-жабары жоқ, біздің өміріміздің көп бөлігі ұйқымен өтуде. Көп ұйықтаған адам көп нәрседен құр қалатыны белгілі емес пе?..
Ерте ояну тәртіп пен жүйелі жұмыс істеуге көмектеседі. Кез-келген ұжымда жұмысқа ерте келген қызметкерді жоғары бағалайды. Жұмысына тиянақты, уақытын жүйелей алатын адам кез-келген ортамен тіл табысып, алдына қойған мақсатына қол жеткізері сөзсіз.
- Сәресі – Алладан кешірім сұрайтын сәт. Осы сәтте Алла өзінің Рақымды, Кешірімді сипатымен пендесінің дұғасын қабыл етіп, оның күнәсін кешіруі мүмкін. Алла Тағала таңсәріде дұға жасайтын пенделері туралы былай дейді: «Олар сәресі уақытында Алладан кешірім тілейді» («Зарият» сүресі, 18-аят).
- Сәресіге тұру денсаулықтың жақсаруына әсер етеді. Қазіргі таңда медицина мамандары таң атар алдында ұйқыдан ояну адам денсаулығына оң әсер ететінін айтуда. Бүгінгі заманның ғалымдары осылай деген болса, осыдан он төрт ғасыр бұрын Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сәресіге тұрыңдар, денсаулықтарың жақсарады» деп айтып кеткен.
- Сәресі тамағы ораза ұстаған адамға күш-қуат береді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сәресі ішу арқылы өзімізге көмектесу қажеттігін өсиет етіп кеткен. Сәресін ішкен адам күні бойы әлсіздік пен аштықты сезбейді. Сондықтан біз сәресіге тұру арқылы өзімізге көмектесуіміз керек.
Алла Тағала ұстаған оразамыз бен жасаған дұға-құлшылықтарымызды өз дәргейінде қабыл еткей. Әмин!
Алмас САҒИДОЛЛАҰЛЫ,
Жетісу облысының бас имамы
«Мұнара» газеті, №7, 2022 жыл