ДЕНСАУЛЫҚТЫҢ ҚАДІР-ҚАСИЕТІ
الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد
Жаратушымыз Алла Тағаланың адам баласына берген нығметтері өте көп. Ол нығметтерді санайтын болса, пенде атаулы есебіне жете алмайды.
Алла Тағала қасиетті Құрандағы «Нахыл» сүресінің 18-аятында:
وَإِنْ تَعُدُّوا نِعْمَةَ اللَّهِ لَاتُحْصُوهَا
«Алланың нығметін санасаңдар санына жете алмайсыңдар», – деп айтқан.
Осындай адам баласына берілген үлкен нығметтердің бірі – денсаулық нығметі. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
نِعْمَتَانِ مَغْبُونٌ فِيهِمَا كَثِيرٌ مِنَ النَّاسِ: الصِّحَّةُ وَالْفَرَاغُ
«Адамдардың көбі қадіріне жете бермейтін екі нығмет бар, ол – денсаулық және бос уақыт», – деген (имам Бұхари).
Денсаулық – адам баласы барында бағалай алмай, айырылып қалса таба алмай жататын баға жетпес байлық. Абыз би бабамыз:
Аяқ-қолдың қадірін ақсағанда білерсің,
Отыз тістің қадірін қақсағанда білерсің.
Қызыл тілдің қадірін тоқтағанда білерсің,
Білгеніңді сөйлеп қал, білгендерден ғибрат ал, – деп өсиет айтқан.
Халқымызда: «Денсаулық – зор байлық», «Бірінші байлық – денсаулық», «Байлық – байлық емес, денсаулық – байлық» дегендей нақыл сөздер өте көп. Бұл айтылған сөздерден ата-бабаларымыздың денсаулықты қаншалықты жоғары бағалағандығын, тіпті оны негізгі байлық деп танығанындығын түсінеміз.
Денсаулық нығметіне пенденің шүкірлігі тілмен ғана шүкір сөзін айту емес, оны күту, денсаулыққа зиян келтірмеу, пайдалы тағамдар жеу, денені шынықтыру сияқты істер де жатқызылады.
Адам баласының өмірдегі негізгі мақсаты құлшылық дейтін болсақ, сол құлшылықты орындауы үшін де денсаулық қажет. Мысалы, ораза ұстау, қажылыққа бару сияқты ұлы ғибадаттарды атқаруы үшін адамның денсаулығы жарамды болуы керек. Сол себепті дініміз Ислам адамға өз денсаулығына мән беруді және оны күтуге көңіл бөлуді талап етеді.
Мұсылман адам денсаулық нығметін сақтауы үшін мынадай амалдарға назар аударуы қажет:
Бірінші: Денсаулықты аманат деп білу
Денсаулық – Алла Тағаланың берген үлкен нығметі болуымен қатар, адамға жүктелген аманат деп танылады. Әркім ол аманатты бағалап, күтіп, оған зиян келтіруден сақтануы қажет. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бес нәрседен бұрын бес нәрсенің қадірін біл», – деген хадисінде:
وَ صِحَّتَكَ قَبْلَ سُقْمِكَ
«Ауырмай тұрып денсаулықтың қадірін біл!», – деп өсиет еткен.
Адам баласы ауруға душар болса, бұл өмірде тамақтану, сусын ішу, ойнап-күлу сияқты барлық зат өзінің маңызын жоғалтатыны белгілі. Сол себепті де даналардан: «Денсаулық – сау адамның басындағы тәж. Оны сырқат адам ғана көре алады», – деген сөз қалған.
Әл-Фараби бабамыз: «Адам денесінің жетілуі – оның денсаулығы; егер денің сау болса, онда оны сақтамақ керек, ал егер сау болмаса, онда денді сауықтыру керек», – дейді. Осыған орай денсаулықты аманат деп білу мынадай екі амалды қажет етеді:
- Денсаулықты күту. Ауру – зиянның алдын алмағандықтан, денсаулықты күтпегендіктен пайда болады. «Ауырып ем ізедегенше, ауырмаудың жолын ізде» демекші, адам баласы кез-келген сырқатқа себепші болатын, денсаулығына кері әсерін тигізетін істерден сақтануы қажет. Ал денсаулығын тиісті дәрежеде күтпеген адам ауруға өзі себепші болады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Юнус» сүресі, 14-аятында:
إِنَّ اللَّهَ لاَ يَظْلِمُ النَّاسَ شَيْئًا وَلَكِنَّ النَّاسَ أَنفُسَهُمْ يَظْلِمُونَ
«Расында Алла адамдарға еш зұлымдық етпейді. Бірақ адамдар өздеріне өздері зұлымдық етеді», – деп айтқан.
Хәкім Абай атамыздың: «Ауруды жаратқан Құдай, бірақ ауыртқан Құдай емес», – деп айтатындығы осыдан. Сол себепті де дініміз шариғи үкімдерді орындаудың өзінде адам денсаулығына зиян келмеуін ескерген.
Мысалы, намаз оқуымыз үшін ғұсыл дәретті әрі бой дәретті болуымыз міндет. Алайда, адам науқас болып, сумен жуынғанда дерті асқынып кететін болса, не қатты суық болғандықтан жуынғанда ауырып қалатындай жағдай болса, ол адамның тәяммум соғып, намаз оқуына болады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Ниса» сүресі, 43-аятында:
وَإِن كُنتُم مَّرْضَى أَوْ عَلَى سَفَرٍ أَوْ جَاء أَحَدٌ مِّنكُم مِّن الْغَآئِطِ أَوْ لاَمَسْتُمُ النِّسَاء فَلَمْ تَجِدُواْ مَاء فَتَيَمَّمُواْ صَعِيداً طَيِّباً فَامْسَحُواْ بِوُجُوهِكُمْ وَأَيْدِيكُمْ
«..Егер науқас болсаңдар немесе жолға шықсаңдар, сондай-ақ кім түзге отырып келсе, немесе әйелдеріңе жақындассаңдар, сөйтіп су таба алмасаңдар, таза жер қыртысымен тәяммум алыңдар: беттеріңе және қолдарыңа мәсіх жасаңдар», – деп айтқан.
Әмр ибн Ас (Алла оған разы болсын) былай дейді: «Зәт ас-Саласил шайқасының түні өте суық болған еді. Мен сол түні жүніптік жағдайға түсіп қалдым. Ғұсыл құйынсам құримын-ау деп қорықтым. От жағып, су жылытсақ жаудың көзіне түсетін болдық. Сөйтіп, тәяммум алып, бауырларыммен таң намазын оқыдым. Олар бұны Пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) білдірді. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) маған: «Уа, Әмр! Жүніп бола тұра достарыңмен намаз оқығаның қалай?» – деп сұрады. Мен оған мені ғұсыл құйынудан не тоқтатқанын хабарлап: «Расында, мен Алла Тағаланың:
وَلَا تَقْتُلُوا أَنْفُسَكُمْ إِنَّ اللَّهَ كَانَ بِكُمْ رَحِيمًا
«Өздеріңді өлтірмеңдер! Әлбетте, Алла сендерге мейірімді», –дегенін естідім» – дедім. Сонда Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) күлді де ешнәрсе демеді. Ал ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қандай да бір мәселе турасында естігенде күлуі немесе үндемеуі ол кісінің құптауын білдіреді.
- Сырқаттанған жағдайда уақытылы ем қабылдау. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
يَا عِبَادَ اللَّهِ تَدَاوَوْا، فَإِنَّ اللَّهَ لَمْ يَضَعْ دَاءً إِلاَّ وَضَعَ لَهُ شِفَاءً
«Уа, Алланың құлдары! Емделіңдер, себебі Алла қандай да бір дерт жаратқанда оның шипасын да қоса жаратқан», – деген (имам Әбу Дәуд).
Бір Алладан шипасын үміт ете отырып, қазіргі таңдағы дамып жатқан медицинаның қызметтерін пайдалану, сондай-ақ ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үйреткен емдік амалдарды орындау, қасиетті Құран мен хадистерде келген шипалық дұғаларды пайдалана отырып емделу сауапты әрі міндетті амал екенін білуіміз керек. Шәкәрім бабамыз «Мұсылмандық шарты» атты еңбегінде: «Не болса Алланың пәрменіменен болады. Ондайлар да (яғни балгер, тәуіптерде) түк қасиет жоқ. Бірақ оқып білген дәрігерге емдетпек сауап, обал емес. Пайғамбарымыздың хадисі: «Ей, Алланың құлдары, ауруларыңызды емдетіңіз. Алла Тағала дауасыз ешбір науқас жаратқан жоқ. Жалғыз кәрілік, ажалдан басқа», – деген. Бірақ дәрігер де анық жазады демейсің, Алла тағаладан шипасын кез қылар ма екен деп үміт қыласың. Пайғамбарымыз көзіне сүрме жағушы еді. Анда-санда қан алдырушы еді. Ішім тоқталды (яғни қатып қалды) деген кісіге бал ішіп, ішіңді өткіз деуші еді. Оқыған дәрігерлік жаман емес екенін осыдан біл, бірақ бұл айтқанымыз біздің бақсы – құшнаш емес соны жақсы ұғыңыз», – деп жазған.
Екінші: Дұрыс тамақтану
Халқымызда: «Ауру – астан, дау – қарындастан», – деп айтылған мағынасы терең сөз бар. Адам баласы денсаулығын сақтап, оған зиян келтірмеудің негізгі жолдарының бірі – жейтін асының дұрыс болуы. Алла Тағала қасиетті Құранның «Бақара» сүресінің 168-аятында:
يَا أَيُّهَا النَّاسُ كُلُوا مِمَّا فِي الأرْضِ حَلَالًا طَيِّبًا
«Уа, адамдар! Жер бетіндегі нәрселердің адалын әрі тазасынан жеңдер!» – деп бұйырған. Алла Тағала адал еткен ас түрлерінің барлығы денімізге де, тәнімізге де пайдалы, ал арам етілген астар денсаулығымызға да, руханиятымызға да өте зиян.
Атақты ғалым Ибн Касирден (Алла оны мейіріміне бөлесін): « Алланың адал еткенінің барлығы жақсы, ол оның денсаулығына және дініне оң пайдасын береді. Ал харам етілгеннің барлығы лас деп танылып, адамның тәні мен дініне зиян келтіреді», – деген сөз жеткен.
Ал дінімізде тыйым етілген доңыз еті, арақ, нашақорлық, шылым шегу сияқты істердің барлығы күнә әрі адам денсаулығына да өте зиян. Алла Тағала қасиетті Құранның «Мәйдә» сүресі, 90-аятында:
يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ إِنَّمَا الْخَمْرُ وَالْمَيْسِرُ وَالأَنصَابُ وَالأَزْلاَمُ رِجْسٌ مِّنْ عَمَلِ الشَّيْطَانِ فَاجْتَنِبُوهُ لَعَلَّكُمْ تُفْلِحُون
«Уа, иман еткендер! Ішімдік, құмар, тігілген тастар (пұттар) және бал ашатын оқтар лас, шайтанның істерінен. Одан сақтаныңдар, құтыларсыңдар», – деп бұйырған.
Адал мен арамның не екендігін тереңінен түсінген дана халқымыз асының адалынан болуына үлкен мән беріп, ас қоятын дастарханын да тазалықтың белгісі ретінде «Ақ дастархан» деп атаған. Бата бергенде де: «Басқа амандық, асқа адалдық берсін», – деп тілейтін болған.
Сондай-ақ асты белгілі өзіндік мөлшерде жеу, тым тоя тамақтанбау да дұрыс тамақтанудың сипаттарынан. Асқазанды артық толтыру адамға зиян. Ол артық салмақ қосуға себепші болып, оның салдары түрлі ауруларға жетелейтіні белгілі. Мәселен, артық салмақ қант диабеті, артрит, жүрек-қантамыр ауруларымен ауыру ықтималдығын жоғарылататынын қазіргі медицина ғылымы да дәлелдеуде. Сол себепті де ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
مَا مَلأَ آدَمِيٌّ وِعَاءً شَرًّا مِنْ بَطْنٍ، حَسَبُ ابْنِ آدَمَ أُكُلاتٍ يُقِمْنَ صُلْبَهُ، فَإِنْ كَانَ لا مَحَالَةَ، فَثُلُثًا طَعَامًا، وَثُلُثًا شَرَابًا، وَثُلُثًا لِنَفْسِهِ
«Адам өзінің толтыратын ыдыстарының ішінде қарнынан артық жаман ыдыс жоқ! Адамға өзінің денесін ұстап жүруі үшін бірнеше үзім тамақтан артығы керек емес, ал егер де көп жеуге мәжбүр болса, онда асқазанының үштен бірін тамаққа толтырсын. Оның үштен бірін – суға, ал қалған үштен бірін – жеңіл демалу үшін қалдырсын», – деген (имам Ахмад, Тирмизи).
Үшінші: Салауатты өмір салтын ұстану
Салауатты өмір салты дегеніміз – бұл ең әуелі денсаулықты сақтауға және нығайтуға бағытталған сауықтыру жолындағы белсенді іс-әрекет. Салауатты өмір салтын ұстануда әртүрлі аурулардың алдын алу үшін организмді үнемі шынықтырып, спортпен айналысудың маңызы зор. Себебі, шынығудың арқасында организм қоршаған ортадағы температураның күрт өзгеруіне бейімделеді және организмнің жұқпалы ауруларға қарсылығын жоғарлатады. Дене шынықтыру адам баласының тәнін ғана дамытып қоймай, рухани жақтан да тәрбиелейді. Өз нәпсісін жеңуге, өз денесін өзіне бағындыруға жәрдемдеседі.
Шейх Али әт-Тантауи спорт туралы ойын былай жеткізеді: «Уа, жастар! Дене шынығумен айналысуларың қажет. Өйткені, ол – қуат. Дене қуаты, ой ұшқырлығы, иман қуаты ер жігіттің көркемдігі. Спорт нәпсінің құлдығынан сақтайтын ең жақсы жол. Спорт – Алланың қойған парыздары мен білім үйренуден кейінгі ең абзал әрекет. Егер спорт харам нәрселермен байланыспаған болса, ол жастарға ең жарасымды уақыт өткізу шарасы болып табылады».
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) садақ ату, атқа міну, суға жүзу секілді кейбір спорт түрлерімен айналысуды насихат еткен хадистер де бар. Сондай хадистердің бірінде Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
كُلُّ مَا يَلْهُو بِهِ الرَّجُلُ المُسْلِمُ بَاطِلٌ, إِلا رَمْيَهُ بِقَوْسِهِ, وَتَأْدِيبَهُ فَرَسَهُ, وَمُلاعَبَتَهُ أَهْلَهُ, فَإِنَّهُنَّ مِنْ الْحَقِّ
«Мұсылман адам үшін үш нәрседен басқамен көңіл көтерудің барлығы жалған: садағын атуы, атын үйретуі, әйелімен ойнауы. Расында, олардың да хақы бар», – деген (имам Тирмизи).
Күреспен шұғылдану да ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетінде келген спорт түрлерінен. Ханафи мәзһабының үлкен ғалымы Ибн Абидин (Алла оны мейіріміне бөлесін): «Күрес бидғатқа жатпайды, өйткені ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Әл-Асуад әл-Жумаһи және Руканамен күрескен. Ол кезде, Рукана: «егер Пайғамбар жеңсе, Рукана Исламды қабылдайды» деп Алла Елшісіне шарт қойған. Сонда Алланың Пайғамбары оны үш рет қатарынан жерге жыққан», – деп жазған.
Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тәлімін көрген саңлақ сахабалар да әрдайым тән саулығына мән беріп, ұрпағына да салауатты өмір салтын ұстануды үйретіп, насихатын айтқан. Мысалы, хазіреті Омар (Алла оған разы болсын):
عَلِّمُوا أوْلاَدَكُمْ السِّبَاحَةَ والرِّمَايَةَ ورُكُوبَ الخَيْلِ
«Балаларыңа суда жүзуді, садақ атуды және атқа мінуді үйретіңдер», – деп өсиет айтқан.
Төртінші: Тазалыққа мән беру
«Тазалық — саулық негізі, саулық — байлық негізі», – демекші, адам баласына Алладан берілген баға жетпес нығметі денсаулықты бағалаудың және оны сақтаудың бірден бір жолы – айнала қоршаған ортамыз бен дене мүшеміздің тазалығына мән беру. Өйткені алуан түрлі аурулар, індеттер, оларды тарататын микробтар тазалықтың жоқтығынан, ластықтан өрбіп, өршиді. Сондықтан да денсаулықты аманат деп үйрететін асыл дініміз мүміндерге денесінің, киімінің, намаз оқитын жерінің әрдайым таза болуын бұйырады. Қандай да бір құлшылық жайындағы шариғат кітаптарын оқысақ, ең бірінші тазалық бабымен басталатынын байқауға болады. Өйткені намаз – діннің негізі болғандықтан, ол дәретсіз, яғни тазалықсыз орындалмайды. Алла Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) алғаш уахи түсірілген уақыттан бастап, Жаратушы Алла Тағала:
وَثِيَابَكَ فَطَهِّرْ
«Киіміңді тазала», – деп бұйыруының сыры осыдан (Муддассир» сүресі, 4-аят). Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзі де хадисінде:
الطُّهُورُ شَطْرُ الإيمانِ
«Тазалық – иманның жартысы», – деген (имам Муслим).
Иман – адамның басты құндылығы дейтін болсақ, тазалықтың иманның жаратысына теңелуінен оның адам үшін қаншалықты маңызды екенін түсінеміз.
Жалпы тазалық екі түрлі болады. Оның бірі – сыртқы тазалық болса, екіншісі – ішкі, жан дүниенің тазалығы. Дәрет алу, ғұсыл құйыну және тәяммум жасау сияқты намаз оқу үшін талап етілетін тазалық түрлері сыртқы тазалыққа жатады. Ал жан тазалығы – рухани тазалық. Абай Хәкім: «Иманның тазалығын жақсы ұқтырмай, сыртын қанша жуса да, іші оңбаған», – деп осыны меңзеген. Негізі сыртқы тазалық ішкі тазалықтан туындайды. Мұны бабаларымыз «Жаны саудың тәні сау» деп түйіндеген. Асыл дініміз Ислам осы екі тазалық түрін де сақтауға шақырады.
Мұсылмандық әдептегі тамақтанар алдын қолды жуу, тамақтанғанда не сусын ішкенде асықпау, тым тойып жемеу, тамақтан соң тағы қолды жуу, ұйықтар алдын төсектің үстін қағу, ұйқыдан тұрған соң қолду жуу сияқты істердің барлығы гигиенаны сақтап, адам денсаулығына зиян келмес үшін жасалатын амалдар. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әрдайым адамдарға осындай әдептілік қағидаларын үйретіп, әдептілікке һәм тазалыққа шақырып, тәрбиелеп отыратын.
Қадірменді жамағат!
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
الْمُؤْمِنُ الْقَوِيُّ خَيْرٌ وَأَحَبُّ إِلَى اللَّهِ مِنَ الْمُؤْمِنِ الضَّعِيفِ ، وَفِي كُلٍّ خَيْرٌ احْرِصْ عَلَى مَا يَنْفَعُكَ ، وَاسْتَعِنْ بِاللَّهِ وَلَا تَعْجَزْ
«Күшті мүмін, әлсіз мүмінге қарағанда қайырлы әрі Алла Тағалаға сүйікті. Алайда екеуінде де жақсылық бар. Өзіңе пайда әкелетін іске талпынып, Алладан жәрдем сұра әрі әлсіреме», – деген (имам Муслим).
Ендеше, жанымыздың да тәніміздің де саулығына аса мән берейік. Алла Тағала баршамыздың жанымызға қуат, денімізге саулық нәсіп етіп, қасиетті жұма күнгі дұға-тілектерімізді қабыл еткей!