ӘРБІР МАСАҚТА - ЖҮЗ ДӘННЕН 418

ӘРБІР МАСАҚТА - ЖҮЗ ДӘННЕН

23 желтоқсан 2020 197 Оқу 1 минут

Құран Кәрімде «Мал-дүниелерін Алла жолында жұмсағандардың мысалы – жеті бас масақ шығарған бір түйір дән тәрізді, әрбір масақта жүз дәннен бар. Әрі Алла қалағанына еселеп, арттырып береді. Алла – берекесі Кең, бәрін Білуші[1]» деген аят бар.Бұл адам ақыл-санасына түсінікті болу үшін бейнелеп, мысал ретінде жеткізілетін аяттардың бірі.

Аталмыш аят қос сахаба Осман бин Аффан мен Абдрахман бин Ауфқа (Алла оларға разы болсын) қатысты түскен. Табук жорығына қамданып жатқан кезде әскерді қамтамасыз ету үшін қаражат қажет болады. Сонда, Абдрахман бин Ауф төрт мың ақша алып келеді де: «Уа, Алла елшісі! Менің сегіз мың ақшам бар еді. Төрт мыңын бала-шағама алып қалдым, ал қалған төрт мыңын Алла жолына алып келдім», - дейді. Сонда, Пайғамбар (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Алла Тағала алып қалған қаражатыңа да, берген қаражатыңа да береке берсін», - дейді. Ал Осман болса: «Уа, Алланың елшісі! Мен керек-жарағы жоқ әскерді жабдықтауды мойныма аламын», - дейді. Міне, сонда осы аят уахи етілген екен.

Аяттағы «Алла жолында жұмсағандардың» деген тіркес сөзді Сағид бин Жабир «Аллаға құлшылық жолында», Макхул «Алла жолында күреске», ал Ибн Аббас «Алла жолында күрес пен қажылыққа жұмсалған қаражат жеті жүз есеге дейін көбейеді» деп тәпсірлеген. Десе де, бұл аят барлық жақсылық атауын қамтиды. Әбу Һурайра (р.а.) риуаят еткен құдси хадисте былай деп келеді: «Алла Тағала: «Менің құлым бір жамандық (күнә) істемек болса, оны істемейінше жазбаңдар. Егер істесе, істегені мысалындай етіп жазыңдар. Ал егер Менің разылығым үшін тәрк етсе, бір сауап жазыңдар. Ал егер, бір жақсылықты (сауап істі) қалап, оны істемесе, бір сауап жазыңдар. Ал істейтін болса он еседен бастап жеті жүз есеге дейін сауап жазыңдар[2]», - дейді екен.

Яғни, бұл аятта жақсылыққа жұмсалған қаражаттың жерге егілген дән сияқты жеті масақ боп өсіп, әр масағында жүз дәннен өніп шығатыны айтылуда. Әрине, бұл орайда ниет пен ықыластың маңызы зор. Ниеті мен ықыласына байланысты сауабы да оннан бастап жеті жүзге дейін еселеніп беріледі. Бұл орайда, берушінің иманы, ықыласы, жақсылығы, берген затының қаншалықты пайдалы болуы, мөлшері және керекті жеріне жетіп баруы ескеріледі.

Демек, бұл аяттан бірнеше ғибратты байқауға болады, олар:

   1. Дәннен егін өсіп шығатыны сияқты Алла Тағала ізгі амалдың сауабын еселеп береді;

2. Аятта мысал етілген егіншілік адамдар үшін ең жақсы әрі пайдалы кәсіптердің бірі;

3. Алла жолында қайырымдылық жасаудың сауабы жеті жүзге дейін өседі;

4. Әрбір амалдың маңызды тұсы – адамның ықыласы;

5. Аяттағы дән – тәннің азығы болса, мақсат етілген қайырымдылық жасау амалы – жүректің азығы;

6. Ізгі істің қарымы жасалған жақсылықтай ғана болса, аз болар еді. Алайда, Алла Тағала сауабын он еседен бастап жеті жүзге дейін өсіруде.

Міне, бұл аят қайырымдылық жасауға кедергі болатын түрлі пенделік ойларды сейілтуде. Қаржылай көмек берер болсам, өзім қиналып қаламын деген күдікке барған сәтте ардақты пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «Алла Тағала алып қалған қаражатыңа да, берген қаражатыңа да береке берсін» деген дұғасын есіңізге түсіріңіз.

 


[1]Бақара сүресі, 261-аят

[2]Бұхари

Ұқсас жазбалар

ЖАҚСЫЛЫҚТЫ ҮМІТ ЕТУ

ЖАҚСЫЛЫҚТЫ ҮМІТ ЕТУ

02 желтоқсан 2022 92
АНАНЫҢ АҚ БАТАСЫ

АНАНЫҢ АҚ БАТАСЫ

04 желтоқсан 2020 224
ҚИЫН СҮННЕТ

ҚИЫН СҮННЕТ

28 қазан 2020 254