ОТБАСЫ – ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕНІҢ АЛТЫН ҰЯСЫ 4824

ОТБАСЫ – ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕНІҢ АЛТЫН ҰЯСЫ

14 қыркүйек 2025 130 Оқу 1 минут

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,

ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти

Аса қамқор ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! Барлық мақтау Аллаға тән. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедке Алланың салауаты мен сәлемі болсын! 

Қазақ халқында отбасы ұғымы ұлттық тәрбиенің алтын ұясы, рухани сабақтастықтың және адамгершілік қасиеттердің өзегі. Үш ұрпақтың, яғни ата-әженің, әке-шешенің, ұл-қыздың бір шаңырақ астында өмір сүруі – тәрбие сабақтастығының тамаша үлгісі. Ата – ақылгөй, әже – мейірім иесі, әке мен ана – ұйытқы, бала – болашақ. Қазақ отбасында үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, қонақжайлық, туыстық қарым-қатынасты сақтау басты қағида болып қала бермек.

Мемлекет басшысы қадірлі Қасым-Жомарт Кемелұлы бір сөзінде: «Халқымыз қай заманда отбасы дәстүрін берік ұстанып, қадірлей білген. «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» біздің қанымызға сіңген қасиет. Әрбір азаматтың  адамгершілік болмысын қалыптасуына отбасындағы ахуал айрықша әсер етеді. Әке-шешесінің, ата-әжесінің тәрбиесін көріп, үлкендерден тағылым алып өскен бала есейгенде отаншыл, білімпаз, еңбекқор азаматқа айналады. Берекелі әрі бақытты отбасы қуаттың елдің тірегі», – деген болатын.

Біз үшін әр отбасының бақытты болуы маңызды. Осыған орай 2025 жылды діни қызмет аясында «Ислам және отбасы құндылығы» жылы деп жарияладық. Игі бастама аясында еліміз бойынша отбасы құндылығын дәріптейтін іс-шаралар жүйелі түрде жүзеге асып келеді.

Ислам дінінде отбасы – Жаратушы Алла Тағаланың адамзат баласына берген ең үлкен нығметтерінің бірі. Құран Кәрімде Алла Тағала былай дейді: «Сондай-ақ Оның (құдіретінің шексіздігін көрсететін) айқын дәлелдерінің бірі – оларға бауыр басып, жандарың жай тапсын деп, сендер үшін өз болмыстарыңнан жұбайлар жаратып, араларыңа сүйіспеншілік һәм мейірім сезімін ұялатқандығы. Міне, осының өзінде ақылға салып ойланатын қауым үшін айқын дәлелдер мен ғибрат бар» («Рум» сүресі, 21-аят). Бұл аяттан отбасының негізінде махаббат, тыныштық және мейірімділік жатқанын анық көруге болады. Демек, отбасы – тек әлеуметтік құрылым ғана емес, рухани үйлесімнің де қайнары.

Отбасы тек бір адамның емес, екі жақтың да ортақ жауапкершілігі. Ер мен әйел өз отбасына қамқор, қиындықта бірге болуға міндетті. Пайғамбармыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Шын мәнінде, әйелдеріңнің сендердің алдында және сендердің әйелдеріңнің алдында тиісті міндетттерің бар», – деп ескерткен. Расында шариғатқа негізделген отбасы – берекенің, мейірімнің және имандылықтың ордасы. Осы себепті әрбір мұсылман отбасы құру мен оны сақтап қалуға жауапты.

Отбасы – баланың алғашқы тәрбиесі мен мінезінің, дүниетанымының негізі қаланатын ұясы. Бала ата-анаға берілген Алланың аманаты. Оған жақсы тәрбие, көркем мінез, жақсы білім беру – ата-ананың ортақ борышы. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Әкенің баласына жақсы тәрбиеден артық берер сыйлығы болмас», – деген. Ата-ана ұрпағына дінін үйретіп, имандылыққа баулу арқылы қоғамның рухани келешегін қалыптастырады.

Алла Тағала сіз бен біздің отбасымызға бақыт пен береке нәсіп етіп, мойнымыздағы міндеттерді абыроймен атқаруға күш-қуат пен даналық бергей. Әумин!