БРИФИНГТЕ: «Тұмау профилактикасы туралы»
Бүгін Ақтөбе облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде ҚР ДСМ Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті Ақтөбе облысының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің ұйымдастыруымен «Тұмау профилактикасы туралы» деген тақырыпта брифинг өтті. Оған облыс орталығындағы медицина қызметкерлерімен бірге, тиісті сала өкілдері қатысты.
Аталмыш брифингке қатысқан Ақтөбе қалалық орталық мешітінің Бас имамы Нұрлыбек Күзенбаев «Діни көзқарасы бойынша медициналық екпеден бас тартқан ата-аналармен жүргізіліп жатқан жұмыстар мен нәтижелері туралы» жасалған баяндамаға орай, қозғалып отырған өзекті мәселеге қатысты пікір білдіріп, ой бөлісті.
«Қазақта: «ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» деген сөз бар. Жалпы, Ислам діні де вакцинацияға – екпе егуге қарсы емес. Ислам аурудан сақтанып, алдын алуға шақырады. Қасиетті Құранда: «Білмесеңдер, білім иелерінен сұраңдар» деген аят бар. Сондықтан бұл мәселеде мамандардың айтқан ұсыныстарын тыңдау керек. Себебі, екпе егу мәселесі медицина ғылымының зерттейтін тақырыбы. Бұған қатысты Пайғамбарымыздың да өмірінен тарихи деректермен мысалдар беріліп келеді. Яғни, аурудан сақтану, оның алдын алу керек»,- деді Ақтөбе шаһарының Бас имамы.
Сонымен қатар Н.Шәкизадаұлы жалпы көптен бері БАҚ-та осы екпе салдырмай жүрген адамдардың көпшілігі діни наным-сеніміне байланысты деген ой-пікірдің жиі айтылып келе жатқанын және оның жаңсақ екендігін тілге тиек етті. Негізінен, екпе салдырмау мәселесі адамдардың діни ұстанымына байланысты туындамайды. Намаз оқыған адамның бәрі бірдей екпеге қарсы емес. Бұл екпеге деген сенімсіздіктен туындайтын жәйт. Әрі бұған көбіне-көп дәлелденген ақпараттың болмауы да себепші болатыны анық.
«Тұмау профилактикасы» тақырыбында өткен брифингте дін саласының өкілі: «Әрине, діни наным-сеніміне байланысты да екпе алмай жүргендер бар. Қоғамда ішінара кездесіп қалатыны рас. Бірақ, кейде БАҚ-та жазылып жүргендей, пайызы көп мөлшерде емес», - деп, сөзін қорытындылады.
Бір сөзбен айтқанда, Ислам діні екпе алуға да, оны салдыруға да қарсы емес. Алайда, екпе сапасы мен пайдасын арттыру – өз кезегінде бүгінгі күн тәртібіндегі ең өзекті мәселе болып отырғаны анық. Әлеуметтік желілердегі түрлі парақшаларды ашқанда, оның пайдасынан гөрі, зиянды жағын көрсететін материалдар көбірек кездеседі. Сондықтан екпе алудың қажеттілігін қарапайым халыққа дұрыстап жеткізіп, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын тезірек тиісті жолға қойған жөн.
Ақтөбе қалалық
орталық мешітінің
Баспасөз қызметі