17 Рабиғ әс-сәни
«Ел үлесі пәтерге»: Шалқарда 12 баласы бар отбасыға баспана берілді 4679

«Ел үлесі пәтерге»: Шалқарда 12 баласы бар отбасыға баспана берілді

11 шілде 2025 510 Оқу 1 минут

Бүгін Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазіреттің бастамасымен, Ақтөбе облысының Бас имамы Амантай Садиевтің қолдауымен «Ислам және отбасы құндылығы» жылы аясында Шалқар ауданында өнегелі отбасыға ҚМДБ-ның «Зекет және қайырымдылық» қорыны «Ел үлесі пәтерге» жобасы аясында 12 баласы бар отбасыға баспана берілді. 

Республика бойынша 845-ші баспана кілті Ақтөбе облысы, Шалқар ауданы, Шалқар қаласының тұрғындары, 12 баланың ата-анасы Азамат Хадимжанның отбасына табыс етілді.

Бас мүфтидің тікелей бастамасымен жүзеге асырылған игі шараның басты мақсаты — әлеуметтік азқамтылған, көпбалалы отбасыларды қолдау, ел ішіндегі қайырымдылық мәдениетін қалыптастыру және қоғамның ортақ ізгі іске жұмылуына ықпал ету. Сонымен қатар бұл бастама арқылы Ислам дінінің бауырмалдық, мейірімділік сынды асыл құндылықтарын насихаттау.

Шара барысында арнайы іс сапармен келген Ақтөбе облыстық «Нұрғасыр» мешітінің наиб имамы Нұрбол Смағұлов бүгінгі қуаныш Алла Тағаланың 12 балаға берілген несібесі екенін айтып, баспана иелерін ҚМДБ атынан құттықтап, мұқтаждың мұңын мұңдап, мейірімділікке үндейтін берекелі жобаның жүзеге асырылуына атсалысқан жомарт жандар мен кәсіпкер азаматтарға, мешіт имамдарына алғысын білдірді.

Сонымен қатар жаңадан баспаналы болған шаңырақта дастархан жайылып, осы игі іске үлесін қосқан азаматтардың бірі Серғазы Төреғалиұлына Ақтөбе облысының Бас имамы Амантай Садиевтің алғыс хаты мен «Дін жанашыры» атты естелік статуэткасы тарту етілді.

Айта кетейік, баспана кілті табысталған бұл көпбалалы отбасыда жуырда 12 ші бала дүниеге келген. Осыған орай, Шалқар ауданының бас имамы Абзал Медетбеков Азамат Хадимжан шаңырағына арнайы барып, дүниеге келген нәрестеге азан шақырып, Мұхаммед-Әли есімін қойды. көпбалалы отбасыны Құрбан айт мерекесімен құттықтады.

Баспанаға ие болған 34 жастағы 12 баланының анасы Айым Сүйеуқұлова 18 жылдан бері үй шаруасына ден қойып, бала тәрбиесімен айналысып келеді. Жолдасы, 39 жастағы Азамат Хадимжан – жеке мекемеде күзетші болып жұмыс істейді. Ерлі-зайыптылардың үлкені – 18 жаста, ал кенжесі — Мұхаммед-Әли 1 жарым айлық сәби.

Бүгінгі қуаныш иелерін жаңа баспанасымен шын жүректен құттықтай отырып, игі істің жүзеге асуына жанашырлық танытып, үлес қосқан азаматтарға алғыс білдіреміз. Жасаған қайырлы істеріңіз еселеніп, берекесі арта берсін!

Ақтөбе облыстық орталық

 «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі