Бас мүфти Мысыр елшісімен діни оқу саласы бойынша сұхбаттасты 920

Бас мүфти Мысыр елшісімен діни оқу саласы бойынша сұхбаттасты

04 қазан 2021 154 Оқу 1 минут

Бүгін елордада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Мысыр Араб Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Манал Ехия әл-Шиннауи ханыммен кездесті.

Кездесуде екі елдің мәдени-рухани байланысын нығайту, Нұр-Мүбәрак университетінің діни кадр даярлау бағытындағы жұмысын жандандыру, Мысырда оқып жатқан қазақстандық студенттерді жан-жақты қолдау, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен әл-Азһар университеті арасындағы әріптестік қарым-қатынасты арттыру мәселелері талқыланды.

«Қазақстан және Мысыр Араб Республикасы арасында бағзы заманнан қалыптасқан тарихи байланыс бар. Аллаға шүкір, ғасырлар бойы қалыптасқан тарихи байланысымыз тәуелсіздік алған жылдардан бастап қайта жаңғырды. Бүгінде Мысырдың Уақып министрлігімен, әл-Азһар университетімен, Пәтуа беру орталығымен әріптестік байланысымыз нығайып келеді. Мысырға барған сапарымда Қазақстанға бөлінетін білім грантын екі есеге ұлғайту туралы ұсыныс айттым. Әл-Азһар университеті бұл ұсынысымды қабыл алып, қолдау білдірді. Бұл Қазақстан мұсылмандары үшін үлкен тарихи жаңалық болды» деп атап өтті Наурызбай қажы Тағанұлы.

Өкілетті елші өз кезегінде елшілік тарапынан барынша қолдау көрсетілетінін жеткізіп, сенім білдірді.