Алғыс айту күні – бірлік пен мейірімге үндейтін мереке!
Алғыс айту күні – ең алдымен елімізде тыныштық пен үндестік, өзара сенімділік пен барлық қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына негіз болған күн!
1 наурыз – Алғыс айту күнінде еліміздегі түрлі ұлт өкілдері қазақ халқына айрықша алғыс айтып, құрметі мен ізетін білдіріп келеді.
Біз ең әуелі адам баласын жоқтан бар етіп жаратқан Алла Тағалаға шүкір айтамыз. Шынында, Алланың адам баласына берген нығметінің шегі жоқ.
Мұсылман баласы қандай да игілік пен нығметке бөленсе, әуелі Аллаға шүкір айтып, сол жақсылыққа себепші болған адамға алғысын білдіреді. Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Адамға алғыс айта алмаған, Аллаға шүкір ете алмайды», – деген.
Бірлік пен мейірімге үндейтін мерекеміз – Алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймыз! Әр отбасыға құт-береке, бақыт пен табыс тілейміз!
Біз қай кезде де әкенің қанымен, ананың ақ сүтімен һәм асыл діннің нәрімен біткен тектілік пен адамгершілік, дархандық мен кемеңгерліктің ең биік үлгісін көрсетіп келеміз. Ата-бабамыздың тектілігі мен адамгершілігін жас ұрпақ бойына сіңіруіміз тиіс. Сондықтан Алғыс айту күні жай кезекті ұрандармен емес, нақты тәрбиелік және тағылымдық іс-шаралармен өткізу керек.
Алғыс айту күні еліміздің азаматтары қазақ халқына алғыс айтуымен қатар баршамыздың өз ата-анамызға, бауырларымызға да қала берсе, барша отандастарымызға алғыс білдіретін күн екенін ұмытпайық!
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі