Кешірімді кісіге Жаратқанның сыйы бар
Алла Тағаланың адам баласына берген асыл қасиеттердің бірі – кешірімділік. Кешірімді болу адамдар арасын жарастырады, біріктіреді. Мына әлемнің пәни екендігін сезіндіреді. Кешірім жасау арқылы біз бітпес даудың түйінін шешіп, ата жауды адал досқа айналдырамыз. Мысалы, өзгелерге кешірімді болу, кешіріммен қарау мейірімділікке жол ашады. Ал кешірім сұрамау мен кешірмеу – адам өмірін түпсіз тұңғиыққа тірейтін жағымсыз қасиет. Сондықтан арадағы өкпе назды ұмыттыратын ең жақсы қасиет – кешірімділік.
Ислам – кешірімділік пен бауырмалдық діні. Ислам осындай ұлы жетістіктерге кешіріммен жетті. Себебі кешірім адамдар арасындағы сүйіспеншілікті нығайтады. Адамдар арасындағы араздықты басып, бір-бірімен достастырады, бір-бірінен алыстап кеткен адамдардың арасын жақындатады. Кешірім бейбіт өмір сүруге жетелейді. Міне, Ислам дінінің басты талабы – осы.
Бұл жайлы Шәкәрім қажы Құдайбердіұлы:
Біреудің мінін кешірсең,
Құдай да сені кешеді.
Бірін де қылмай есірсең,
Төбеңді әлі-ақ теседі.
Көңілі жұмсақ адамның,
Күрмеуін тағдыр шешеді.
Пейілі жаман адамның,
Орыны дайын деседі, – деп жырлайды.
Әрине, кешіре білу – ізгі қасиет, оған үлкен жүрек қажет. Асыл дінімізде кешіре білудің де өзіндік жолдары мен сарқылмас сауаптары бар.
Кешірімді болу – Жаратқанның бұйрығы
Алла Тағала Қасиетті Құран Кәрімде: «(Уа, Мұхаммед!) Сен кешірімді бол және жақсылықты бұйыр. Түсінбейтін қараңғылардан теріс айнал», – («Ағраф» сүресі, 199-аят) деген. Сондай-ақ «Оларды кеш, көңіліңе алма. Шүбәсіз Алла ізгі жандарды жақсы көреді» дейді («Мәида» сүресі, 13-аят).
Жоғарыдағы аяттарда айтылғандай Алла Тағала пендесіне кешірімді болу керектігін баяндайды. Тағы бір аятта: «Біреу бір жамандық істесе немесе өзіне зұлымдық жасаса, содан кейін Алладан жарылқау тілеп, кешірім сұраса, Алланы аса жарылқаушы, ерекше мейірімді ретінде табады», – («Ниса» сүресі, 110-аят) деген. Сондықтан адам баласы тура жолдан тайып, қателікке бой алдырса, Алладан шынайы ықыласпен кешірім сұраса, Алла Тағала пендесін кешіреді. Өйткені Ол – асқан кешірім Иесі.
Алладан кешірім сұраудың ең жеңіл әрі қарапайым дұғасы – истиғфар айту. Яғни «Астағфирулла» деп айту. Мағынасы: «Алладан кешірім сұраймын!» деген сөз.
Истиғфар – Алланың құлына деген үлкен мейірімі. Алла – Кешіруші, кешіргенді жақсы көреді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дұға жасағанда былай дейтін: «Уа, Алла! Сен кешірімдісің және кешіргенді жақсы көресің. Мені кешіріміңе бөлей көр!»
Кешіру – Пайғамбар сүннеті
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) саналы өмірінде мейірімділік пен кешірімділікті ту етіп, әр кез осы ұлы сипаттарды бірінші болып орындаған. Оның кешірімділігі жалы көптеген мысал келтіруге болады. Тіпті Мекке мүшріктері өзіне қаншама рет қорлық көрсетсе де оларға қарғыс айтып, дұға жасамаған. Сахабалар Пайғамбарымызға келіп: «Неге оларға лағынет айтпайсыз?» – деп сұрағанда: «Мен лағынет айту үшін жіберілмедім. Асылында мен мейірім ретінде жіберілдім», – деп жауап берген болатын (Мүслим). Тіпті Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзін сиқырлаған Ләбид ибн Ағсам атты яһудиді кешірген болатын.
«Алла елшісін бір яһуди сиқырлайды. Пайғамбарымыз бірнеше күн ауырады. Сонда бір күні Жәбірейл (ғ.с.) келіп: «Сені сиқырлаған кісі бірнеше түйнек түйіп пәлен деген жердегі құдыққа тастады. Бір адамды жібер, барып алып келсін», – дейді. Сонда Пайғамбарымыз Әлиді жібереді. Түйнекті әкеліп шешкен кезде Алла елшісі бірден өзіне келіп, орнынан тұрады. Сонда Пайғамбарымыз әлгі яһудиді кешіреді. Бұл туралы оның бетіне басып айтпайды, айыптамайды. Ренжімейді, ұрыспайды, тіпті бұл дүниеден өткенше жүзін көрмейді» (Бұхари). Міне, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) кешірімділігі осындай кең еді. Сондықтан өз хадисінде кешірімді болуды өсиет етіп: «Байланыс үзгенмен табыс, саған сараңдық жасағанға жомарт бол, зұлымдық жасағанды кешір», – деген (Ахмад).
Кешірімді болу – ізгіліктің белгісі
Қасиетті Құранда: «Раббыларыңның кешіріміне һәм шынайы тақуалар үшін әзірленген кеңдігі жеті қат аспан мен жердей болған жұмаққа асыға ұмтылыңдар. Нағыз ізгілер – кеңшілікте де, таршылықта да Алла жолында садақа бергендер және ашуын жеңе білгендер һәм адамдарға кешірімді болғандар. Шүбәсіз Алла ізгі жандарды жақсы көреді», – деген («Әли-Имран» сүресі, 133-134 аяттар).
Кешірімді болу – адамның әлсіздігі емес, керісінше кеңшілдігі. Алайда кешірудің де өз межесі, шеңбері бар. Сіздің кешірім беруіңіз бауырыңыздың жаман іс-әрекетін ары қарай жалғастыруына жол ашса, ол кешірімнен қайыр жоқ. Ал сіздің кешірім беруіңіз адамды жақсылыққа бастап жатса, қателігін мойындап, келешекте қайталамауға әрекет етсе, онда кешірім берудің сауабы да, пайдасы да мол.
Мұсылман кісі үш күннен артық ренжіспейді
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қандай да бір мұсылманның өз бауырына үш күннен артық ренжуі дұрыс емес», – деген. Демек мұсылман қандай жағдайда болмасын ренжіскен бауырына өкпесін үш күннен асырмауы тиіс. Бірақ бұл жерде ескеретін бір жайт бар. Егер де реніш дін мәселесіне қатысты болса, оның жөні бөлек, оның тысындағы кез келген реніш жөн емес.
Ислам дінінде реніштің мерзімін үш күнмен шектеген. Себебі бұл аралықта сіздің алқынған жүрегіңіз баяулап, болған істі ақыл көзімен қарай бастайсыз. Нәтижесінде бойымыздағы бауырмалдық сезімі қайта жанданып, арадағы кедергілер бауырластықтың аясында жойылады. Сөйтіп ренжіскен бауырыңызбен құшақ айқастырып, қайта қауышасыз.
Бірде Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) немерелері Хасан мен Хусейн бір-бірімен ренжісіп қалады. Ағасы Хасан «інім келіп кешірім сұрайтын болар» деп күтеді. Алайда інісі Хусейн кешірім сұрауға келмейді. Шыдай алмаған соң ағасы Хасанның өзі інісіне келеді, сөйтсе інісі Хусейн де сағынып жүр екен. Хусейн ағасын көре салып, құшақтап жылап жібереді. Сонда ағасы Хасан: «Сен кішісің ғой, неліктен бірінші болып кешірім сұрамадың?» – дейді. Сонда інісі Хусейн: «Жаным ағатайым, кім бірінші болып кешірім сұраса, соған жәннаттан сарай тұрғызылады. Сол сарайға сіздің ие болғаныңызды қаладым. Сол жәннатты сізді алсын деп тосқан едім», – деп көз жасын сүрткен екен.
Адам баласы кешірімді болғаннан кішірейіп қалмайды. Керісінше дәрежесі артып, Алла Тағаланың сый-сияпатына бөленеді. Яғни кешірімді болған кісіге Алла Тағаланың дайындап қойған ерекше үш сый-сияпаты бар.
Біріншісі, жақсылық жасаушылардың қатарынан болып, Алланың сүйген құлына айналады. Алла Тағала Қасиетті Құранда: «Нағыз ізгілер – кеңшілікте де, таршылықта да Алла жолында садақа бергендер, ашуын жеңе білгендер һәм адамдарға кешірімді болғандар. Шүбәсіз Алла ізгі жандарды жақсы көреді», – деген («Әли Имран» сүресі, 134-аят).
Екіншісі, кешірімді кісінің дәрежесі артады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Егер адамның денесіне зұлымдықтан болған қандай да бір зиян жеткенде оны кешірер болса, Алла ол адамның дәрежесін көтеріп, күнәсын кешіреді», – деген. Халқымыз «Кешірімділік – анадан, кішіпейілділік – данадан», «Жақсылыққа жақсылық – әр кісінің ісі, жамандыққа жақсылық – ер кісінің ісі», – деген.
Үшіншісі, кешірімді кісінің ақыретте есебі жеңілдейді. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімнің бойында мынадай үш қасиет болса, Алла Тағала оның есебін жеңіл етіп, мейірімімен жәннатқа кіргізеді», – дейді. Сахабалар: «Ол қандай қасиет?» – деп сұрайды. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бермегенге беруің, сенімен арасын үзген адаммен қарым-қатынас орнатуың және саған зұлымдық жасаған адамды кешіруің. Егер осы амалдарды істесең, жәннатқа кіресің», – деп жауап береді.
Қорыта айтқанда, кешірімді болу – адам бойынан табылатын ең ізгі қасиеттің бірі. Бабаларымыз «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш», «Кешірім жасау – кеңдік, кешіре алмау – кемдік» деп өсиет қалдырған. «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ» болмайды, адам болғасын қателесуі заңды. Алайда кешіре білгеніміз, бір-бірімізге кешірімді болғанымыз абзал.
Өмір болған соң біріміз-бірімізге ренжиміз, біреуге өкпе артамыз. Алайда Алланың әміріне бойсұнып, адамзат арасындағы келеңсіз жағдайларға түсіністікпен, кешіріммен қарайтын болсақ, шешілмейтін түйін жоқ.
Жаратқан Алла біздің кешірімді, бір-бірін кешіре білетін көркем мінезді болуымызды нәсіп етсін!
Батыржан БЕРДЕНҰЛЫ,
ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің
меңгерушісі, PhD доктор