«30 күнде 30 баспана»: Жалғызбасты, көп балалы анаға пәтер берілді
ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының бастамасымен «Ел үлесі пәтерге» жобасы аясында ұлық Рамазан айында «30 күнде 30 баспана» республикалық акциясының бесінші баспанасы Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданы, Ембі қаласында табысталды.
Қасиетті Рамазан айының құрметіне орай ұйымдастырылған игі бастама негізінде Мұғалжар аудандық «Нұртай» мешітінің бас имамы Ергазин Асемхан, Қандыағаш қалалық «Қадірәлі ата» мешітінің бас имамы Тұрсынқүлов Нұрсұлтан, Ембі қаласы «Нұр» мешітінің бас имамы Құттыходжаев Зияуддинқари Мұғалжар ауданы, Ембі қаласының тұрғыны жалғызбасты, бес баланың анасы Ахметова Жанылсынға «Ел үлесі – пәтерге» қайырымдылық акциясы бойынша 635-баспана кілтін берді.
Имамдардың ұйымдастыруымен және мешіт жамағаты, ауыл тұрғындары мен атымтай жомарт жандардың демеушілігімен табысталған 2 бөлмелі пәтердің құны 1 000 000 теңге.
«Ел үлесі пәтерге» жобасы алдағы уақытта Ақтөбе өкілдігінің ұйытқы болуымен және жамағаттың қолдауымен Ақтөбе облысында өз жалғасын таппақ.
Ауызбіршілік танытқан мұғалжарлық ағайынға алғыс айтып, жасаған жақсылықтарыңыз өздеріңізге еселеп қайтсын деп тілейміз!
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі