Облыстың наиб имамы аудан мешіттерінің жұмысын тексерді
ҚМДБ-ның Ақтөбе облысы бойынша өкілдігі өзіне қарасты мешіттер мен имамдардың сапалы қызмет көрсетуін бақылауда ұстап келеді.
Осыған байланысты, Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы Алмат Әли облыстың 3 бірдей ауданына іс-сапарға шығып, түсіндіру жұмыстарын жасап қайтты. Алла үйлерінің жылыту маусымына дайындық жұмыстарын пысықтап, мешітттердің тазалық жұмыстарына көңіл бөлді.
Сапарды әуелі Темір аудандық мешітінен бастаған облыс найб имамы замануи жаңа үлгіде салынып жатқан «Досжан ишан» мешітінің іргетасының қалануына қатысып, аудан жамағатын аталмыш игі істің басталуымен құттықтады. Іс-шарада Темір ауданының әкімі Жолдас Нұрланұлы сөз сөйлеп, аталмыш іске жамағатты жұмылдырған Темір аудандық «Досжан ишан» мешітінің бас имамы Дәрменов Қайратқа алғыс білдірді. Облыстан барған имамдар Досжан Хазірет кесенесіне барып, ишанның рухына Құран бағыштады.
Артынша іс-сапар Хромтау ауданында жалғасын тапты. Наиб имам Хромтау ауданының әкімінің орынбасары Тілеуов Дархан Сағынбайұлымен кездесіп, діни ахуалды сөз етті. Аудандағы діни қызметкерлердің әлеуметтік жағдайларына көңіл аударып, барынша қол ұшын созуын сұрады. Сондай-ақ, ҚМДБ-ның "Халал Даму" мекемесінің Ақтөбе облысы бойынша жауапты өкілі Жарасхан Әбдісаламов сауда мекемелері мен шағын кәсіпорын иелерімен дастархан басында кездесіп, "Халал Даму" мекемесінің жұмысымен таныстырып, халал сертификатына өтудің маңыздылығын түсіндірді. Қоғамда халал өнімдерге сұраныстың артып келе жатқанын айта келе, Жарасхан Киікбайұлы тағамдық қоспалар мен харам және күмәнді азықтардың түр-түсін ажыратып көрсетіп берді.
Алмат Әли ҚМДБ Зекет қоры бөлімінің «Көшпелі керуен» қайырымдылық акциясы аясында Хромтау ауданында 10 отбасыға 100 келі азық-түлікпен қайырымдылық көмек табыстады.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі