ЖЕРЛЕУ МӘДЕНИЕТІ ТУРАЛЫ
5 мамыр күні «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының «Зират және зиярат мәдениеті» мақаласын оқыдым. Шариғат пен ұлттық салт-дәстүрге сай, өте орынды мәселелер қозғалған екен. Мақалада жазылған ұсыныстарды толық қолдаймын. «Тірінің қадірін біл, өлінің қабірін біл» деген қазақ жақсы түсінетін, қарапайым болу, ысырап пен дарақылыққа жол бермеу туралы жақсы айтылыпты.
Еліміздің тәуелсіздікке қол жеткізуі төл тарихымызды ұлттық мүдде тұрғысынан жаңаша зерделеуге жол ашқаны белгілі. Тәуелсіздік жылдары мемлекеттік деңгейде біраз іс-шаралар жасалды. Маңызды бағдарламалар нәтижесінде шет елдерден тарихи жәдігерлер, құнды мәліметтер әкелінді. Енді өз кезегімен кешенді түрде мұқият зерттеле бастаған саланың бірі - қазақ құлпытастары. Орта ғасырлық түрік жазба мұрасын зерттеген ғалым Ғ. Айдаров: «Құлпытастар ерте заманда түркі тайпалары қолданған балбалдардың өзгерген түрі. Балбалдарды ескерткіштер ретінде VI-VIII ғасырдағы түркі тайпалары да, оғыздар да, қарлұқтар да, қыпшақ-половцылар да кеңінен қолданды. Орта Азияға мұсылман дінінің бірте-бірте еніп, кең өріс алуына байланысты жанды нәрселердің суреттерін бейнелеуге тыйым салынды. Сөйтіп, бұрынғы балбалдар орнына енді құлпытастар пайда болды», - деп жазады. Қазақстан жеріне X - XIX ғасырларда Ислам діні кең таралды. Арал - Каспий аймағындағы тарихи ескерткіштерді ұзақ жылдар бойы зерттеген профессор Серік Әжіғалиевтың анықтауынша, Қазақстанның батыс өңіріндегі мазмұнды құлпытастар XVIII ғасырдың басынан бастап қойыла бастаған. Құлпытас – қазақтың ұлттық рухы, тілі, тарихы, жазба мәдениеті, сәулет өнері. Ол – жердің иесінің кім екендігін дәлелдейтін құжаты. Ерекше қолөнер туындысы, айбыны мен айбары.
Белгілі ақын Жарасқан Әбдірашевтің «Құлпытас» өлеңінде оған толық анықтама берілген. Ақын:
«Үнсіз-түнсіз тас қой! – деме,
«Құлпытас!»...
Үлкен-кіші құлпытастар астында:
Тірлік жатыр!
Тағдыр жатыр!
Тарих жатыр біртұтас!», – дейді.
Шынында да біртұтас тарих. Сырын ішіне бүккен жұмбақ тас. Құпиясына үңіліп, сырын аша бiлсек, ел мен жердiң тасқа қашалып жазылған тарихы. Қабірде жатқан нақты адамның әкесінің аты, өз аты, ру-тайпасы, марқұмның кәсібі, ұстазының кім болғаны, қашан және неден марқұм болғаны, құлпытасты кім қойғаны, ру таңбасы, жоқтау өлеңі жазылған мазмұнды құлпытастар да болған. Яғни, эфиграфика (ескі жазуларды зерттейтін қосалқы тарихи пән) және эпитафия (құлпытасқа жазылған жазу немесе жоқтау). Рулар арасындағы дау-шарды, жайылымдарды реттеу, тіпті екі ел арасындағы шекараны анықтау үшін осы құлпытастар көп жерде дәлел бола алған.
Қазақ жеріне ентелей енген отаршыл патша өкіметі тасқа қашалған тарихты ұнатқан жоқ. Болашақта жер даулайтын халықтың дәлелін кім ұнатсын. Реті келген жерде қиратып, тонап, бүлдіріп отырған. Әсіресе, орыс казактары мен қалмақ қосындары құлпытастарды көп сындырғаны туралы деректер кездеседі. Кеңес өкіметінің 1920-40 жылдардағы саясаты тіпті сорақы. Құлпытастарды жинап әкеліп, құрылыс жұмыстарына іргетас ретінде пайдаланған. Екі-үш жерінен сындырып диірмен тастарын жасаған. Құран және діни кітаптарды өртеу, ишандарды Сібірге айдау, жаппай қудалау, әулиенің мазарларын қирату қазақ жерінде үлкен науқанмен іске асты. Әсіресе дін өкілдерін талқандау 1927-1937 жылдар аралығында қарқынды жүрді. Кімнің үйінен араб әрпімен жазылған кітап табылса он жыл, бес-алты парақша табылса бес жылға соттайтын осы кезеңдер. Бас сауғалаған жұрт кітаптарды өртеп жіберді немесе киізге орап, қабірлерге апарып көмді. Нәтижесінде 30-40 жылдан соң араб әліпбиімен жазылған ата-бабасының құлпытасын да оқи алмайтын ұрпақ қалыптасты.
Ал қазір өмірден өткен адамдардың басына қабір тұрғызу салт-дәстүрден аттап өтіп, тап-таза бәсекеге айналды. Мәрмәр тас пен граниттен зәулім кесене тұрғызу, қабір үстіне марқұмның ескерткіш мүсінін орнату, айналасына плита тастар төсеу көбейіп кетті. Қабір үстіне екі қабатты үй салып тастаған адамдар да бар. Қымбат құрылыс материалдарын ұрлап кетуінен сақтанып, қабір үстіне бейне бақылау орнатқан, тіпті айлығын төлеп күзетші қойған оқиғалар бар. Алыс ауылдағы туған жеріне барып келген бір ағамыздың күйініп айтқан әңгімесі еске түседі. «Ауылда өліні жөнелту, қарасына бірнеше жылқы сойып жарысу, марқұмның басына үй салу, бәрі бәсеке болып кетіпті. Күнін әрең көріп отырған кісілердің өзі банктен бірнеше миллион теңге несие алып, әкесінің басына қызыл кірпіштен мола салады екен. Ауыл мен қабірстанның ортасында тұрып қарасаң аң-таң боласың. Бір жағында жапырайып құлайын деп тұрған тірілердің балшықпен сылаған ескі үйлері. Екінші жақта қымбат кірпіштен салынған самсаған қабірлер» дейді.
Назар аударатын тағы бір мәселе бар. Өлінің басын қарайтқан соң, артық-ауыс қалған құрылыс материалдарын ешкім кері алып кетпейді. Қабір басынан бірдеңе алуды жаман ырымға балап, ешкім ештеңе алмайды. Содан келіп өлілер мекенінің іші-сырты мен айналасы ыбырсыған кірпіш, цемент, әртүрлі нәрселер жайрап жатады.
Бірнеше жылдан бері 19-20 ғасырларда өмір сүрген ишандар мен ахундар туралы мәліметтер жинап жүрмін. Жерленген орны белгілі біраз діни адамдардың қабіріне зиярат жасадым. Өте қарапайым төрт құлақты қабірлер. Құлпытастарында бір артық әріп жоқ. Аты-жөні жазылған. Аллаға мадақ, пайғамбарға салауат, кейде қысқа аяттар ғана жазылған. «Бақара» сүресінде айтылған «Топырақтан жаралдыңдар, топыраққа қайтасыңдар» дегенді терең түсінген, «Жүрегінде тәкаппарлықтың тозаңы бар адам жаннатқа кірмейді» деген хадисті мойындаған ғазиз жандар.
Құлпытасқа марқұмның суретін салу, портретін іліп қою кеңес заманында қалыптасқан ерсі әдет. Сол әдет әлі қалмай келе жатыр. Таныс жігіт әкесінің қабіріне қоятын құлпытасқа суретін салғысы келді. «Болмайды, шариғат рұхсат етпейді» дедік. Сурет бәрібір салынды. «Үлкендер ұрысты» дейді.
Ата-анаға құрметіңді тірісінде көрсет. «Адам каза болғанда барлық амалдары тоқтайды. Бірақ, үш түрлі амал бар, олар қияметке шейін жалғасын таба береді, жасаған жақсы істері (мешіт көтерген, көпір салған, су жоқ жерде су шығарған), үйреткен білімі, артында қалған иманды баласының дұғасы» дейді. Осы сөзді көп адам айтады, көп адам тыңдайды. Ал мағынасына бойлап, осыған амал қылып жүргендер неге аз? Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) садақа бергеннің сауабы туралы айтқан: «Бір садақа бар - сауабы қанша екенін бір Алладан басқа ешкім білмейді. Ол - ғалымдарға және қайтыс болған адамды атап берген садақа», - деген (хадис Мүслімнен жеткен). Мүфти хазірет мақалада: «қымбат құлпытастар мен зәулім ескерткіштерге кететін қаражатты жетім мен жесірге, қараусыз қалған қарттарға, көмекке мұқтаж отбасыларға, ағайын мен туысқа, үйсіз-күйсіз жүрген жандарға беруге шақырамын. Марқұмға пайда бермейтін сәнді қоршаулар мен мүсін кеуделерге кететін шығынды мұқтаж адамдарға жұмсау әлдеқайда сауапты іс екенін естен шығармағанымыз жөн» деп жазыпты. Жөн сөз. Марқұмға зәулім ескерткіштен не пайда? Барзақ әлемінде қиямет қайымға дейін сауабы тоқтамасын десеңіз, ысырап пен бәсекеден арылу керек. Жетім-жесірдің көз жасын сүртіңіз. Талантты шәкірттерге шәкіртақы тағайындаңыз. Жеміс ағаштарын егіңіз. Сауабын марқұмға бағыштап Құран Кәрімнен аяттар оқыңыз.
الدنيا ساعة فاجعلها طاعة
Дүние өткінші, сен дүниеде (Аллаға) бағынып өт.
Маңызды және өте нәзік мәселе. Жерлеу мәдениетін бір қарапайым жүйеге түсіріп, тәртіпке бағынған дұрыс.
Айшуақ Дәрменұлы, тарихшы
Ақтөбе қаласы