ЖАТ АҒЫМНЫҢ КЕТПЕҢІЗ ЖЕТЕГІНДЕ... 395

ЖАТ АҒЫМНЫҢ КЕТПЕҢІЗ ЖЕТЕГІНДЕ...

08 желтоқсан 2020 180 Оқу 1 минут

Асыл дініміз Ислам – барша адамзат баласын бейбiтшiлiкке, амандыққа, ешкiмге соқтықпай тыныш өмiр сүруге шақыратын иләһи дiн. Міне, осындай хақ дiнiмiз жер бетiнде нағыз адамгершiлiктiң, сыйластықтың рухын жайып, алауыздыққа, қастық пен дұшпандыққа тыйым салғаны да мәлiм.

Ислам бұл – тыныштықты бұзу үшiн емес, теріс пиғылды тыю үшiн жiберiлген мейірім діні. Игілік, қайырымдылық, адалдық сынды ең үздік қасиеттерді үйретіп, тек жақсылық жасауды, тура жолмен жүруді нұсқайтын хақ ислам дінінің сұлулығын айтпаса да түсінікті. Пайғамбар (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) дәуірінде мұсылманшылық әрекетке қарап, мүшріктер мен кәпірлер иманға келген. Мұсылмандардың сөйлеген сөзіне, жасаған іс-әрекетіне, қарым-қатынасына тіпті жүріс-тұрысына қарап, көпшілік үлгі алатын болған. Мұсылмандар қарапайым ғана игі амалымен жүректерге әсер етіп, өзге діндегілердің исламды қабылдауына себепші болған.

Ата-бабаларымыз да сан ғасырлар бойы дәстүрлі дінді өмiрлеріне негізгі діңгек етіп ұстанып, ауызбiршiлiкпен бейбiт ғұмыр сүрiп келдi. Қазақ халқы үшін дәстүрлі дін ретінде исламның құндылықтары әу бастан-ақ күнделікті өмірінде өз орнын алғаны белгілі. Алла тағала «Ниса» сүресінің 59-аятында«Ей, мүміндер! Аллаға, Пайғамбарға әрі өздеріңнен болған әмір иелеріңе бойұсыныңдар», – деп бұйырды. Міне, осы қағидатқа бабаларымыз қашан да берік болып, бөлінуге жол бермеген. Ақты ақ, қараны қара деп танытып, ата-анаға «уф» деп айтқызбайтын, бар жан жүрегімен көмек жасауға ұмтылып тұратындай етіп тәрбие берген осындай тамаша дінімізді тәуелсіздік алған соң еркін ұстану мүмкіндігі туды. Алайда сол сәтте жаңбырдан соң қаптаған саңырауқұлақтай білімсіздіктен туған түрлі ағымдар елімізге жайыла кетті.

Қазіргі кезде бүйректен сирақ шығарып, діни реформа жасағысы келетін діни ағымдардың жымысқы әрекеті елге айдай анық көрінуде. Халқымызда «Аңқау елге арамза молда» деген нақыл бар. Бұл сөз бүгін де құнын жоймады. Олай демеске амалымыз қалмай барады. Өйткені дәстүрден тыс діни ағымдар тыныш қоғамды іштей іріту үшін діни сауаты кем қауым мен жастық желігі басылмаған жастардың қолымен от көсеуде. Олар, әлбетте, теріс бағыттағы ұйымдардың өз мақсаттарын қандай амал-айла арқылы жүзеге асырып жатқан жайын біле бермейді. Нәтижесінде, түрлі діни ағым кесірінен айрандай ұйып отырған қазақ отбасылары ойрандалуда. Ата-ана ұл-қызынан тірілей айырылып жер соғып қалуда. Кіршіксіз ақ дінге қара күйе жағылып, мұсылмандарға қатысты фобия өршуде. Алайда, жат ағымға қарсы күрес жылдан жылға күш алып келеді. Мұндай ағымдарды бақты арам шөптен тазартқандай тазалаушы – білім.

Елімізде діни сауаты жоғары мамандардың саны артып келеді. Жат ағыммен күрес, оның алдын алу сынды жұмыстар тыңғылықты жүргізілуде. Атап айтар болсам, бір ғана Жамбыл облысында теріс ағымның алдын алуға байланысты 202 жалпы кездесу болып, 8925 адам қамтылды. Яғни 191 уағыз, 37 лекция, 2 форум, 7 онлайн кездесулер, 6 zoom платформасы арқылы дәріс өтті. Мұнан бөлек жат жолды ұстанушылармен жеке-жеке 168 түрлі интернет, ватсап, инстаграм сынды әлеуметтік желілер арқылы кездесу жасалып, 27 адам дәстүрлі діни бағытқа қайтты. Оның 5-еуі қыз-келіншектер.

Теріс ағымның алдын алу мақсатыда тек жүздесулер жасалып қана жатқан жоқ. Баспасөз беттерінде, әлеуметтік желілерде мақалалар жарық көріп, түсіндірулер жасалуда. Мәселен, жергілікті газет журналдарға 3 мақала және YOUTOUBE-ке 7 видео уағыздар жарияланды. Жыл басынан ZOOM арқылы 3, имамдармен жүзбе жүз 1 ауқымды семинар өткізілді. Түзету мекемелеріне 10 имам бекітіліп, белгілі жоспармен жұмыс жасауда. Соның нәтижесі 188 жеке кездесу жасалып, 26 адам дәстүрлі діни бағытқа бейімделді. Карантиндік режимге байланысты тек 14 жалпы кездесу болып 209 жазасын өтеуші қамтылды.

Осы бағытта қажырлы еңбек етіп жүрген имамдардың қызметін айтпай кетпесе болмас. Өздерінің игі амалдарымен үлгі болып, қайырымдылық жасап, сұқбаттасып, жамағатпен тілдесу, халықпен әдеттегіден де мықты ауызбірлікте болу сынды әрекеттерімен дәстүрлі дініміздің туралығын, имамға ұюдың маңыздылығын дәлелдеуде. Теріс ағыммен жұмыс жүргізуге мемлекеттік органдар, басқармалар да ауыз толтырып айтарлық үлесін қосуда. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демей ме дана халқымыз. Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып жасалған жұмыс осындай нәтижелерді көрсетуде.

Ел бірлігі мен мемлекет қауіпсіздігіне зиян келтіретін ағымдардың жетегіне кетіп қалмау шараларына баршамыз атсалысуымыз қажет. Өйткені, ата-бабамыздан ұстанып келе жатқан дәстүрлі дініміз жайлы сауатты болу – баршаға міндет. Ал діни білімге сусаған кезде, бір мәселеге тап болған сәтте әркімге жүгінбей, мешітке барып имамдарымыздан ақыл сұрағанымыз абзал.


Бейбіт қажы МЫРЗАГЕЛДИЕВ

ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы