РИЯКЕРЛІКТІҢ ЗАРДАПТАРЫ ҚАНДАЙ?
Адамның атқарған ізгі амалын зая кетіріп, ақыретте өкінішке душар ететін жүрек дерттерінің бірі – риякерлік. Риякерлік деп Алланың ризалығы үшін деп атқарылуы керекті болған қандай да бір ізгі амалды адамдарға көрсетіп, олардың алғыс-рахметі мен мақтауына ие болу үшін жасауды айтады. Алла Тағала қасиетті Құранда:
فَوَيْلٌ لِلْمُصَلِّينَ. الَّذِينَ هُمْ عَنْ صَلاتِهِمْ سَاهُونَ. الَّذِينَ هُمْ يُرَاؤُونَ
«Сондай намаз оқушыларға нендей өкініш! Олар намаздарын немқұрайлы оқиды. Ол риякерлік қылады», – деп риякерліктен сақтандырған («Мағун» сүресі, 4-5).
Халқымызда «риясыз көңіл», «риясыз іс», «риясыз сезім» деген сөздер бар. Бұл сөздер таза, кіршіксіз, шынайы ниетпен деген мағынаны білдіреді. Осылайша ата-бабаларымыз шынайы ықыласпен атқарылған істі «риясыз іс» деп атаған.
Риякерліктің дүние және ақыреттік зардаптары көп болғандықтан Ардақты Пайғамбарымыз да (оған Алланың салуаты мен сәлемі болсын) біздерді бұл жүрек дертінен сақтандырған. Бір күні Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
إِنَّ أَخْوَفَ مَا أَخَافُ عَلَيْكُمُ الشِّرْكُ الْأَصْغَرُ
«Шын мәнінде сендер үшін қорқатын нәрселерімнің ішіндегі ең қорқатыным кіші серік келтіру», – дейді. Сонда адамдар бұл сөздің мәнісін түсінбей:
يَا رَسُولَ اللَّهِ وَمَا الشِّرْكُ الْأَصْغَرُ؟ قَال :الرِّيَاءُ
«Уа, Алланың Елшісі! Кіші серік келтіру дегеніміз не?» – деп сұрайды. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Риякерлік», – деп жауап берген екен (Имам Ахмад).
Қасиетті Құран аяттары мен ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде риякерліктің өзге де зардаптары турасында көптеп айтылған.
Риякерлік дертінен сақтану үшін адам баласы әрдайым мына амалдарды атқаруға назар аударуы тиіс:
Бірінші: Әркез ниетімізді бақылау
Мұсылман адам әркез өз ниетін бақылап, дұрыстап, жаңартып отыруы қажет. Өйткені дұрыс ниетпен басталған ізгі амалдың өзіне шайтан араласып, адамның ниетін өзгертуі мүмкін. Кезінде табиғиндер сахабалардың атқарған ізгі амалдары турасында естіп, таң қалып: «Мұншалықты үлкен амалдарды қалай атқардыңыздар?» – деп сұрақ қояды екен. Сонда сахабалар: «Біздерге ол амалдарды атқару қиындық туғызған жоқ. Біз үшін ең ауыр келгені ниетімізді жөндеу болды», – дейді екен.
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
إنَّمَا الأعْمَالُ بِالنِّيَّاتِ ، وَإِنَّمَا لِكُلِّ امْرِئٍ مَا نَوَى ، فَمَنْ كَانَتْ هِجْرَتُهُ إلَى اللَّهِ وَرَسُولِهِ فَهِجْرَتُهُ إلَى اللَّهِ وَرَسُولِهِ ، وَمَنْ كَانَتْ هِجْرَتُهُ لِدُنْيَا يُصِيبُهَا أَوْ امْرَأَةٍ يَنْكِحُهَا فَهِجْرَتُهُ إلَى مَا هَاجَرَ إلَيْهِ
«Шын мәнінде, амалдар тек қана ниетке байланысты. Расында, әрбір кісіге ниет еткені тиесілі. Кімде-кім Алла және Оның Елшісі үшін қоныс аударса, ол Аллаға және Оның Елшісі үшін қоныс аударған болып саналады. Ал кім дүниеге қол жеткізу үшін немесе бір әйелге үйлену үшін қоныс аударса, оның қонысы сол көздеген мақсатта қоныс аударған болып саналады», – деп айтқан (имам Бұхари).
Бұл хадисте ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Алла мен Оның Елшісі үшін болған дұрыс ниеттің маңыздылығын көрсетіп, оның дүние үшін болған ниеттен айырмашылығын баяндаған.
Имам әл-Байдауи (Алла оны рахымына алсын): «Әрбір іс – ниетсіз дұрыс болмайды. Өйткені амалға аспаған ниетке сауап жазылады, ал ниетсіз істелген іс босқа кетеді. Жан тәнге қандай керек болса, ниет те амалға сондай қажет», – деген.
Ниет – амалды атқарардан бұрын, атқару барысында және атқарып болғаннан кейін де қажет. Риякерліктен ада болғысы келген жан құлшылықты атқарар бұрын ол істі Алланың разылығы үшін орындайтынын ниет етеді. Амал барысында да осы күйде болады. Ал құлшылықты атқарып болғаннан кейін ізгі іс атқарғанын ешкімге жария етіп мақтанбайды, барынша жасыруға тырысады.
Жазушы Мұхтар Әуезов: «Қай істің болмасын өнуіне үш шарт бар: ең әуелі – ниет керек, одан соң – күш керек, одан соң – тәртіп керек» деген екен.
Екінші: Риякерліктің зардаптарын білу
Риякерлік – адамның руханиятын ластайды әрі ізгі амалдарын жояды. Алла Тағала қасиетті Құранның «Бақара» сүресі, 264-аятында:
يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا لَا تُبْطِلُوا صَدَقَاتِكُم بِالْمَنِّ وَالْأَذَىٰ كَالَّذِي يُنفِقُ مَالَهُ رِئَاءَ النَّاسِ وَلَا يُؤْمِنُ بِاللَّهِ وَالْيَوْمِ الْآخِرِ فَمَثَلُهُ كَمَثَلِ صَفْوَانٍ عَلَيْهِ تُرَابٌ فَأَصَابَهُ وَابِلٌ فَتَرَكَهُ صَلْدًا لَّا يَقْدِرُونَ عَلَىٰ شَيْءٍ مِّمَّا كَسَبُوا
«Уа, иман келтіргендер! Мал-дүниесін ел-жұрт көрсін деген ниетпен жұмсайтын және Аллаға һәм ақырет күніне сенбейтін адамға ұқсап, берген садақаларыңды міндетсіну немесе ренжітетін сөздермен зая кетіріп алмаңдар», – деп ескерткен.
Құдси хадисте Алла Тағала:
أَنَا أَغْنَى الشُّرَكَاءِ عَنِ الشِّرْكِ، مَنْ عَمِلَ عَمَلاً أَشْرَكَ مَعِيَ فِيهِ غَيْرِي تَرَكْتُهُ وَشِرْكَهُ
«Мен құлдарымның маған серік қосуына мұқтаж емеспін. Кімде-кім жасаған амалында Маған өзгелерді серік етіп қосатын болса, оны да, Маған серік етіп қосқандарын да керек етпеймін», – деп айтқан (имам Мүслим).
Риякерлік дерті әр адамда әртүрлі дәрежеде болады. Ғалымдарымыз пенденің амалының жойылуы ондағы риякерліктің дәрежесіне қарай болатындығын айтқан.
Ықыласты адам риякерлікті сақтанып, атқарған ізгі амалдарын барынша жасырады. Халық даналығында «Жақсылық қылсаң – жасыр, жақсылық көрсең – асыр» дейді.
Әбу Хазим Саләма ибн Динар (Алла оны рақымына алсын): «Жақсылық істеріңді өзіңнің жамандығыңды жасырғаннан да артық жасырыңдар», ‒ деп өсиет қалдырған. Осы сөзге ұқсас Имам Нәуәуи (Алла оны рахымына алсын): «Біреу жасаған жамандығын естіген кезде ренжігендей жасаған жақсылықтарын естігенде де ренжісе, бұл – оның ықыласының белгісі», – деп айтады.
Осы тұста бір ескеретін жайт, риякерліктен қорқып, дінімізде көрсетілген жамағатпен намаз оқу оқу сияқты көпшілікпен атқарылатын ізгілік амалдардан тыйылу дұрыс емес. Фудайл ибн Ғияд (Алла оны рақымына алсын): «Адамдардың назарынан қорқып, ізгі амалдарды атқармай, тастап қою да риякерлік саналады», – дейді. Сол сияқты өзге адамның жақсылық қылуына себепші болу ниетімен өзгеге көрсетіп садақа беру, т.б. жақсылық істерді атқару риякерлікке жатпайды.
Қисса
Ертеде бір тақуа адамға жас жігіт келіп, тақуалыққа жетудің жолы турасында сұрайды. Сонда тақуа жан оған: «Сен бүгін түнде бейіт басына бар да, таң атқанша өлгендерді мақта. Олар саған не дейді, соны маған айтарсың», –дейді. Жігіт тапсырманы мүлтіксіз орындайды. Таңертең ерте ұстазына келіп «өліктер ешқандай тіл қатпады», – дейді. Тақуа жан оған: «Онда сен бүгін тағы бар, таң атқанша өліктерді жаманда, тілде, мүмкін сонда тіл қатар», – дейді. Шәкірт оны да орындайды. Таңертең ұстазына келіп өліктердің ләм-мим демегенін айтады. Сонда ұстаз шәкіртіне: «Сен бұл дүниеде тақуалыққа тура өліктер сияқты мақтаса да, даттаса да міз бақпайтын болғанда ғана жетесің!» – деп өсиет айтқан екен.
Үшінші: Алла Тағаланы көп зікір ету
Риякерлік жүрек дерті болғандықтан одан арылғысы келген адам Жаратушысын өте көп зікір етіп, истиғфарлар айтуы қажет. Алла Тағала қасиетті Құранның «Ниса» сүресінің 142-аятында екіжүзділер турасында:
يُرَاءُونَ النَّاسَ وَلَا يَذْكُرُونَ اللَّهَ إِلَّا قَلِيلًا
«Олар (яғни, мұнафықтар ізгі амалдарды) ел-жұртқа көрсету үшін ғана істейді. Задында, олар Алланы өте аз еске алады», – деп айтқан.
Алла Тағала бұл аятта екіжүзділердің риякерлік жасайтындығын, ақиқатында Жаратушыны өте аз еске алатындығын баяндау арқылы, мүминдерді Өзін көп зікір етуге шақырған. Тағы бір аятта Алла Тағала:
يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا اذْكُرُوا اللَّهَ ذِكْرًا كَثِيرًا
«Уа, иман келтіргендер! Алланы өте көп еске алыңдар!» – деп бұйырған («Ахзаб» сүресі, 41-аят).
Жаратушыны көп зікір ету – пенденің Алла Тағаланың разылығына бөленуіне, жүрегінің түрлі дерттерден тазаруына, күнәларының кешірілуіне себепші болады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деді: «Алланы еске алуды мақсат етіп, тек Оның ризалығын ғана қалап жиналған қауымға: «Күнәларың кешірілген күйде орындарыңнан тұрыңдар, сендердің жамандықтарыңның барлығы да жақсылықтарға алмастырылды» деп айтылады», – деген (имам Ахмад).
Ибн Салахтан (Алла оны рақымына алсын): «Алла Тағаланы көп еске алушылар деген кім?» – деп сұрағанда, ол: «Кімде-кім таңертең және кешке шариғат бекіткен әрі Алла Елшісінен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жеткен зікір сөздерін айтуменен Алланы еске алатын болса, онда ол, Алланы көп еске алушы ерлер мен әйелдердің қатарынан болып есептеледі», – деген.
Төртінші: Дұға ету
Дұға – мұсылманның қаруы. Дұға арқылы мұсылман адам Алла Тағаладан қажетін сұрап әрі дүниесі мен ақыретіне зиян әкелетін түрлі жамандықтардан сыйынып, жәрдем тілейді. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Алла Тағаладан көптеген жүрек дерттерінен сақтауын сұрап, дұға еткендігі хадистерде келген. Риякерлікке қатысты Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
اللَّهُمَّ إِنَّا نَعُوذُ بِكَ مِنْ أَنْ نُشْرِكَ بِكَ شَيْئًا نَعْلَمُهُ وَنَسْتَغْفِرُكَ لِمَا لَا نَعْلَمُ
«Иә, Аллам! Расында біз біліп тұрып Саған серік қосудан Өзіңе сыйынамыз және білмегендеріміз үшін Сенен жарылқау тілейміз!» – деп дұға еткендігі жеткен (имам Бұхари).
Риякерлік дертінен сақтануды қалап немесе бойындағы риякерліктен арылғысы келген адам осы дұғаны оқып, Алла Тағаладан жәрдем сұрап, дұға етуі тиіс.
Аталмыш дұғада Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Алла Тағалаға рияның жасырын түрінен де сақтауын сұрап, дұға еткен. Өйткені жасырын риякерліктің бойында бар екендігін адам көп жағдайда білмейді. Ғалымдарымыз жасырын риякерлікті мынадай белгілері арқылы білуге болатынын айтқан:
– Жалғыз қалғанда құлшылықты, ізгі амалдарды атқаруға жалқауланып, көпшіліктің алдында өте жеңіл атқару.
- Жақсылық амалдрдан кейін адамдардың мақтауын күту. Ешкім мақтамаған жағдайда іштей налып, ренжу.
- Адамдардың мақтауын жүрегімен сүйіп, мақтаған сайын ләззаттану.