13 Рабиғ әл-әууәл
РАЗЫЛЫҚТЫҢ САУАБЫН БІЛЕСІҢ БЕ? 4713

РАЗЫЛЫҚТЫҢ САУАБЫН БІЛЕСІҢ БЕ?

27 шілде 2025 42 Оқу 1 минут

Разылық – жүректің Раббысына деген толықтай бойсұнуы мен разы болуы. Бұл – Алланың әрбір тағдырына, жазмышына қарсы келмей, оған сеніп, сабырмен қабылдай білу деген сөз. Нағыз мұсылман басына қандай жағдай түссе де, Аллаға деген разылығын жоғалтпайды. Өйткені ол әрбір жағдайдың сынақ әрі Алланың қалауы бойынша орын алатындығын біледі. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл мәселеге өзінің хадисінде:

عَجَبًا لِأَمْرِ الْمُؤْمِنِ ، إِنَّ أَمْرَهُ كُلَّهُ خَيْرٌ ، وَلَيْسَ ذَاكَ لِأَحَدٍ إِلَّا لِلْمُؤْمِنِ ، إِنْ أَصَابَتْهُ سَرَّاءُ شَكَرَ ، فَكَانَ خَيْرًا لَهُ ، وَإِنْ أَصَابَتْهُ ضَرَّاءُ ، صَبَرَ فَكَانَ خَيْرًا لَهُ

«Мұсылман адамның ісі қандай ғажап! Оның барлық ісі қайырлы. Бұл қасиет тек мұсылманға ғана тән. Егер ол қуанышқа бөленсе, шүкір етеді және сол ісі оған қайыр алып келеді. Ал егер басына бір қиындық туса, сабыр етеді, бұл да оған қайырлы болады», – деген (имам Мүслим).

Бірінші разылық: тағдырға шағым айтпау, разы болу

Кей адамдар өмірінің кейбір сәтінде, көңілі толмай, шағым айтып отырады. Яғни жақсылыққа да, жамандыққа да наразылық танытып, бай болса да, кедей болса да, әлденеге разы емес. Әр нәрседен көңілін бұзатын тұстар тауып алады да, қуаныш пен жақсылықты көруден қалып қояды.

Әр жағдайға наразылық танытатын адамдармен сөйлесу де ауыр, себебі әр кісінің өз бастарында да уайымдары жетерлік, сол себепті біреудің мұңын тыңдап, жүктемесін еселегісі келмейді.

Бір ақын бұл туралы былай айтқан екен:

Адамдарға мұңымды ашқым келмейді,

Жүк артармын, мені кімдер елейді?

Құдайға шақсам мұңымды, қалай екен?

Алладан артық, ешкім мені білмейді.

Бір өкініштісі, кейбіреулердің денсаулығы бар, байлығы бар, бәрі жетіп тұр, бірақ үнемі қабағы қатулы, түрі суық. Күлсе де, ол кездейсоқ қателік сияқты, күлгенін тез ұмытып, қайтадан қайғысын есіне алып, мұңына батып кетеді.

Бір күні Фудайл ибн Ияд келе жатып, жол жиегінде бір адамның әлдебіреуге мұңын шағып отырғанын байқап қалады. Әлгі жан зарға толы дауыспен өмірдің қиындығын, тұрмыстың ауыртпалығын, басына түскен бәлелерді тізіп айтып отыр екен. Фудайл тоқтап қарап тұрып, сәл кідіріп:

 Сен өзіңе рақым етіп тұрған Аллаға деген мұң-шағымыңды, саған рақым етпейтін адамға айтып тұрсың ба? – деп жұмсақ түрде, бірақ салмақты үнмен тіл қатады. Сол бір ауыз сөз найзадай қадалып, адамға ой салатын сөз еді. Иә, шынында да, кімге мұң шағамыз? Қайғыңды арқалап, шарапаты жоқ пендеге төндіріп жатсаң, жүрегіңдегі разылық қайда қалды? Абай атамыздың келесі өлең жолдары ақиқаттың айғағы екен:

Қайғы келсе қарсы тұр, құлай берме,

Қызық келсе қызықпа, оңғаққа ерме.

Жүрегіңе сүңгі де, түбін көзде,

Сонан тапқан шын асыл, тастай көрме.

Жаратушы барлығын естіп-біліп тұрғанда, әлсіз пендеден жұбаныш іздеу өзіңді-өзің жұбата алмаудың, жүректегі сенімнің әлсіздігінің белгісі болса керек. Ал кім жүрегін разылықпен байытып, сабырмен сәндесе, соған Алланың өзі қуаныш сыйлайды екен.

Тағдырға дұрыс иман келтірген адам рахат өмір кешеді. Өйткені ол ризық-несібе үшін алаңдап, жүйкесі жұқармайды. Ризықтың өлшеулі екенін біледі. Жұмыста қысқартуға ұшырап қалса, ол үшін өмірден түңілмейді. Өйткені ол Алла сексен жыл өмір берген болса, сексен жылдық ризығы қамтамасыз етілгенін жақсы біледі. Тағдырға дұрыс иман келтірген адам басқаларға жалтақтап, олардан қорқып өмір сүрмейді. Өйткені тағдырда бар нәрседен қашып құтыла алмайтындығын, тағдырда жоқ нәрсеге ешқашан кезікпейтіндігін біледі. Сүйікті Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Ибн Аббасқа былай деп өсиет еткен екен:

وَاعْـلـَمْ أَنَّ الْأُمَــّةَ لَوْ اجْتَمَعَــتْ عَلَى أَنْ يَنْفَعـُوكَ بِشَـيْءٍ لَـمْ يَنْفَعُـوكَ إِلَّا بِشَـيْءٍ قَدْ كَتَبـَهُ اللَـّهُ لـَكَ وَلَوْ اجْتَمَعُـوا عَلَى أَنْ يَضُرُّوكَ بِشَيْءٍ لَمْ يَضُرُّوكَ إِلَّا بِشَيْءٍ قَدْ كَتَبـَهُ اللَّـهُ عَلَيْـكَ رُفِعَــتْ الْأَقــْلَامُ وَجَفَـّتْ الصُّحُـفُ.

«Біліп қой! Бүкіл үмбет бірігіп, саған бір пайдасын тигізбекші болса, Алла жазған пайданы ғана тигізе алады. Сондай-ақ  барлығы бірігіп, саған бір зиян келтірмекші болса, Алла жазған зиянды ғана келтіре алады. Қаламдар жазудан тоқтап, парақтар кеуіп кеткен» (Имам Термизи).

Мұны сезінген адам рахатта өмір сүреді. Ендеше тағдырға илану бізді жарқын өмірге жетелейтін, бізге позитив сыйлайтын, күш беретін фактор болуы тиіс. Ендеше, осы үнемі шағым айтып, разы болмаудың себебі не? Ол санадағы білім мен жүректегі даналықтың жетіспеушілігі. Адам өз Жаратушысын, Оның әр ісінің хикметін түсінбегендіктен Аллаға разы болмайды, Оның бергеніне шүкір етпейді. Мұндай адамның қолындағы нығметтері көп ұзамай қолынан шығып кетуі әбден мүмкін. Ал, шүкір етудің өз алдына алар орны ерекше.

Бір ғалым осы разылық туралы былай деген екен:

Уа, үнемі шағым айтып жүрген пенде!

Сен Алла Тағаланың сенен разы болғанын қалайсың, бірақ өзің Оның тағдырына, үкім-қаулысына разы емессің бе? Біле білсең, сауап істеген ісіңнің сипатына қарай беріледі. Егер сен Алланың үкіміне шын разы болсаң, Алла да сенен разы болады. Ал егер наразы болсаң, шағыммен өмір сүрсең, саған Алланың разылығы емес, ашуы түседі.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

إن عِظَمَ الجزاءِ مع عِظَمِ البلاءِ، وإن اللهَ - عز وجل - إذا أَحَبَّ قومًا ابتلاهم ؛ فمن رَضِيَ فله الرِّضَى، ومن سَخِطَ فله السُّخْطُ

«Шын мәнінде, сауаптың ұлылығы – сынақтың ауырлығына байланысты. Ақиқатында, Алла Тағала бір қауымды жақсы көрсе, оларды сынаққа салады. Кім разы болса, оған Алланың разылығы болады, ал кім наразы болса, оған Алланың ашуы тиеді», – деген (имам Термизи).

Біз шынайы бақыт пен қуаныш, жеңіс пен шаттық, рақат пен ләззат іздесек Аллаға шынайы иман келтіріп, Оның үкіміне, тағдырына разы болып, мойынсұнуымыз тиіс. Бұл шынайы иман.

Ғалымдарымыз: «Дүниеде ақыреттегі ләззатқа ұқсайтын жалғыз нәрсе бар, ол – иман мен Алланы танудың рахаты», – деген екен.

Иманның рахаты – жүрек тыныштығы, шынайы қуаныш, рухани ләззат, сабыр, сенім, нұр, кеңдік – міне, бұл – нағыз нығмет! Ал тәннің ләззаты – бұл рухани ләззаттың қасында елеусіз нәрсе. Сондықтан аятта:

إِنَّ الْأَبْرَارَ لَفِي نَعِيمٍ   وَإِنَّ الْفُجَّارَ لَفِي جَحِيمٍ

«Ақиқатында, ізгі жандар нығмеке кенелуде, ал күнәһарлар азап шегуде», – деген («Инфитар» сүресі, 13-14-аят).

Екінші разылық: нығметке шүкіршілік

Алла Тағала Құранда былай дейді:

لَئِن شَكَرْتُمْ لَأَزِيدَنَّكُمْ وَلَئِن كَفَرْتُمْ إِنَّ عَذَابِي لَشَدِيدٌ 

«Егер шүкір етсеңдер, сөзсіз арттыра түсемін. Ал егер күпірлік етсеңдер, расында азабым қатты» («Ибрахим» сүресі, 7-аят).

Имам әл-Құртуби (Алла оны рақымына алсын) өзінің тәпсірінде «Егер шүкір етсеңдер сөзсіз арттыра түсемін» деген аятты төмендегідей түсіндіреді: «Бұл аятта Алла Тағала: «Егер нығметтерімді мойындап, шүкір етсеңдер сендерге Өз кеңшілігіммен тағы да артығымен беремін» деп уәде етіп тұр».

Ал имам Хасан әл-Басри (Алла оны рақымына алсын) мұны былай түсіндіреді: «Егер сендер берген нығметтеріме шүкір етсеңдер, сендерді өзіме құлшылыққа тағы да жетелеймін».

Сахаба ибн Аббас (Алла оған разы болсын) былай деген екен: «Егер сендер Алланы бір деп танып, Оған мойынсұнсаңдар, сендерге сауапты еселеп беремін».

Осы тәпсірлердің бәрі мағыналық жағынан үндес: шүкір Алланың беретін нығметінің артуына себеп болады.

Тақуа бір кісіден: «Аллаға шүкір дегеніміз не?» – деп сұрағанда, ол: «Алланың саған берген нығметтерін Оған қарсы күнә жасау үшін емес, Оған құлшылық етуге пайдалануың», – деп жауап берген екен.

Тағы бір оқиғада, Дәуіт пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) былай деп дұға еткен: «Уа, Раббым! Саған шүкір етпекпін, бірақ Саған шүкір етуімнің өзі Сенің тағы бір жаңа нығметің емес пе?» – деген, сонда Алла Тағала: «Енді ғана Маған шүкір еттің, уа, Дәуіт!» – деп жауап берген екен.

Имам Жағфар әс-Садық (Алла оны рақымына алсын): «Егер бір адам Алланың нығметтеріне шүкір ететін болса, ол жаңа нығметтерге дайындала берсін», – деп айтқан екен.

Яғни, шүкірдің шын мағынасы Алланың берген нығметін мойындап, оны тек Оның разылығы үшін, бұйрықтарына сай пайдалану. Шүкір дегеніміз жаратушы нығметін «менікі» демей, шынайы иесіне теліп, Оған разы болу.

Ибн Аталла әс-Сакандари (Алла оны рақымына алсын): «Кім нығметке шүкір етпесе, оның жойылып кетуіне жол ашты, ал кім шүкір етсе, оны байлап, сақтағанмен тең», – дейді.

Ал дана бабаларымыз былай айтқан екен: «Шүкір – бар нығметті сақтайтын бұғау, жоғын тартатын қармақ».

Имам Ғазали былай дейді: «Шүкір – нығметті ұстап тұратын арқан. Ол арқылы нығмет тұрақтап, сақталады. Ал шүкірсіздік – нығметтің жоғалуына және өзгеруіне себеп болады».

Құранда Алла Тағала:

إِنَّ اللَّهَ لَا يُغَيِّرُ مَا بِقَوْمٍ حَتَّى يُغَيِّرُوا مَا بِأَنفُسِهِمْ

«Ақиқатында, қандай да бір қауым өздерін өзгертпейінше, Алла оларды өзгертпейді», – деген («Рағд» сүресі, 11-аят).

Тағы бір аятта:

فَكَفَرَتْ بِأَنْعُمِ اللَّهِ فَأَذَاقَهَا اللَّهُ لِبَاسَ الْجُوعِ وَالْخَوْفِ بِمَا كَانُوا يَصْنَعُونَ

«Олар Алланың нығметтерін жоққа шығарып, күпірлік етті. Сонда Алла оларға аштық пен қауіп-қатердің киімін кигізді, бұл олардың істеген істері үшін еді», – деген («Нахл» сүресі, 112-аят).

Сондықтан қандай нығметке болмасын шүкір ету – соған разы болудың белгісі.

Ислам – мұсылман баласы үшін берілген ең үлкен нығмет. Біз Алла Тағаланың кеңшілігімен мұсылман болдық.

Ислам ғұламалары: «Алланың саған жасаған ең үлкен сыйы, сені құлшылыққа лайық деп танығаны», – деген. Яғни, Алланың құлдарына берген ең үлкен нығметі, олардың жүректеріне салып қойған құлшылыққа деген ынта-ықыласы болып табылады.

Жалпы біз Аллаға қаншалықты разымыз? Қаншалықты шүкір етушіміз? Біз күнде, тіпті сағат сайын, тіпті әрбір мезет сайын Жаратушының сансыз нығметтеріне кенеліп жүрміз. Осының барлығына разы болмай, әлі күнге дейін айналамызға шағым айтып, наразы болатын болсақ, бұл үлкен қасірет.

Тіпті, егер бір патша бір адамға мол байлық, тыныш өмір, барлық керек-жарағын беріп тұрса да, әлгі адам сол бергендерін ұмытып, айналасындағыны жек көрсе, сол патшаға қарсы наразылық білдірсе, ол қараңғылық болар еді.

Ал енді сол адамның дәл сол әрекеті Алланың, бүкіл әлемдердің Раббысының берген нығметтеріне қатысты болса ше? Бұл тек надандық пен нәпсінің азғындауы ғана емес, бұл жаратылыс мақсатын толықтай ұмыту болар еді.

Үшінші разылық: Аллаға разы болу

Алла Тағала қасиетті Құранда:

مَا أَصَابَ مِن مُّصِيبَةٍ إِلَّا بِإِذْنِ اللَّهِ وَمَن يُؤْمِن بِاللَّهِ يَهْدِ قَلْبَهُ وَاللَّهُ بِكُلِّ شَيْءٍ عَلِيمٌ

«Басқа келген әр жамандық Алланың рұқсатымен ғана болады. Кімде-кім Аллаға шын көңілден иман келтірсе, Алла оның жүрегін ақиқатқа және дұрыс бағытқа бұрады. Алла барлық нәрсені біледі», – деген («Тағабун» сүресі, 11-аят).

Сахаба Алқама (Алла оған разы болсын) бұл аятты былай түсіндіреді: «Қиындық адамға жетсе, ол оның Алладан екенін біліп, оған бойсұнады әрі разылықпен қабыл етеді».

Раббысына разы болған жүрек тыныштықта ғұмыр кешеді. Абдулла ибн Масғұд (Алла оған разы болсын): «Алла Тағала Өзінің әділдігі мен хикметі арқылы шынайы тыныштық пен қуанышты – иман мен разылықта, ал күйзеліс пен қайғыны – күмән мен наразы болуда жаратты», – деген екен. Яғни, жүректе иман мен Алланың үкіміне разылық болса, адам рухани тыныштық пен қуаныш табады. Ал күмән мен тағдырға риза болмау жүректі уайым мен мұңға толтырады. Расымен, разы болған адам басына қандай хал түссе де, Аллаға наразылық айтпай, сол халіне разы болады.

Омар және Ибн Масғуд (Алла оларға разы болсын) сынды үлкен сахабалардың: «Біз басымыздағы кез келген жағдайға разымыз – қиыншылық болса да, кеңшілік болса да», – деп айтқан сөздері баршамызға үлгі тұтарлық.

Омар ибн Абдулазиз (Алла оны рақымына алсын): «Мен үшін ең үлкен қуаныш – Алланың үкімі мен тағдырына разы болу», – деген екен. Осы дәреже – нағыз жан тыныштығы мен жүрек қуанышы. Алла Тағала Құранда:

مَنْ عَمِلَ صَالِحًا مِّن ذَكَرٍ أَوْ أُنثَى وَهُوَ مُؤْمِنٌ فَلَنُحْيِيَنَّهُ حَيَاةً طَيِّبَةً وَلَنَجْزِيَنَّهُمْ أَجْرَهُم بِأَحْسَنِ مَا كَانُوا يَعْمَلُونَ

«Мейлі ер болсын, әйел болсын, кімде-кім мүмин ретінде сауапты да игілікті істер атқарса, Біз оған міндетті түрде жақсы өмір сыйлаймыз. Сондай-ақ оларды дүниеде істеген ең игі, жақсы істерінен де сый-сияпатқа бөлейміз», – деген («Нахл» сүресі, 97-аят).

Ғалымдарымыз бұл аятты: «Жақсы өмір – бұл разылық пен шынайы бақыт», ал: «Разылық – бұл Алланың ұлы есігі, дүние бағы және ғибадат етушілердің саясы», – деп түсіндірген.

Разы болғандар – әр сәтте Раббысының жақсылығын көреді. Олар өздеріне келген сынақты Алланың пендесіне деген қамқоры ретінде қабылдайды. Алланы ешқашан үкімінде әділетсіздік жасады деп күмәнданбайды. Алладан разы болудың сыйын аңғарып, сол разылықпен қиындықтың өзін ұмытады. Раббыларының ұлылығы мен жақсылығын ойлап, ауыртпалық сезімін де сезбейді. Бұл Алланы шынайы танып, жақсы көргендердің дәрежесі.

Фудәйл ибн Иядқа бір кісі:

  • Алланы шын сүйетін адам қашан махаббат кемелдігіне жетеді? – деп сұрайды.

Сонда Фудайл:

  • Қашан саған Алла бір нәрсе берсе де, бермесе де – екеуі сен үшін тең болса, міне, сол кезде сен шын сүйгендердің қатарында боласың, – деп жауап берген екен.

 

Қисса

Ибн Әби Хауари деген ғалымға бір адам келіп, жүрегіндегі сауалын ашық қояды:

  • Уа, ибн Әби Хауари! Сабырдан асқан сауап бар ма? Қандай іс ең үлкен сауап әкеледі? – деп сұрайды.

Сонда ибн Әби Хауари сәл ойланып, мейірімді үнмен былай деп жауап береді:

  • Иә, бар! Ол – Алла Тағалаға разы болу.

Әлгі адам таңырқап:

  • Ол қалай? Сабырдың сауабы шексіз емес пе еді? – деп жауап қатады.

Ибн Әби Хауари жылы жымиып:

  • Сен дұрыс айтасың, егер Алла сабыр еткендерге шексіз сауап уәде етсе, разылық танытқан пенделерге қандай шексіз нығмет пен марапат дайын тұрғанын ойлап көр, – деген екен.

Сол сәтте әлгі адамның жүрегі тынышталып, ол кісінің жауабына дән риза болған екен. Себебі сабыр – бұл тағдырдың сынағына төзу болса, разылық – жүректің толық мойындауы, шүкірлікпен толығуы. Разылық – Раббымыздың бергеніне разы болып, кез келген жағдайда Оның мейірімін сезіну.

 

Құрметті жамағат!

Аллаға шынайы разы болған пенде, ішкі тыныштық пен бейбітшілікті табады, өйткені оның жүрегі Раббысына шынайы мойынсұнған, әрі әрбір істің қайыры бар екендігіне кәміл сенеді. Разылық – шынайы иманның асқар шыңы, пенденің Раббысына толықтай сеніп, бойсұнуының көрінісі. Разы болу тек сабыр ету емес, тағдырдағы әрбір үкімнің артында хикмет жатқанын мойындау. Бұл – иманның ләззатына жеткен жүректің халі. Себебі иман иесі Алланың әрбір қалауын әділетті деп біліп, жүрегін үмітпен, тілін шүкірмен, көзін хикметпен әсемдейді. Бұл жай ғана теориялық білім емес, бұл жүрек пен амалдың сабақтастығын талап ететін өмірлік ұстаным, жүректің тыныштығы, иманның ең жоғары көрінісі.

Сондықтан өмірде басымызға қандай жағдай түссе де, шағым емес, шүкір айтуды үйренейік. Сабырдан асып түсетін разылықтың дәмін татып көрейік. Себебі Алла Тағала тағдырға разы болған құлдарына Өзі де разы болады. Алла Тағала Құранда:

رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمْ وَرَضُوا عَنْهُ

«Алла оларға разы, олар да Аллаға дән риза», – деген («Бәйина» сүресі, 8 аят). Сонымен қатар тағы бір аятта:

يَا أَيَّتُهَا النَّفْسُ الْمُطْمَئِنَّةُ (27) ارْجِعِي إِلَىٰ رَبِّكِ رَاضِيَةً مَّرْضِيَّةً (28) فَادْخُلِي فِي عِبَادِي (29) وَادْخُلِي جَنَّتِي (30)

«Уа, (Аллаға иман келтіріп, құлшылық етіп, дұға етіп) жаны жай тауып, көңілі орныққан жан! Раббыңа: «Сен Раббыңнан, ал Раббың сенен разы болған күйде» қайт! Қане, (Маған құлшылық етіп, ең асқақ, мәртебеге жеткен) хас (ерекше) құлдарымның қатарына сен де қосыл! Сөйтіп, жаннатыма кір!»

Ибн Аббас (Алла оған разы болсын) былай дейді: «Бұл – Алланың сауабына разы болған жан». Ал Хасан әл-Басри (Алла оны рақымына алсын): «Бұл – иман келтіріп, жүрегінде күмәні жоқ мүмин», – деген екен.

Қорыта айтқанда, осы дәрежеге жету әрбір мүминнің арманы. Ендеше, жүрегімізді разылықпен безендіріп, өмірімізді шүкірмен өрнектейік. Бұл – мүминнің шынайы бақыты, шынайы нығметі.