Имам Шәууәл айында жамағатқа ауызашар берді
Ақтөбе қаласы “ Бақытжан” мешітінде Шәууал айының құрметіне жамағатқа арналған ауызашар дастарханын ұйымдастырды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Кімде-кім Рамазанды оразамен өткізіп, бұдан кейінгі шәууәл айында алты күн ораза ұстаса, жыл бойы ораза ұстағанмен бірдей» - дейді. Бұл ораза сауабының бір жылға пара-пар келуін былайша түсінуге болады. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Кімде-кім бір жақсылық жасаса, оған оның он есе қарымы беріледі» – деген. Ғалымдар Шәууәл айындағы алты күн оразаның бір жылдық сауабын осы аятпен байланыстырады. Рамазан айындағы отыз күн мен Шәууәл айындағы алты күн қосылғанда, отыз алты күн болады. Бұл сан он есеге көбейтілсе, үш жүз алпыс күнді құрайды. Міне, бұл да Жаратушы Иеміздің бізге деген шексіз мейірімі.
Іс-шара барысында мешіт жамағаты бір дастархан басында бас қосып, рухани сұхбат құрып, өзара бауырластық пен бірлікті нығайтты. Ауызашарға жиналған қауымға мешіт имамдары Шәууал айының артықшылықтары туралы уағыз айтып, ораза ұстаудың сауаптары мен оның мұсылман өміріндегі маңызына тоқталды.







































