“Уақып” қоры директоры подкастта сұхбат берді
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы «Уақып» корпоративтік қайырымдылық қорының директоры Азамат Әбдікәрімұлы Ақтөбе облысына арнайы 2 күндік іс-сапармен келген болатын. Осыған орай “Мұнара ТВ” телеарнасының подкастына қонақ болып, мазмұнды сұхбат берді.
Сұхбатқа сонымен қатар Ақтөбе облыстық орталық “Нұр Ғасыр” мешітінің наиб имамдары Жексенбай Торбаев және Нұрбол Смағұлов қатысып, келген қонақпен бірқатар маңызды сауалдардың төңірегінде әңгіме өрбітті. Подкаст барысында «Уақып» қорының негізгі мақсат-міндеттері, еліміздегі қайырымдылық мәдениетін дамыту, әлеуметтік жобаларды жүйелі түрде жүзеге асыру мәселелері кеңінен сөз болды.
Азамат Әбдікәрімұлы қор жұмысының бағыттарына тоқталып, уақыптың исламдағы орны мен маңызына ерекше назар аударды. Сондай-ақ, мешіттер жанынан жүзеге асырылып жатқан игі бастамалар, мұқтаж жандарға көрсетіліп жатқан көмек түрлері және алдағы жоспарлар жайында да тың ақпараттармен бөлісті.
Сонымен қатар Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бен сахабалар заманында, ата-бабаларымыздың уақытында жасалған уақыптардан мысалдар келтіріліп, ғибратты оқиғаларға тоқталды.
Подкаст барысында өңірдегі діни ахуал, жамағатпен жұмыс жүргізу, жастарды ізгілікке баулу және қоғамда қайырымдылық құндылықтарын насихаттау мәселелері де қозғалды. Қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға нақты жауаптар беріліп, тәжірибе алмасу алаңы қалыптасты.
Айта кетейік, мұндай мазмұнды кездесулер мен сұхбаттар қоғамда ізгілік пен жанашырлық құндылықтарын арттыруға, сондай-ақ «Уақып» қорының қызметін кеңінен танытуға оң әсерін тигізеді.








































