УАЙЫМДЫ ЖЕҢУДІҢ ЖОЛЫ 421

УАЙЫМДЫ ЖЕҢУДІҢ ЖОЛЫ

23 желтоқсан 2020 380 Оқу 1 минут

Бүгінде біз адамзат бұрын соңды қол жеткізбеген ғылыми және техникалық жетістіктер заманында өмір сүрудеміз. Адам өмірін мейлінше қолайлы да рақат ету үшін барлық жағдай жасалуда. Десе де, адам баласының рақатын быт-шыт ететін стресс, дипресия деген сияқы рухани дерттер бар. Бұл аурулардан арылтатын кереметтей ем жолын іздеп жатқан мамандар көп. Түрлі әдістері мен жолдарын ұсынуда. Барлығы да уақытша немесе біреулерге әсер етсе, екінші біреулерге түк пайдасы жоқ. Бірақ, адамның жүрегін толықтай тыныштандырып, жанға жайбарақат сезім сыйлайтын ем табылмай келеді.

Жабырқаған көңілді саябақтарда серуендеумен немесе кафелерде дәмді ас ішумен жұбатуға әрекет ететіндер бар. Әрине, мұның да белгілі дәрежеде көмегі бар. Дейтұрғанмен адам құлазудан құтылып, бойына жаңа күш-қуат жинау үшін бұл аздық етеді. Қолда бар алтынның қадірі жоқ демекші, біз әр нәрседе көбіне-көп дамыған батысқа еліктеуге әуеспіз. Қала берсе, біздің дүниетаным мен өмір сүру салтымыз түбегейлі басқа. Айырмашылықтар көп-ақ. Ал, бұл өз кезегінде маңызды фактордың бірі. Батыс адамның күйзелісі мен біздің уайымымызға әсер етуші себептер аспан мен жер сияқты құбылыс. Әркімге өз туған жері мен ауасы ем болатыны сияқты біз де мұндай дерттердің шипасын өз руханиятымыздан іздегеніміз жөн. Құран Кәрімде: «Иман келтіргендер, Алланы еске алу арқылы көңілдері жай тапқандар. Естеріңде болсын, Алланы еске алумен жүректер тынышталады[1]»,-деп ең басты шипаның әдісін айтуда. Бұған қоса, әз-пайғамбарымыз (с.ғ.с.) да көңіл құлазуы мен уайымды жеңетін кеңестері бар. Абдулла бин Масғұд (р.а.): Мен Алла елшісінің (с.ғ.с.) былай деп айтқанын естідім: «Кімде-кім уайым-қайғыларын бір етіп, ол уайымы да ақырет қамы болса, Алла Тағала оның дүние уайымдарына жеткілікті болмақ. Ал, кімнің дүние жағдайларына қатысты уайымы салаланып, тармақталып кетсе, Алла Тағала оның қай жерде құрдымға кеткеніне қарамайды[2]»,-деген.

Міне, аталмыш хадис уайымның себебін анықтауға және дұрыс диагноз қоюға үйретеді. Әрине, уайымның басты себебі ақыретті түбегейлі ұмыту, ысырапқа салыну және дүниелік істерге бас-аяғымен тұтасқай кіріп кету. Бір мезгіл ақыретін ойлайтын болса, дүниелік уайымы әлде қайда жеңілдей түсер еді.

Пайғамбарлық ем-дауа ең әуелі дерттің себебін анықтауға бағытталған. Дерт қайдан шығып жатқанын толығымен түсінбейінше ешбір дәрі-дәрмек көмектеспейді. Демек, уайым-қайғыдан құтылмақ үшін басты мақсат ақырет амалы екенін бар болмыспен түсіну. Ол дегеніңіз тек бүгінгі күнмен өмір сүруді және барлық нәрсені материалдық игіліктермен өлшеуді доғару. Тән азығы үшін қам-қарекет еткеніміздей, жан азығына да бір мезгіл уақыт ажырату маңызды екенін ұғынатын кез келді. Қала берсе, хадисте айтылғандай жан азығын біршама жоғары қою керек. Әйтпесе, дүниенің уайымымен өмірін өткізген адамның ең соңғы жағдайы хадисте айтылғандай Құдай тарапынан ескерусіз қалады.

Осы тұста дұрыс түсіну қажет болған мәселе – ақырет қамын ойламақ дүние ісіне мән бермеу, қала берсе кейбір дінді жансақ түсініп, бала-шағасын қараусыз қалдырған адамдар сияқты болу деген сөз емес. Құран Кәрімде: «Алланың саған берген дәулетімен ақырет жұртын ізде де дүниедегі несібеңді де ұмытпа...[3]»,-әмірі соның бір айғағы.

Әбу Сағид Худри (р.а.) риуаят еткен хадисте былай әңгімеленеді: Алла елшісі (с.ғ.с.) мешітке кіріп келсе, Әбу Умәмәт есімді ансарлық кісі отырған көрінеді. Оған: «Әй, Әбу Умәмәт! Намаздан тыс беймезгіл уақытта мешітте не істеп отырсың?,-деп сұрады. Ол: Уа, Алла елшісі! уайым мен қарыз мазамды қашырды,-деді. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Саған айтар болсаң, Алла Тағала, уайым мен қарыздан құтқаратын сөздерді үйретейін бе?»,-деді. Иә, үйретіңіз, уа расул Алла!,-деді. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Таң атқанда және кеш батқанда: Аллаһуммә инни әъузу бикә минәл һәмми уәл хазан, уә әъузу бикә минәл ъажзи уәл кәсәл, уә әъузу бикә минәл жубни уәл бухли уә әъузу бикә мин ғоләбәтид дайни уә қаһрир рижәл (мағынасы: Уа, Алла! Сенен уайым мен қайғыдан пана сұраймын, дәрменсіздік пен жалқаулықтан пана сұраймын, қорқақтың пен сараңдықтан пана сұраймын және қарыздың қыспағы мен адамдардың өктемдігінен пана сұраймын),-деп айт»,-деді. Осылай жасап едім, Алла Тағала бойымнан уайым-қайғыны кетірді және қарызымды өтедім[4]»,-деген екен.

Міне, бұл хадис әуелгі аят-хадистерді қуаттай келе дәрменсіздік таныту, жалқаулық, қорқақтық, сараңдық сынды уайымға және қарызға себеп болатын жайттарды да меңзеп, солардан арылу керектігін білдіруде.


МҰСА Ербатыр,

арнайы nurgasyr.kz үшін


[1] Рағд сүресі, 28-аят

[2] Ибн Мажа

[3] Қасас сүресі, 77-аят.

[4] Әбу Дауд