ЕСІРТКІ ҚОЛДАНУДЫҢ ШАРИҒИ ҮКІМІ ҚАНДАЙ? 2598

ЕСІРТКІ ҚОЛДАНУДЫҢ ШАРИҒИ ҮКІМІ ҚАНДАЙ?

27 наурыз 2023 108 Оқу 1 минут

Имам әл-Ғазали «әл-Мустасфа» еңбегінде: «Шариғат бес нәрсені – дінді, жанды, ақылды, ұрпақты және мал-дүниені сақтауды көздейді. Осы бес нәрсені сақтауға бағытталған әрекеттің барлығы игі іс, ал бұл бесеуіне зияны тиетін әрекеттің барлығы зиян, оны тоқтату, алдын алу игі іс», – деген. Есірткіні қолдану осының бесеуіне де зиянын тигізеді.

Есірткі қолданатын адам Алла Тағаланың бұйрықтарына бағынбайды, орындауы керек парыздарды орындамайды, күнә істеуден қорықпайды. Мұның ақыры дінді сақтамауға, ақыреттегі нығметтерден мақұрым қалуға алып барады. Сондай-ақ есірткі адамның санасын улап, денсаулығына зиян берумен қатар, өзіне тәуелді етіп, ақыры өлімге душар етеді. Нашақордың жыныстық қабілеті де төмендеп, одан туған балалар көбіне кеміс, ақыл-есі кем болады. Демек нашақорлық адамның дініне, денсаулығына, тіпті болашақ ұрпағына зиян тигізумен қатар, оны қылмысқа итермелеу арқылы қоғамға да зардабын тизізеді.

Есірткінің шариғатымыздағы үкімі – харам. Ғалымдарымыз бұған қатысты бірнеше дәлел келтірген. Алла Тағала «Мәида» сүресінің 90-аятында: «Уа, иман келтіргендер! Ақиқатында, арақ, құмар ойындары, пұттар, және (бал ашуға тігілетін) жебелер – шайтанның лас істерінен. Одан аулақ болыңдар, бәлкім, мұратқа жетерсіңдер!» – деген. Арақ адамды мас етіп, ақылынан айырады. Есірткі де сондай, демек оны қолдану да харам.

Алла Тағала «Ағраф» сүресінің 157-аятында: «Оларға жақсы нәрселерді халал етіп, лас нәрселерді харам ететін...» – деген. Ақыл жүгірткен адам есірткіні лас нәрсеге жатқызатыны анық. Сондай-ақ Алла Тағала «Бақара» сүресінің 195-аятында: «Өздеріңді өз қолдарыңмен апатқа ұшыратпаңдар...» – деген. Шариғатымыз адамның өміріне, денсаулығына зиян тигізетін кез келген нәрседен аулақ болуға шақырады. Ал есірткі физикалық, психологиялық және қоғамдық зардаптарға душар етеді.

Имам ибн Әбидин өзінің кітабында: «Гашиш, апиын қолдану – харам. Өйткені ол ақылдан адастырады әрі Алланы еске алудан, намаз оқудан тосады», – деген.

Қорыта айтқанда, нашақорлық адамның өзіне де, қоғамға да аса зиян. Сондықтан шариғатымыз есірткі қолдануды харам етті. Сол сияқты есірткіні сату, сатып алу, сол арқылы пайда табуды да харам еткен. Себебі харамға алып баратын нәрсенің өзі де харам.

 

Медет Құрмашұлы,

«Иман» журналы, №1, 2023 жыл