Уахаби ағымының бидғатқа көзқарасы
Уахаби ағымының ғалымдары шектен шығу салдарынан әлемде дін құндылықтары насихатталудың орнына, әлемнің рухани тоқырауына, кері кетуіне сеп болды.
Жазаири «Инсаф» кітабында: «Бұл ағымның ұстанымында Құран мен хадисте айтылмаған әрбір салт, сөз және іс-әрекет – бидғат. Басқаша айтқанда, Пайғамбар (с.ғ.с.) және сахабалар дәуірінде айтылмаған, жасалмаған әрбір іс – дінге жат деген түсінік қалыптасқан[1]»,-дейді. Әрине, бұл өз кезегінде қарама-қайшылық тудырады. Өйткені, ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.):
مَنْ سَنَّ سُنَّةَ خَيْرٍ فَاتُّبِعَ عَلَيْهَا فَلَهُ أَجْرُهُ وَمِثْلُ أُجُورِ مَنْ اتَّبَعَهُ غَيْرَ مَنْقُوصٍ مِنْ أُجُورِهِمْ شَيْئًا وَمَنْ سَنَّ سُنَّةَ شَرٍّ فَاتُّبِعَ عَلَيْهَا كَانَ عَلَيْهِ وِزْرُهُ وَمِثْلُ أَوْزَارِ مَنْ اتَّبَعَهُ غَيْرَ مَنْقُوصٍ مِنْ أَوْزَارِهِمْ شَيْئًا
«Кімде-кім жақсы іс бастаса, оған жұрт ілессе бастамашыға ісінің сауабы және оған ілесушілер сауабы болмақ. Бірақ, ілесушілердің сауабы ешбір кемімейді. Ал, кімде-кім жаман іске бастамашы болса, оның артына жұрт ілесіп жатса, істі бастаушыға өз күнәсі және ілесушілердің күнәсі болмақ. Бірақ, ілесушілердің мұнан күнәсі ешбір кемімейді[2]». Хадисті сахаба Жарир бин Абдулла Бажили риуаят еткен. Міне, бұл хадисте жақсылық бастамаға қойылып тұрған шарт – шариғаттың қайнар көздері Құран мен хадис қайшы келмеуі. Осы талаппен әрбір жақсылықты дініміз құптап, қолдайды. Омар бин Хаттаб (р.а.) сахабалар жамағат боп тарауих намазын оқып тұрғанын көргенде: «Бұл тамаша бастама (бидғат)» деп құптағаны хадис кітаптарында жазылған. Игі бастаманы – жақсы бидғат деп атаған. Әрине, шариғатқа керағар жаңашылдықты ешбір ғалым қолдамайды. Алайда, бір жақтама сахабалар дәуірінде болмаған әрбір жаңашылдыққа қарсы шығу да шариғатқа дұрыс келмейді.
Уахабизм түсінігі бойынша, студенттердің бітіру рәсімдері, ұжымның кәсіптік мерекелерінде басқосулары сияқты жиынның өзі дінге қайшы. Әрине, мұның артында діни сауаттың саяздығы, соқыр сенім тұр. Мәселен, бұл ағымның діни көзқарасында сазды аспаптармен мереке ұйымдастыру барып тұрған сорақылық. Дінге жат. Алайда, әз-пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірінде мұндай оқиғалар болды ма? Бұған Алла елшісі (с.ғ.с.) не деген? Хазрет пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Меккеден Ясрибке қоныс аударып келгенде, ансар сахабалар қолдарына құрманың әдемі бұтақтарын ұстап, ән-күймен қарсы алғаны барлық деректерде бар. Сонымен бірге, ешбір деректе Алла елшісінің (с.ғ.с.) мадиналық халықтың осылайша қарсы алуына тиым салмағаны да белгілі. Қала халқы көшелерде у-шу боп, өлең айтып, құрманың әсем шоқтарын гүл іспетті етіп қошемет етіп құтты қонақты қарсы алды. Мадиналықтар ұлттық аспаптарымен «Талағал бадру алейнә, мин саният уадағ» деп әндетті. Олар Алла елшісіне (с.ғ.с.) жыр арнап: «Бізге толған ай келді. Уадағ жотасы жағынан» деп қуаныш сезімдерін паш етті.
1989 жылы қажылық маусымында, Мекке шаһарында жүргізілген лекциялардың бірінде: «Сақалын қырған адам кәпір болуға жақын», - деген сөздер айтылды. Кез келген мәселеде айтылатын сөз Құран, хадис және ғалымдардың пәтуасы илегінен өткізу қажет. Сақал мәселесі үш пайғамбар үмбетіне ортақ салт. Мұсылмандармен қатар яхуди мен насара дінінде де бар дүние. Құран Кәрімде:
يَا أَهْلَ الْكِتَابِ لَا تَغْلُوا فِي دِينِكُمْ وَلَا تَقُولُوا عَلَى اللَّهِ إِلَّا الْحَقَّ ۚ
«Уа, Кітап иелері! Діндеріңде артық кетпеңдер. Аллаға байланысты шындықты айтыңдар...[3]»,-аяты өлшем болуы қажет. Хадисте:
إِنَّ اللَّهَ لا يَنْظُرُ إِلَى صُوَرِكُمْ وَأَمْوَالِكُمْ وَلَكِنْ يَنْظُرُ إِلَى قُلُوبِكُمْ وَأَعْمَالِكُم ْ
«Расында, Алла Тағала сендердің бет-бейнелеріңе және мал-дүниелеріңе қарамайды, Алла сендердің жүректерің мен амалдарыңа қарайды[4]»,-деп айтылған. Омарұлы Абдулла (р.а.) сахаба риуаят еткен мына хадиске зер салыңыз:
إِنَّ اللَّهَ لَا يَجْمَعُ أُمَّتِي عَلَى ضَلَالَةٍ ، وَيَدُ اللَّهِ مَعَ الْجَمَاعَةِ
«Ақиқатында, Алла Тағала менің үмбетімді адасушылық бағытта көпшілік етіп топтастырмайды. Алла Тағаланың қолдауы жамағатпен бірге[5]». Бұл риуаятта мұсылман үмбетінің басым көпшілігі ұстанған бағытының ешуақытта шариғат шеңберінен шығып кетпейтіндігін көрсетеді. Сонымен қоса, көпшілік қайда болса Құдайдың қолдауы сонда екенін аңғартады.
Бүгінгі таңда, уахабизм идеологиясы тек біздің елге ғана емес араб әлемінің ғалымдарының да басты проблемасы болып тұр. Әлемнің бүгінгі бет-бейнесінде жат ағыммен күресте заман талабына сай әдістер пайдалу қажет. Мешіттегі тұрақты дәрістермен қатар, әлеуметтік желіде де қажетті және өзекті тақырыптар төңірегінде дер кезінде ақпарат беріп отыру қажет. Имамдық практикамда түйгенім, әр уақытта бір-екі қадам ілгері тұру қажет. Мәселен, рамазан айына және оразаға қатысты маңызды ақпараттарды кем дегенде бір ай алдын таратуды бастау қажет. Мұндай әдіс көптеген келеңсіздіктің алдын алады. Қысқаша айтқанда, әр жағдайда мәселенің салдарымен емес себебімен жұмыс істеуге, күресуге дағдылану қажет.
Бақыт Тойшыбаев,
Шалқар ауданының Бас имамы
[1] Жазаири, Инсаф, 21-бет
[2] Тирмизи
[3] Ниса сүресі, 171-аят.
[4] Муслим.
[5] Тирмизи.