ДІҢ ЖАСУШАЛАРЫ ДОНОРЛЫҒЫНЫҢ ҮКІМІ 4462

ДІҢ ЖАСУШАЛАРЫ ДОНОРЛЫҒЫНЫҢ ҮКІМІ

07 мамыр 2025 160 Оқу 1 минут

Дің жасушалары донорлығы – адамның сүйек кемігінің гемопоэздік дің жасушаларын (ГДЖ) науқасқа транспланттау процесі.

Бұл онкогематологиялық ауруларды (лейкемия, лейкоз, апластикалық анемия, ауыр аралас иммун тапшылығы синдромы, әртүрлі туа біткен қан аурулары және т.б.) емдеудің ең тиімді әдісі. Сүйек кемігінің дің жасушалары перифериялық қан арқылы (қарапайым қан донациясы сияқты) алынады[1].

Ғалымдар сүйек кемігінің гемопоэздік дің жасушаларын транспланттауға қан донорлығының үкіміне салыстырып рұқсат берген[2]. Өйткені дің жасушалары донорлығы шариғаттың өзара бір-біріне көмектесу және бүкіл адамзатты өлімнен құтқару принципіне сай келеді. Алла Тағала қасиетті Құранда:

وَتَعَاوَنُوا عَلَى الْبِرِّ وَالتَّقْوَىٰ

«Ізгі істерде және тақуалықта бір-біріңе жәрдемдесіңдер»[3];

وَمَنْ أَحْيَاهَا فَكَأَنَّمَا أَحْيَا النَّاسَ جَمِيعًا

«Кім біреуді өлімнен құтқарып қалса, бүкіл адамзатты өлімнен құтқарғандай болады»[4], – деген.

Сондықтан сүйек кемігінің гемопоэздік дің жасушаларын науқасқа ауыстырып орналастыруға болады. Алайда мынадай шарттардың табылуы тиіс:

  1. Аса зәруліктің болуы, яғни оның орнын басатын таза баламасы жоқ әрі сенімді, білікті медицина мамандарының шешімімен науқас адамның өмірін сақтап қалудың жалғыз жолы һәм емі болуы;
  2. Донордың денсаулығына ешқандай зиян тимеуі;
  3. Донордың өз еркімен, разылығымен беруі;
  4. Дің жасушаларын транспланттау процесі білімді, білікті дәрігерлердің бақылауымен жүзеге асуы.

 

ШЕШІМ:

Сүйек кемігінің гемопоэздік дің жасушаларын науқасқа транспланттауға  шариғи тұрғыдан рұқсат етіледі. Алайда мынадай шарттардың табылуы тиіс:

  • Аса зәруліктің болуы;
  • Донордың денсаулығына ешқандай зиян тимеуі;
  • Өз еркімен, разылығымен беруі;
  • Бұл процесс білімді, білікті дәрігерлердің бақылауымен жүзеге асуы.

 

ҚМДБ Ғұламалар кеңесі

[1] Наркоз арқылы жамбас сүйектен тікелей алынатын тәсілі де бар. Бірақ ол қазіргі таңда сирек пайдаланылады.

[2] https://www.dar-alifta.org/ar/fatawa/11497/%D8%B9%D9%85%D9%84%D9%8A%D8%A9-      

[3] «Мәйда» сүресі, 2-аят.

[4] «Мәйда» сүресі, 32-аят.

Ұқсас жазбалар

Ақтық сапар

Ақтық сапар

28 қазан 2021 6459
САБЫР

САБЫР

09 наурыз 2026 166
ПАЙҒАМБАР ТӘЛІМІ

ПАЙҒАМБАР ТӘЛІМІ

02 қазан 2023 149