Тура биде туған жоқ...
Бірде Халифа Омар базардағы нарықты бақылап, малдың жағдайын білу үшін арнайы базар аралауға шығыпты. Базарда малдың ішінен семіз түйегі көзі түседі.
- Мына түйе кімдікі?, - дейді халифа.
- Сіздің ұлыңыз Абдуланың түйесі, - дейді саудагерлер.
- Сауданы тоқтатыңдар, Абдулланы тез мұнда алып келіңдер!, - дейді ашуланып Халифа. Әкесінің мінезін білетін баласы тезарада жетіп келеді.
- Ей, Абдулла! Мына түйе сенде қайдан жүр?!, - деп сұрайды.
- Өз қаражатыма сатып алған түйем. Зекетке түскен түйелермен бірге өріске жаямын. Сосын семіртіп базарға шығарамын. Басқа мұсылмандар сияқты табысым адал, - дейді. Баласының бұл сөзіне Халифа Омардың көңілі тола қоймады. Ашуға мініп: Зекет түйелеріне неге қосасың. Малшылар: Мұсылмандар әмірішісінің баласы қосқан түйесіне су беріңдер. Жем-шөбі таусылып қалмасын, - деп ерекше күтіммен бағады. Сен оны осылай семірттің бе? Әкеңнің қызметін пайдаланып түйе бағып жүрсің бе? Ей, Абдулла! Мен тірі тұрғанда бұған жол бермеймін! Сен әлде әкеңді тозаққа кіргізгің келе ме?!, - деген Халифа баласына: Сенің түйеңді зекет қызметкерлері семіртті. Жем-шөбін де берген солар. Сондықтан түйеңді сат. Өз ақшаңды ал. Үстінен көрген табысыңды қазына өткіз», - деген екен қара қылды қақ жарқан әділетті Халифа Омар.
Тағы бірде Халифа Омар ибн Хаттабқа Шам аймағының әкімі келеді. Мұсылмандар әміршісіне деп Шам өлкесінен арнайы әкелінген сый-сияпатын ұсынады. Өте қымбат халуа екені көрініп тұр еді.
- Арнайы тапсырыспен Сіз үшін жасаттым, - деп мақтап жатты әкім.
- Шам халқының барлығы осындай сапалы тәттілер жейді ме?, - деп сұрады Омар.
- Жоқ, бұл тек сізге арнайы жасалған қымбат әрі сапалы халуа, - деді.
- Мына халуаны базарға апарып сатыңдар. Ақшасын қазынаға өткізіңдер, - деді Хаттабтың ұлы Омар. Халифаның ашуын білгендіктен ләм-мим демей тез арада тапсырма орындалды.
Кезінде ардақты пайғамбарымызға (с.ғ.с.) немере ағасы Аббас (р.а.): «Ей, Алланың Елшісі! Маған қызмет беріңіз», - деп өтінеді. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): Уа, Аббас! Уа, пайғамбардың көкесі! Менен қызмет сұрамаңыз. Қызмет мына дүниеде – аманат, ақыретте – масқаралық пен өкініш. Мұндай өкініштен тек қызметке қиянат етпеген адам ғана құтылады», - деп жауап беріпті. Бұл өсиетті халифа Омар жақсы түсінді. Сол себепті де, аманатқа титтей де қиянат жасамай, мемлекет қазынасынан шашау шығармады. Ол қазына халықтың игілігіне жұмсалуын жіті қадағалаған жан.
«Тура биде туған жоқ» деген қазақтың мақалы нақ осындай әділетті жандарға арналса керек-ті. Пайғамбар өсиетін екі етпей, мүлтіксіз орындауға тырысқан саңлақ сахабалар әр істе әділдік пен шынайылықтың шыңын көрсете білді. Асыл қасиеттерді бойына сіңіруге тырысқан бүгінгі сіз бен бізге осындай жандардың әрекеті қашанда үлгі-өнеге. Мақалдың жалғасында «туғанды биде иман жоқ» деп түйіндейді. Лайым Жаратқан Ием, біздің қоғамды осындай имансыздардан сақтағай деп тілейік!
Төлеби Оспан