ТӘУЕЛСІЗДІК – БИІК ТҰҒЫРЫМЫЗ
Қасиетті Құран Кәрімнің «Нахл» сүресінің 18-аятында Алла Тағала:
«Алланың нығметін санасаңдар санына жете алмайсыңдар. Әлбетте Алла жарылқаушы, (әрі) рақымшыл», - деген. Жаратушымыз адамзат игілігі үшін бұл әлемде сансыз нығметтер жаратып, шексіз жақсылықтарды нәсіп етті. Сол нығметтердің ішінде қазақ үшін ең теңдессіз әрі қарымы жоқ бақ -тәуелсіздік.
Тәуелсіздік - халқымыздың зарыға жеткен асыл арманы, мұңмен келген мұраты. Бұл жолда қаншама тағдыр үзіліп, қаншама тұлғалар қыршын кетті. Соның барлығының бір-ақ мүддесі, жалғыз ғана аңсары, кейінгі ұрпаққа азаттықтың арайлы таңын сыйлау еді. Шын түйсініп, сезінген жанға бұл арайлы таңның атуы қиылған ғұмырлар мен төгілген жастың, тамған қан мен сарқылған тердің қарымы секілді. Ендеше, басымызға қонған осы бір бақтың баянын жоғалтып алмай, ұстап қалу бүгінгі біздің ең маңызды міндетіміз болмақ.
Ел тарихына көз жүгіртсек ел мен жердің қайғысын тартпаған, отаным деп еңіреген ерлер аз болмаған. Асан қайғы атамыз: "Желмая мініп жер шалсам, тапқан жерге ел көшер" – деп, жерге деген жүрек сөзін сездірсе, Қазтуған жырау "Қайран менің Еділім" – деп езіліп, Доспамбет жырау "Еділдің бойын ел жайлап, шалғынына бие біз байлап" – деп мамыражай уақытты арман еткен. "Ауылдан топыр үзілмей, ошақтың оты өшпесе, май жемесе қонағым... он кісіге жараса, бір кісіге асқан тамағым", – деп Ақтамберді жырау да еліне береке, молшылықты тілеп, бейбіт, тыныштық өмірді қалаған.
Иә, асылында, бейбіт уақыт, аста-төк заманда өмір сүріп жатқан бізден бұрын, небір нәубетті татқан бабалар ел қадірін терең сезінген. Ал, осындай нығметті сезініп, басы амандықта болған адам турасында Ардақты Пайғамбарымыз (Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім өз үйінде (отбасының қасында) амандықпен ешкімнен қорықпай, дені сау және бір күндік тамағы болып таң аттырса, бүкіл дүние алдына жиналғандай болады», - деген. Ендеше, осындай шексіз бақытты сезіне алуымыз әлбетте, тәуелсіз елде ғұмыр кешуіміздің себебінен. Ал, оны ұғынған жанның Жаратушының бергеніне шүкір етуі уәжіп болмақ.
Тәуелсіздік-елімізге еркіндік сыйлаумен қатар, асыл діміздің қазақ даласында қайта дүниеге әкелгендей күй кештірді. Елімізде құлшылық орындары бой көтеріп, рухани ахуалды көтеру мақсатында дін мамандары даярланып, діни діңгегіміз беки түсті. Бүгінгі таңда да осы жолда ауыз толтырып айта алатын бірқатар еңбектер атқарылуда. Бұл да еркіндік таңының бізге сыйлаған ұлан-ғайыр мүмкіндігі екені даусыз. Қасиетті Құран Кәрімнің «Ниса» сүресінің 59-аятында Алла тағала: «Әй, мүміндер! Аллаға бой ұсынып, Пайғамбарға әрі өздеріңнен болған басшыларыңа бой ұсыныңдар»,-дейді. Ендеше осындай мамыражай уақыттың қадірін білу үшін әрдайым шүкірлікті арттырып, ел тізгінін ұстаған басшыларымызға қолдау көрсетіп:
Бірлігіңнен айрылма,
Бірлікте бар қасиет.
Татулық болар береке,
Қылмасын жұрт келеке», (Ақтамберді жырау) деген бабалар өсиетіп ұмытпай, бірлік пен ынтымақ мызғымас мақсатымызға айналуы тиіс.
Бостандық, еркіндік бізге оңайлықпен келген жоқ. Оған тарих куә. Енді келесі тарих беттерін толтырушы кейінгі ұрпақтың дәуірі болғандықтан, бабалар жеткізіп берген ауыр аманатты абыроймен жалғап өту жеңіл іс емес. Атақты ғұлама Хасан әл-Басри (Алла оған разы болсын) бір сөзінде: «Алла қалағанша нығметке бөлейді. Егер соған шүкір етпесе, оны азаппен алмастырып қояды»,-дейді. Демек, қолда барда алтынның қадірін білмек керек. Ел тыныштығының, тәуелсіздігінің парқына жету біздің Отанға, ұлтымызға адал қызмет етуімізбен, елімізге, тілімізге, дінімізге үлес қосумен болмақ. Осы тұста Әйтеке би атамыздың:
Бай болсаң, халқыңа пайдаң тисін,
Батыр болсаң, жауыңа найзаң тисін,
Бай болып, халқыңа пайдаң тимесе,
Батыр болып, жауыңа найзаң тимесе,
Өзгеден бөтен өз үйің күйсін,- деген ұлағаты өнеге болады.
Жаһандану дәуірінде әлемдегі әрбір мемлекет өз тұтастығын сақтап, ұлт болып тарих бетінде қалуды ойлайды. Руханиятын дамытып, бірлігін бекем етер әрекеттерін нығайтып, сол жолда бар күштерін жұмсап отырады. Біз де ұлтымыздың тазалығын сақтай отырып, елдіктің ертеңін бүгіннен ойлап, қазақтың басындағы тәуелсіздік атты «алтын тәжімізді» құлатып алмауды уайым қылу қажетпіз.
Тәуелсіздік-биік тұғырымыз. Ал тұғырымыздың өзегі-бірлікте. Бірлігіміз жоғалса, ұлт болудан қалып, еркіндігіміздің мәні де жоғалмақ. Жоғалып қана қоймай, өзгелердің адуынды саясатына оңай жұтылып кетуге жол ашамыз. Ендеше, тәуелсіздігіміз әр қазақ өмірінің бағы мен бабына айналуында өз мәнін жоғалтпай, қияметке дейін жасай бергей!
Алла Тағала бағымызды баянды етіп, елдігімізді ғұмырлы еткей!
Ақтөбе қалалық орталық мешітінің
Бас имамы Нұрлыбек Шакизадаұлы