ТІЛ КЕСАПАТТАРЫ ҚАНДАЙ? 2850

ТІЛ КЕСАПАТТАРЫ ҚАНДАЙ?

28 шілде 2023 107 Оқу 1 минут

Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға, оның отбасы мен барлық сахабаларына салауаттар мен сәлемдер болсын!  

Ассаламуалейкум уа рахматуллаһи уә бәрәкәтуһ! 

Қадірменді жамағат, құрметті бауырлар, баршаңызға күндердің төресі қасиетті жұма мүбәрак болсын!  

 

Алла Тағаланың адамзат баласына берген ерекшеліктерінің бірі – сөйлеу нығметі. Адам сөйлеу арқылы ішіндегі сезімдері мен ойын екінші бір кісіге жеткізеді. Өзіне берілген осы нығмет үшін пенде атаулы Жаратушысына шүкір етіп, дұрыс сөз сөйлеп, күнәлі сөздерді айтудан сақтануы қажет. Алла Тағала қасиетті Құранның «Ахзаб» сүресі, 70-аятында: 

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آَمَنُوا اتَّقُوا اللَّهَ وَقُولُواقَوْلاً سَدِيداً 

«Уа, иман келтіргендер! Алладан қорқыңдар да дұрыс сөз сөйлеңдер»– деп бұйырған. 

Асыл дінімізде дұрыс сөз сөйлеуді бұйырудағы мақсат – қоғамдық өмірдегі бірлікті, адамдар арасындағы жылылық қарым-қатынасты сақтау. Қандай да бір қоғамда өсек, өтірік, жала жабу сияқты тіл кесапаттары көбейсе, адамдар арасында сенімділік жоғалып, берекетсіздік орын алады. Сондықтан да Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларын әрдайым тілге ие болуға ерекше мән беруге шақыратын. Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты  мен сәлемі болсын) хадисінде: 

الْمُسْلِمُ مَنْ سَلِمَ الْمُسْلِمُونَ مِنْ لِسَانِهِ  

«Мұсылман – өзге біреуге қолымен және тілімен зиян тигізбеген адам» деген (имам Бұхари). 

Мұсылмандық әдепте адамның санасына келген ой, ауыздан сөз болып шықпас бұрын жүрек пен ақылдың сүзгісінен өтуі қажет. Халқымыздың: «Сөз қадірі  өз қадірің» деп айтқанындай адамның сөйлеген сөзі оның айтқысы келген сезімін білдіріп қана қоймай, мінезі мен тәрбиесін де көрсетеді. Осыны ескерген әр адам сөз сөйлегенде ойланып сөйлеуді әдетке айналдырып, күнәлі сөздерді айтудан аулақ болуы қажет. Шәкәрім Құдайбердіұлы: «Сөзіңді түзе  әдетіңе айналады, Әдетің – мінезіңе айналады. Мінезің  сенің тағдырың»– дейді . 

 Тілдің себебімен болатын күнәлардың түрлері өте көп. Әсіресе мынадай тіл кесапаттырынан сақтануымыз қажет: 

 

Бірінші: Ғайбат айту 

Адамдар арасындағы достық, адалдық және туыстық сезімдерін тас-талқан етіп, оның орнына алауыздық пен дұшпандықты жүзеге шығаратын ең жаман тіл кесапатының  бірі – ғайбат айту. Ғайбат деп біреудің сыртынан басқа біреуге оның бойындағы кемшіліктерді жеткізуді айтады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Хұжырат» сүресі, 12-аятында: 

وَلَا يَغْتَب بَّعْضُكُم بَعْضاً أَيُحِبُّ أَحَدُكُمْ أَن يَأْكُلَ لَحْمَ أَخِيهِ مَيْتاً فَكَرِهْتُمُوهُ وَاتَّقُوا اللَّهَ 

«Бір-бірлеріңді ғайбаттамаңдар. Араларыңдағы біреу бауырының өлі етін жегенді ұната ма? Әрине, бұдан жиіркендіңдер. Олай болса, Алладан қорқыңдар...»– деу арқылы ғайбаттың қаншалықты жиіркенішті күнә екенін айтқан. Адамзат баласы өлген малдың етін жеуден қатты жиіркенеді. Бұл аятта «өліп қалған бауырының» деп айтылу арқылы, ғайбат күнәсінің ауырлығы бяндалып әрі бұл күнәдан пенде атаулы бойын қаншалықты алыс ұстау керектігі ескертілген. 

Бірде Ибраһим ибн Әдһам (Алла оны рақымына алсын) үйіне қонақ шақырыпты. Қонақтар дастарханның төңірегіне отырып, біреуді жамандай бастады. Сонда Ибраһим ибн Әдһам оларға: «Бұрыңғы адамдар ет жеуден алдын нан жейтін еді, сіздер нан жеуден бұрын ет жеп отырсыздар», – деп, ғайбаттың күнәсі өзгенің етін жеумен тең екендігін айтып, ескерту жасапты.  

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) миғраж оқиғасында: «Миғраж түні көкке көтерілгенімде, мен бір топ адамдардың алдынан өттім. Олардың тырнақтары мыстан болып, өз көкіректері мен жүректерін тырнап жатқанын көрдім. Сонда мен  Жебірейлден (оған Алланың сәлемі болсын): «Бұлар кімдер?» – деп сұрадым. Ол: «Бұлар адамдардың етін жегендер (ғайбат айтқандар) және олардың абыройын төгуді әдетке айналдырғандар», – деп жауап берді»– деген.  

 

Қисса 

Бір адам ардақты Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Алланың елшісі! Бір дәулетті әйел күнде садақа береді, бес уақыт намаз оқиды, көп жақсылық жасайды. Бірақ тіліне ие бомайды. Ал басқа бір әйел бар, ол кедей тұрады. Ешқандай садақа бере алмайды. Бес уақыт намаз оқиды. Бірақ тіліне ие болып, ешкімді тілдемейді. Осы екі әйелдің қайысысына сауап жазылады», – деп сұрады. Сонда ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ауқатты әйел адам көп қайыр-садақа бергенімен, тіліне ие боламаса, оның  жақсылығын айтқан ғайбаты жойып отырады. Ал екінші әйелдің қолы қысқа болып, қайыр-садақа бере алмаса да, тіліне ие болып, ешкімді ғайбаттаған жоқ, оның барар  жері – жәннат», – деді.  

 

Екінші: Жала жабу 

Жала жабу деп – адамның сыртынан оның ар-намысы мен қадір қасиетіне нұқсан келтіретін, абыройын түсіретін жалған мәлімет таратуды айтамыз. Алла Тағала қасиетті Құранның «Ахзаб» сүресі,  58-аяында: 

وَالَّذِينَ يُؤْذُونَ الْمُؤْمِنِينَ وَالْمُؤْمِنَاتِ بِغَيْرِ مَا اكْتَسَبُوا فَقَدِ احْتَمَلُوا بُهْتَانًا وَإِثْمًا مُّبِينًا 

«Мүмин еркектер мен мүмин әйелдерді бойында жоқ нәрсемен ренжіткендер, анық сол жаланы және үлкен күнәні өз мойындарына артқан болып есептеледі» деп айтқан. 

Ғалымдарымыз жала жабудың күнәсі ғайбаттан да ауыр екендігін айтқан. Себебі ғайбат айтқанда адамның сыртынан оның бойында бар нәрсе айтылады. Ал жала жабу да адамның сыртынан істемеген ісін істеді, айтпаған сөзін айтты деп жалған қосылып айтылады. Бір күні Алла Елшісі  сахабаларынан: «Ғайбаттың не екенін білесіңдер ме?» – деп сұрайды. Олар: «Оны Алла мен Елшісі жақсырақ біледі», – деп жауап қатады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ғайбат – бауырыңды оның ұнатпайтын нәрсесімен еске алуың», – дейді. Сонда біреу: «Егер айтып жатқаным бауырымның бойынан табылса ше?» – деп сұрақ қояды. Алла Елшісі: «Егер айтқаның оның бойынан табылса, ғайбаттадың демек. Ал егер бойында болмаса, онда жала жапқаның», – деп жауап береді. 

Жаланың ең жаман түрі Алла Тағала мен Оның Елшісіне жала жабу. Алла Тағалаға жала жабуға қасиетті Құранда айтылмаған сөзді «Алла Тағала айтты» деу, Құранды әдейі бұрмалап тәпсірлеу, бір іске қатысты білімсіз түрде «адал не арам» деп үкім айту секілді істер жатады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Анкабут» сүресі, 68-аятында: 

وَمَنْ أَظْلَمُ مِمَّنِ افْتَرَى عَلَى اللَّهِ كَذِبًا أَوْ كَذَّبَ بِالْحَقِّ  

«Аллаға жасанды жала жапқаннан немесе келген шындыққа қарсы болушыдан залым бар ма?» – деп ескерткен. 

Алла Елшісіне  жала жабуға келсек ардақты Пайғамбарымыздың айтпаған сөзін оның хадисі деу немесе хадистің мағынасын әдейі бұрмалау сияқты істер жатады. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл істен сақтандырып: 

مَنْكَذَبَ عَلَىَّ مُتَعَمِّدًافَلْيَتَبَوَّأْ مَقْعَدَهُ مِنَ النَّارِ 

«Кімде-кім менің атымнан жалған сөз айтса, өзіне тозақтан орын дайындай берсін», – деген (имам Бұхари). 

 

Үшінші: Өсек айту 

Өсек деп – бір кісінің жағдайын оның рұқсатынсыз екінші бір кісіге араларына от салу мақсатында жеткізуді айтады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): 

لَا يَدْخُلُ الْجَنَّةَ نَمَّامٌ 

«Өсекші жәннатқа кірмейді», – деген (имам Бұхари, Мүслим). Бұл хадисте ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өсек айтқан адам мынандай күнәға ие болады демей, бірден жәннатқа кірмейді деп айтуынан, өсек тасудың қаншалықты үлкен күнә екендігін аңғаруымызға болады. Тағы бір хадисте Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) екі қабірдің жанынан өтіп бара жатып: 

إنَّهُمَا يُعَذَّبَانِ ، وَمَا يُعَذَّبَانِ فِي كَبِيرٍ ! بَلَى إنَّهُ كَبِيرٌ : أمَّا أَحَدُهُمَا ، فَكَانَ يَمْشِي بِالنَّمِيمَةِ ، وأمَّا الآخَرُ فَكَانَ لاَ يَسْتَتِرُ مِنْ بَوْلِهِ 

«Расында бұларды үлкен күнәлар жасағандары үшін азаптап жатқан жоқ. Дегенмен, бұлардың күнәлары ауыр. Оның бірі өсек тасыған болса, екіншісі өзінің зәрінен сақтанбаған», – деп айтқан (имам Бұхари). 

Хадистегі «Расында бұларды үлкен күнәлар жасағандары үшін азаптап жатқан жоқ» деген сөздің мағынасы, сіздер үшін үлкен күнә емес, бірақ Алланың құзырында бұл ауыр күнәлардан дегенді білдіреді. 

Халқымыздағы: «Естіге өсек не керек», «Өсекші жоқта, өкпелесу де жоқ», «Қылыш – тәнді жаралайды, өсек – жаралайды» делінген мақал-мәтелдерден адамның екі дүниесіне зардап алып келетін өсек атаулыдан ата-бабаларымыз өз ұрпағын барынша сақтандырғанын түсінеміз.  

Мұсылман адам өсек айтпайды әрі оны тыңдаудан да сақтанады. Қандай да бір ортада өсек айтылса, дініміздің әдебіне сай әңгімені басқа арнаға бұруға тырысу қажет. Егер оған тоқтамаса өсектің тыйым етілген істерден екендігін ескертіп, өсек айтушыға насихат жасау қажет. Бұған да тоқтамайтын болса, ол ортадан кетіп қалған дұрыс. 

 

Төртінші: Өтірік  

Өтірік – болған жағдай турасында дұрыс хабар жеткізбеу не оқиғаны кері мағынада айту. Өтірік айту екіжүзділердің сипаты. Шынай мүминнің сөзі де, ісі де шындықтың негізінде болады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Тәубе» сүресі, 119-аятында: 

يَاأَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا اتَّقُوا اللَّهَ وَكُونُوا مَعَ الصَّادِقِينَ 

«Уа, иман келтіргендер! Алладан қорқыңдар және шыншылдармен бірге болыңдар», – деп бұйырған. Аятта иман келтіргендерді шыншлыдармен бірге болу бұйырылған. Сонымен қатар бұл аяттан жалған айтушылармен бірге болмау керектігін түсінеміз. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): 

آيَةُ الْمُنَافِقِ ثَلاثٌ: إذَا حَدَّثَ كَذَبَ، وَإِذَا وَعَدَ أَخْلَفَ وَإِذَا اُؤْتُمِنَ خَانَ 

«Екі жүздінің үш белгісі бар: сөйлесе – өтірік айтады, уәде берсе –  орындамайды, аманатқа қиянат жасайды», – деген (имам Бұхари). 

Жүрегінде иманы, бойында тақуалығы бар ізгі адам ешуақыт өтірік айтпайды. Шалкиіз Тіленшіұлы бабамыз: «Айдын сулар, аймақ көл – тасыса дөңбек келтірер, көп өтірік, жаман сөз – басыңа бәле келтірер», – деп ескертсе, батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы: «Өтіріктің балын жалап тірі жүргенше, шындықтың уын ішіп өлген артық», – деген. 

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тағы бір хадисінде:  

إِنَّ الصِّدْقَ يَهْدِي إِلَى البِرِّ، وَإِنَّ البِرَّ يَهْدِي إِلَى الجَنَّةِ، وَإِنَّ الرَّجُلَ لَيَصْدُقُ حَتَّى يَكُونَ صِدِّيقًا. وَإِنَّ الكَذِبَ يَهْدِي إِلَى الفُجُورِ، وَإِنَّ الفُجُورَ يَهْدِي إِلَى النَّارِ، وَإِنَّ الرَّجُلَ لَيَكْذِبُ حَتَّى يُكْتَبَ عِنْدَ اللَّهِ كَذَّابًا 

«Туралық, шындық жақсылыққа апарады. Ал, жақсылық жәннатқа апарады. Біреу шындықты айта берсе, Алланың алдында «сыддық» (яғни турашыл, шыншыл) деп жазылады. Өтірік жамандыққа апарады, жамандық тозаққа апарады. Біреу өтірік айта берсе, Алланың алдында «өтірікші» деп жазылады»– деген  (имам Бұхари, Мүслим). 

 

Қисса 

Баяғыда күнәсіз күні өтпейтін бір адам болыпты. Күндердің күні Құдай жүрегіне һидаят беріп, түзелгісі келген көрінеді. Бірақ қалай түзелерін білмей басы қатады. Неден бастау керек деген ой мазалайды. Ақыры, бір ғалымға ақыл-кеңес сұрап іздеп барады. «Осыншама күнәлі істен қалай құтыламын?» – деген сауалына ғұлама бір ғана күнәдан арылуға кеңес береді. Адам баласына және өзіне өтірік айтпау керектігін түсіндіреді. Кез келген жағдайда шыншыл болуды талап етеді. Тіпті, оған ант-су ішкізіп уәдесін де алады. Бірер күннен кейін арақ ішкісі келіп жайғаса бергенде ғалымға берген уәдесі есіне түсіп: «Япырай, ғұлама сұрап қалса, ішпедім деп қалай айтам? Өтірік айтып құтыламын ба? Басқа-басқа уәдеде тұрмасам еркек атым қайда қалды? Жоқ, мұным болмас», – деп райынан қайтады. Қанша қиын болса да, сөзінде тұруға әрекет етеді. Ақыры ішпейді. Келесі күні бұрынғы әдеті бойынша тағы бір күнә жасамақ болып тұрғанда, шындықты ғана айтамын, бір ауыз сөз өтірік айтпаймын деген уәдесі есіне түсіп тыйылады. Осылайша, әлгі кісі жалған сөйлемеу және шыншыл болу арқылы жаман істерінен бір-бірлеп түгелдей арылған екен. 

 

Бесінші: Көп сөйлеу 

Сөйлеу барысында сөздің қысқа әрі нұсқа болуы – сөйлеу әдебінің негізі. Тамақ қандай дәмді болса да асыра жеп, шамадан тыс қабылдаса, астың мәні кетеді. Сол секілді сөз інжу-маржанмен көмкерілсе де, оны шамадан тыс асыра қолдану әңгіменің мәнін кетіріп, адамды жалықтырып жібереді. «Көп сөйлеген білімді емес, дөп сөйлеген білімді» демекші, сөздің нақты әрі қысқа болғаны жақсы. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): 

مَنْ كَانَ يُؤْمِنُ بِاللهِ  وَالْيَوْمِ اْلآخِرِ فَلْيَقُلْ خَيْرًا أَوْ لِيَصْمُتْ 

«Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне имам келтірсе, жақсы сөз айтсын немесе үндемесін», – деген (имам Бұхари). 

Әбу Дәрдә (Алла оны рақымына алсын): «Сөйлеуді үйренген сияқты үндемеуді үйреніңдер. Өйткені үндемеу үлкен ақылдылық. Сөйлегеннен гөрі тыңдауға тырыс», – деп насихат айтқан. Асан қайғы бабамыз: 

Таза мінсіз асыл тас, 

Су түбінде жатады. 

Таза мінсіз асыл сөз 

Ой түбінде жатады, – деп ойланып, ой түбінен шыққан сөзді асыл сөзге жатқызған. 

 

Қадірменді жамағат! 

Тілге ие болу адамды екі дүниелік бақытқа жетелейді. Ал тілге ие болмай, түрлі күнәлі сөздерді сөйлеу Жаратушының мейірімінен алыстап, ақыретте үлкен өкінішке алып келеді. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): 

إِذَا أَصْبَحَ ابْنُ آدَمَ فَإِنَّ الأَعْضَاءَ كُلَّهَا تُكَفِّرُ اللِّسَانَ فَتَقُولُ اتَّقِ اللَّهَ فِينَا فَإِنَّمَا نَحْنُ بِكَ فَإِنِ اسْتَقَمْتَ اسْتَقَمْنَا وَإِنِ اعْوَجَجْتَ اعْوَجَجْنَا 

«Адам баласы таңсәріде ұйқыдан тұрғанда, оның дене мүшелері тіліне өздерінің бағыныштылығын білдіріп былай дейді: «Біз үшін Алладан қорық, өйткені біз саған тәуелдіміз, егер сен туралықты ұстансаң, онда біз де түзу боламыз. Ал егер сен қисайсаң, онда біз де қисаямыз», – деген (имам Тирмизи). 

Бөлтірік шешен баласына айтқан өсиетінде: «Сөзден тәтті нәрсе жоқ. Сөзден ащы нәрсе тағы жоқ. Сөзден жеңіл нәрсе жоқ. Сөзден ауыр нәрсе де жоқ. Сөзіңді тіліңе билетпе, ақылыңа билет. Ақылды сөзіңді ақылсызға қор етпе, ақылдыға айт. Не сөйлейтініңді біл, кімге сөйлейтініңді біл, қай жерде сөйлейтініңді біл, қай кезде сөйлейтініңді біл,қалай сөйлейтініңді біл. Оны білмесең, сара сөзің шала болады, арты жала болады, әкең қапа болады», деген екен . 

Алла Тағала тек пайдалы сөз айтуымызды нәсіп етіп, қасиетті жұма күнгі дұға-тілектерімізді қабыл еткей!