Ақтөбеде жұма намазы оқылды 640

Ақтөбеде жұма намазы оқылды

07 мамыр 2021 476 Оқу 1 минут

Бүгін, 7 мамыр, Ақтөбелік жамағат үшін ақ түйенің қарны жарылған күн болды. Мамыражай көңіл-күйде күн шуағының астында жергілікті жамағат Ақтөбе облысына қарасты мешіттер ауласында қасиетті жұма намазын оқыды. Облыстық «Нұр Ғасыр» мешітіне 2000-ға жуық адам жиналып, Ақтөбе облысының Бас имамы Төлеби Оспан Рамазан айындағы алғашқы жұма құтпасын оқып, Қадір түнінің қасиеті турасында уағыз айтты. Сондай-ақ, Алла үйінің ауласына жиналған қуанышында шек жоқ ағайынды атаулы күнмен құттықтады. 

Карантиндік талаптарға сай, намазға келуші жамағат арақашықтық сақтап, бетперде тағып тұрды. Көптен күткен жұма азаны шақырылып, бірлікпен жұма намазының парызы мен сүннеттері оқылды. Артынша облыс Бас имамы Т.Оспан Аллаға мадақ жолдап, осы күнге жеткізген Раббымызға шүкірлік айтты. Еліміз бен жамағаттың ауызбіршілігін сұрап, Ұлы отан соғысында шейіт болған бабаларымыздың рухына Құран аяттарын бағыштады.


Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі