Ақтөбе: Қала мешіттерінде оқу жылы қорытындыланып, 70-ге жуық шәкірт тәж киді
ҚМДБ Ақтөбе облысы өкілдігінде «Әйел-қыздар» секторының ұйымдастыруымен Ақтөбе қаласының мешіттерінің жанындаағы әйелдерге арналған діни сауат ашу курсының оқу жылы қорытындыланып, шәкірттерге тәж кигізу рәсімі өтті.
«Құран жерде — нұр, көкте — жоғары дәрежең» атты рухани кеште облыстық орталық «Нұр Ғасыр», қала бойынша «Қайырқожа», «Досжан Хазірет» мешітінің шәкірттері жалпы 70-ке жуық шәкірт Құранға түсті.
Шараның шымылдығы Алланың кәләмын оқумен басталып, салауат айтумен жалғасты.
Облыстық орталық мешіттің ұстазы, сектор жетекшісі Кенжегүл Кошкарова, шараның маңыздылығына тоқталып, алғашқы белесті бағындырған шәкірттерге Алла тағала қасиетті Құранда адамның қоғамдағы орны, оның өмір сүруі, тіршілігінің мәнін нақтылап, барлық сауалдарына жауап бар екендігі туралы және де ата-бабаларымыздың дәстүрі мен мәдениеті осы қасиетті Құраннан бастау алатыны туралы сөз қозғады.
Құранға қадам басқан ең жас шәкірт Тлекова Мадина өз өнерін тарту етіп, домбыраны күмбірлетіп күй тартты.
Қайырқожа мешітінің ұстазы Жұлдыз Алдаберген адамның айналысатын істерінің ішіндегі ең қайырлысы – білім алу туралы айта келе, білім – игі амалдардың ішіндегі ең қайырлысы екенін жіті түсіндірді.
Ал «Нұр Ғасыр» мешітінің шәкірттері Қойшан Айжан мен Тұрсынқызы Кенжегүл иләһи жыр арнауларды оқыды.
«Досжан хазірет» мешітінің ұстазы Ақнұр Төлениязова «Білім алудағы тұрақтылық пен Құран жаттаудың артықшылығы туралы уағыз айтты.
Республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі, діни сарапшы, «Бақытжан» мешітінің ұстазы Ақтолқын Орысбайқызы шәкірттерді қарилыққа бір қадам жолдарымен құттықтап, Құранды жеңіл әрі жылдам жаттаудың 10 кеңесін ұсынды.
Шара барысында викториналық сұрақ-жауап ұйымдастырылып, белсенді қатысқандар марапатталды.
Сонымен қатар қала мешіттерінде өндірістік тәжірибиеден өтуші болашақ ұстаздар Шолпан Қайыр, Света Дүйсенбайқызы Анар Тұрғанбайқызы өздерінің жүрек жарды тілектерін білдіріп, білім алудың ерте кеші жоқ екенін алға тартып, білім алуға, үйренуге және үйретуге шақырды.
Одан өзге облыстық мешіттің шәкірттері дәріс барысында жаттаған Алла елшісінің (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Құран туралы хадистеріменен бөлісті.
Айта кетсек, «Әйел-қыздар» секторының ұйымдастыруымен өткен әр шарада белсенділік танытып, қайырымдылық игі істерде үлгі болып жүрген үздік шәкірттер облыстың Бас имамы Амантай Садиевтің атынан алғыс хатпен марапатталды.
Шара соңында ақ жаулықты әжелер батасын беріп, барша шәкірттер тілектерін бідірді.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі