Ақтөбеде «Көшпелі уағыз-насихат керуені» жобасы аясында жұма уағыздары айтылды 6615

Ақтөбеде «Көшпелі уағыз-насихат керуені» жобасы аясында жұма уағыздары айтылды

10 тамыз 2026 32 Оқу 1 минут

Ақтөбе қаласындағы мешіттерде «Көшпелі уағыз-насихат керуені» жобасы аясында кезекті жұма уағыздары ұйымдастырылды.

Мешіт имамдары атап айтқанда, РАНТ мүшесі, облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы Жексенбай Торбаев тарихи Ақтөбе қалалық орталық мешітінде, Ақтөбе қалалық орталық мешітінің наиб имамы Ерәлі Құлмағанбет «Әл-Латиф» мешітінде, ал аталған құлшылық үйінің бас имамы Рүстембек Аманқос «Нұрдаулет» мешітінде жұма намазын жүргізіп, жамағатқа уағыз айтты.

Бұл жолғы насихат жұмыстары «Қанағат – рақым ойлап қой, бес асыл іс білсеңіз» тақырыбына арналды. Имамдар мұсылман баласының бойындағы қанағатшылдық, рақымдылық пен адамгершілік қасиеттердің маңызын кеңінен түсіндірді. Сондай-ақ ізгілікке ұмтылу, көркем мінез қалыптастыру, уақытты тиімді пайдалану және қоғамға пайдалы азамат болудың мәніне ерекше тоқталды. Құран аяттары мен Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистеріне сүйене отырып, қанағаттың адам өміріндегі орны сипатталды.

Жамағат дүние нығметтеріне шүкіршілік етуге, өзгелерге мейірімділік танытуға және бес асыл істі бойға сіңіруге шақырылды.

«Көшпелі уағыз-насихат керуені» жобасының негізгі мақсаты – мешіттер арасындағы байланысты арттырып, өзара тәжірибе алмасуды күшейту және жамағатқа мазмұнды діни насихат айту. Аталған бастама алдағы уақытта да өз жалғасын тауып, қала мешіттерінде жүйелі түрде ұйымдастырылатын болады.

Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі