Ақтөбе имамдары «Дархан дала» жобасы аясында Қобда ауданына рухани сапар жасады
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Дархан дала» отандық туризм жобасы аясында Ақтөбе қаласының бас имамы Әли Алматтың бастамасымен қала имамдары Қобда ауданына рухани-танымдық сапармен барды.
Жобаның мақсаты — өңірдің тарихи-мәдени мұрасын тану, тарихи тұлғалардың өмірін насихаттау және діни қызметкерлер арасындағы бірлікті нығайту.
Сапар барысында имамдар Әлия Молдағұлованың мемориалдық музейіне ат басын бұрды. Діни қызметкерлер қаһарман қыздың майдандағы ерлігі мен өмір жолы туралы тарихи деректермен танысып, батырлар рухына тағзым етудің маңыздылығын атап өтті.
Мұнымен қоса, делегация «Абат-Байтақ» халықтық сәулет және тас қашау өнері мемориалдық музей-кешенін аралады. Имамдар көне қорымдағы бірегей құлпытастар мен сәулет ескерткіштерін зерделеп, бұл мұраларды келешек ұрпаққа аманаттау ортақ міндет екеніне назар аударды.
Сапар аясында «Қыз әулие» қорымында жерленген марқұмдардың рухына Құран бағышталып, дұға жасалды. Имамдар қабірді зиярат етудің шариғаттағы мәні мен адам баласының фәни дүниедегі жауапкершілігі туралы тағылымды ой қозғады.
Шара соңында қатысушылар діни-ағартушылық жұмыстарды жетілдіру мен жастарға ұлттық құндылықтарды сіңіру төңірегінде пікір алмасып, осындай танымдық жобалардың алдағы уақытта да жалғасын табуына тілектестік білдірді.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі
















































