Ақтөбеде «Халал даму» семинары өтті
ҚМДБ қарасты «Халал Даму» мекемесі ашылғалы бері елімізде адал өнім тұтынушылар мен оған деген сұраныстың саны күрт өсіп келеді. Нәтижелі жұмыстардың арқасында әр өңірде көптеген халал кәсіпорындар мен мекемелер ашылып жатыр.
Осы үрдісті кеңінен насихаттау мақсатында Ақтөбеде өтіп жатқан халал апталығынын өткізуге «Халал Даму» мекемесінің Директоры Айбек Аташев пен Бас сарапшы, технолог Айжан Омарова арнайы сапармен келді. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің тарих факультетінің оқу ғимаратында «Халал Даму» мекемесі сертификатын алған кәсіпкерлерге оқыту семинар өтті. Халалдың алдымен аманат екендігін еске салған мамандар, адал асты тұтыну – бүгінгі қоғамдағы өзекті мәселе екенін айтты. Адалдық атауын жамылып, өз өнімін халал деп жариялап жүргендер баршылық екенін ескертті. Адал ас ішудің исламдағы, жалпы адам саулығына пайдасы хақында айтылды.
Сонымен қатар, технолог маман Айжан Омарова күнделікті өмірімізде кездесетін тұтыну заттары мен азық-түлікте кездесетін тағамдық қоспалар мен күмәнді әрі харам заттардың ара жігін ажыратып көрсетті.
Семинар артынша «Нұр Ғасыр» мешітінде облыс имамдарына да ұйымдастырылды. Мамандар имамдарға ел ішінде адал асты тұтынуды насихаттаудың маңыздылығына тоқталды.
Шара соңында қойылған сұрақтарға жауап беріліп, Айбек Асқарбекұлы мен Айжан Омарова кәсіпкерлер мен имамдарды халал, табиғи, экологиялық таза өнім индустриясын дамытуға ат салысуға шақырды.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі