Бас имам «Нұр Мүбарак» университетінің студенттерімен кездесті 3198

Бас имам «Нұр Мүбарак» университетінің студенттерімен кездесті

05 ақпан 2024 436 Оқу 1 минут

Ақтөбе облысының Бас имамы Серікжан Еншібайұлы Алматы қаласындағы «Нұр Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінде оқып жатқан Ақтөбелік студенттермен кездесті. Сондай-ақ болашақ дін мамандарымен кездесу сапарына Ақтөбе облыстық дін істері басқармасының басшысы Әлімбек Тұралиев те барды.

ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының 2024 жылға арналған бағдарлық баяндамасында еліміздегі мешіттерді жоғары білімді діни мамандармен қамтамасыз ету ісін күн тәртібіне қойып, «Жас маман, ауылға қадам бас маман» атты жобасын жоспарға бекіткен болатын.

Ақтөбе облысындағы мешіттердегі діни мамандардың 30 пайызы жоғары білімді. Сол межені 60-70 пайызға көтеру көзделіп отыр. Қазіргі таңда 110 ақтөбелік «Нұр Мүбәрак» Египет ислам мәдениет университетінде оқып жатыр. Ақтөбе облысының бас имамы Серікжан Еншібайұлы олармен кездесіп, сұхбат құрды. Кездесуде студенттердің оқу ақысын өтеу, ортақ келісімшарт жасау мәселелері сөз болды.

Бас имам жастарды өңірге діни қызметке шақырып, жас мамандарға қолдау көрсетілетіндігін жеткізді. Сондай-ақ, діни қызметтің жауапкершілігі, білім үйренудің артықшылығы туралы сөз етті. Елге қызметті туған жерден бастау, ілімнің зекетін беру, еңбекте табанды болу жайлы ағалық ақыл-кеңестерін айтты. Жазғы уақытта өңір мешіттерінде іс-тәжірибеден өту арқылы біліктілігін шыңдауға қатысты ұсыныстар айтылды.

Аталған кездесуге 50 студент қатысты. Сұрақтар қойылып, қонақтар тарапынан жауаптар берілді. Кездесу барысында студенттердің жетістіктері таныстырылды. Сондай-ақ жиында студенттер арасында зияткерлік білім сайысы өтті. Университеттің тәрбие істері және әлеуметтік даму департаменті басшысының орынбасары Төлеген Талдыбаев студенттер арасында тығыз байланыс пен білім сапасын күшейту мақсатында өткізіліп жатқан іс-шаралар мен жобалармен таныстырды.


Ақтөбе облыстық орталық

«Нұр Ғасыр» мешітінің

баспасөз қызметі