Ақтөбеде «ОБЛЫСТЫҚ ЕРІКТІЛЕР ФОРУМЫ» өтті
Мұқтаж адамға қол ұшын беру, жығылғанға демеу, сүрінгенге сүйеу болу бабаларымыздан жалғасқан жақсы дәстүр. Мешіт жанында әрі қоғамымызда біреуге көмек қолын созатын ерікті жандар көп. Бүгін ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының Ақтөбе облысы бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен еріктілердің басын қосатын Ақтөбе қаласында «Облыстық еріктілер форумы» өтті.
Биыл елордада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты «Зекет және қайырымдылық» қорының ұйымдастыруымен «QAIYRYMDYLYQ JARSHYLARY» ІІІ республикалық еріктілер форумы өткен болатын. Айта кетейік, форум барысында «QAIYRYMDYLYQ JARSHYLARY» еріктілерінің тұғырнамасы», «еріктілер күні» және еріктілердің жылдық жоспары бекітілген болатын. Ақтөбеде өткен бұл форум аталған бастаманың облыстағы жалғасымы.
Форум жұмысына Ақтөбе облысының Бас имамы Амантай Садиев бастаған облысқа қарасты мешіт имамдары, Муфтияттан арнайы келген қонақ ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорынының Астана қаласы филиалы директоры Әли Әзімбекұлы, облыстық және қалалық маслихат депутаттары, журналист, ақын, еріктілер, имамдар, т.б. құрметті қонақтар қатысты.
Жиында алғысөз сөйлеген Бас имам: «Шын мәнінде жаны таза адам ғана ерікті бола алады. Еріктілер – өзгенің мәселесін өз ісіндей көретін жүрегі кең, ниеті дұрыс жандар. Біздің еліміз дәл осындай азаматтардан кенде емес. Аллаға шүкір, біздің арамызда да қайырымдылық, адамгершілік қасиеттерді ту еткен, өзгелерге жанашырлық пейілдерін танытып жүрген жандар аз емес. Бұл бізді қуантады. Біз сіздерді әрқашан мақтан тұтамыз» деді.
Муфтияттан арнайы келген Әли Әзімбекұлы «Еріктілер концепциясымен» таныстырып, жастық кездегі дінге, халыққа қызмет жасаудың маңызы мен сауабына тоқталып, бұл істің артықшылықтарына тоқталды.
Сөз кезегін алған депутаттар мен қалған спикерлер еріктілердің халыққа қызметін жоғары деңгейде бағалап, ағалық ақыл-кеңестерін айтты. Жас буынның еріктілік жолында құлшыныспен жасап жатқан ізгі амалдарына қызығушылықпен қарап, оларды жігерлендіретін насихаттарын айтты.
Форум қорытындысында Бас имам Амантай Садиев пен ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорынының Астана қаласы филиалы директоры Әли Әзімбекұлы ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қоры мен Ақтөбе өкілдігі атынан биыл Ақтөбе облысында көктемдегі су тасқыны кезінде тұрғындарға жәрдемші болған «QAIYRYMDYLYQ JARSHYLARY» еріктілерін, одан өзге бейбіт күнде мұқтаждарға жәрдемдесіп жүрген еріктілерді және Алла жолында мұқтаждарға және ислам дінінің кең етек жайылуына қаржылай демеуші болып жүрген көптеген еріктілер мен жомарт жандарды «Жыл еріктісі» және «Қайырымды жан» номинациясы бойынша алғыс хаттар және статуэткалармен марапаттап ерекше алғысын білдірді. Сондай-ақ ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының «Өмірге үміт сыйла» акциясы аясында науқастың еміне 1 000 000 теңге табысталып, «Ел үлесі пәтерге» акциясы аясында Ақтөбе қаласы, «Бақытжан» мешітінің молдасына қызметтік баспана кілті табысталды. Аталған баспана Республика бойынша 790-шы баспана.
Расында қайырымдылық жасау әр адамның қолынан келе бермейтін іс. Жомарт болу – өзіңде барды зәру адаммен шын жүректен бөлісу. Мешіт ұйымдастырған қайырымдылық кезінде азық-түлікті жеткізіп, тіпті, мұқтаж адамның үйінің қарын күреп, басқа да ізгі істерге ұйытқы болуға осы жамағат арасынан шыққан еріктілер үлес қосады. Алла оларға разы болсын!