Ақтөбеде «Ғаламның нұры — Құран» атты рухани кеш өтті
Ақтөбе қалалық орталық мешітінің жанындағы әйелдер орталығынды «Ғаламның нұры — Құран» атты рухани кеш өтті.
Құран оқудың қағидаларын үйренген шәкірттерге тәж кигізу рәсіміне арналған кеш Құран оқумен басталып, Ақтөбе қалалық орталық мешітінің ұстазы Рүстембек Аманғосов насихатымен жалғасын тапты.
Сонымен қатар аталған мешіттің ұстазы Гүлжайнар қари Мұсақызы Алланың кәләмінің қадір-қасиеті, оған амал ету мен үздіксіз оқудың хикметтері жайлы кеңірек тоқталды.
Ал арнайы құрметті қонақтың бірі, РАТТ мүшесі, діни сарапшы, «Бақытжан» мешітінің ұстазы Ақтолқын Орысбайқызы тәж киген шәкірттерді қарилыққа алғашқы қадамдарымен құттықтап, Құран оқуды жүйелеу туралы айтып, шәкірттердің имандылық жолын алып келген ата-аналарға алғысын білдірді.
Одан өзге шара ұйымдастырушы, аталған мешіттің ұстазы Айзат Қобланқызы «Абай және Құран» тақырыбында тоқталып, ұлттық тәрбиенің маңыздылығына баса назар аударып, ерекше мәліметтермен бөлісті.
Ал «Бақытжан» мешітінің ұстазы Назерке Елшібекова іс-шара барысында алған әсерімен бөлісіп, ұйымдастырушыларға рақметін айтты.
Кеш қорытындысында ақ жаулықты аналарымыз жамағатқа ақ тілектерін арнап, баталарын берді.
Айта кетейік, рухани кешке 50–ге жуық қыз-келіншектер қатысты.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі