Ақтөбе: ЖАНТ мүшесі колледж қызметкерлеріне ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді
ЖАНТ мүшесі, Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы Мұхаммедисмаил Шадман Ақтөбе байланыс және электротехника колледжінің қызметкерлерімен кездесіп, жемқорлықтың алдын алу мәселелері туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Кездесу барысында қызметкерлерге наиб имам жемқорлыққа қарсы діни тұрғыда тойтарыс беру мәселелері туралы баяндама жасады.
«Асыл дініміз Исламда үлкен күнә, ауыр қылмыс деп танылатын істердің бірі – парақорлық. Тілдік тұрғыда пара «әр-ришуату» деп аталады. Бұл сөз құқығы болмаған бір мүлікті немесе атақты алу үшін берілген сыйлық және төленген құнға қатысты қолданылады.
Шариғатымызда атағын, қызметін немесе арам пиғылын жүзеге асыра отырып, әділетсіз алынған мүлікті пара дейді. Парақорлық дерті тараған қоғамда әділетсіздік орнап, адам құқығына қол сұғылып, заңның күші жойылады.
Алла Тағала Қасиетті Құранның «Бақара» сүресі, 188-аятында:
وَلاَ تَأْكُلُواْ أَمْوَالَكُم بَيْنَكُم بِالْبَاطِلِ وَتُدْلُواْ بِهَا إِلَى الْحُكَّامِ لِتَأْكُلُواْ فَرِيقاً مِّنْ أَمْوَالِ النَّاسِ بِالإِثْمِ وَأَنتُمْ تَعْلَمُونَ
«Араларыңдағы мал-дүниелеріңді бұзық жолмен (ұрлау, тонау, алдап-арбау т.б. сынды харам жолдармен) жемеңдер. Сондай-ақ біле тұра адамдардың дүниелерінен бір бөлім жеу үшін басшыларға (пара ретінде) апармаңдар», – деп айтқан.
Бұл аятта Алла Тағала параны алуға, беруге, сонымен қатар оған дәнекер болуға да тыйым салған. Мұсылман адам Алла Тағаланың тыйым еткен мұндай үлкен күнәдан аулақ болып, парақорлық атаулыдан барынша сақтануы тиіс. Себебі, парақорлық – Алла Тағаланың лағынетіне душар ететін іс»,-деді Мұхаммедисмаил Шадман.
Шара қортындысында ЖАНТ мүшесі пара алмау туралы мәселерге жіті тоқталып, әдістемелік көмек ұсынды.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі