Ақтөбе облыстық «Нұр Ғасыр» мешіті Құрбан айт мейрамын атап өтті 3426

Ақтөбе облыстық «Нұр Ғасыр» мешіті Құрбан айт мейрамын атап өтті

16 маусым 2024 772 Оқу 1 минут

Күллі мұсылманның асыға күтетін екі мерекесінің бірі – Құрбан айт мейрамы басталып, жергілікті уақыт 6:30-да облыс бойынша ҚМДБ қарасты Ақтөбе өкілдігіндегі мешіттерде 33 000 адам айт намазын оқыды. Ақтөбе облысының Бас имамы Серікжан Еншібайұлы облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінде уағыз айтып, жамағатпен бірге айт намазын оқып, елдің амандығы мен тыныштығы үшін дұға жасады. «Бұл мереке мейірім мен шапағаттың, ізгілік пен жомарттықтың қазығы болып табылады, қоғамның рухани-адамгершілік негізін нығайтуға ықпал етеді. Берекеге бастаған құрбан айт ұлттар мен ұлыстарды мейірімділікке, игілікке, бірлікке, мейірім мен кешірімге үндейді. Айт – ағайынның ауызбіршілігін арттыра түсетін, мұсылман қауымын имандылыққа ұйытып, барша адамды қанағат пен тәубеге шақыратын мейрам. Құрбан – араб тілінде «жақын болу», «жақындау» деген ұғымды білдіреді, яғни жасаған сауап істер арқылы жүректі тазартып, Аллаға жақындай түсу деген сөз. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы — «шарттарымен санаса отырып құлшылық ниетімен мал бауыздау» дегенге саяды. 

Осынау айтулы күндерде жүрегіне иман ұялаған әрбір адам жақсы істер жасауға, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созып, айналасына қуаныш сыйлауға тырысады. Дұға-тілектеріміз бен ізгі амалдарымыз және шалған құрбандықтарымыз қабыл болсын!», -деп облыстың Бас имамы ұлық мерекемен жиналған жамағатты құттықтады. Сонымен қатар жамағат мешіт ауласында ұйымдастырылған киіз үйлерге жайылған мерекелік дастарханан ауыз тиіп, ақсақалдардың батасын алды. Кейін ұлттық ойын спорттық шарамен жалғасын тапты. Жамағаттың бірлігі мен ынтымағын арттыру мақсатында қол күрес, гір көтеру, қой көтеруден жарыс өтіп, ақшалай жүлде қорлары тағайындалып, бірінші, екінші, үшінші орындарға табысталды. Мерекелік шаралар облыстық мешіттен бастау алып, қала және аудан мешіттерде де аталып өтуде. Айта кетсек, құрбан айт – жыл сайын мұсылман күнтізбесі бойынша Зүлхижа айының онында (Арафа күнінен кейін) және Ораза айт мейрамынан 70 күн өткеннен кейін басталып, 3 күнге созылады. 


Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі