Ақтөбе: «Әс-Сәлам» қайырымдылық мекемесі ашылды 1415

Ақтөбе: «Әс-Сәлам» қайырымдылық мекемесі ашылды

17 наурыз 2022 201 Оқу 1 минут

Бүгін Ақтөбе қаласында «Әс-Сәлам» жеке қайырымдылық мекемесі (медресе) ашылды.

Мекеменің ашылу рәсіміне қатысқан Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы: «Діни басқарма жеті бағыт бойынша жұмыстарға басымдық береді. Соның бірі – қайырымдылық. Мақсатымыз – көпбалалы, көмекті қажет ететін отбасыдан шыққан оқушыларға қолдау көрсету. Осы мекемеге қабылданған оқушылар мектептегі сабағын оқумен қатар имандылық дәрістерін тыңдайды. Мақсат – отаншыл, иманды, білімді жастар санын арттыруға үлес қосу. Осы ретте Діни басқарма бастамасын қолдап, Қайырымдылық мекемесін салуға демеуші болған азаматтарға айрықша алғысымды білдіремін» дей келе, игі іске ұйытқы болған Саян Дузимов пен Қайнар Болатұлына алғыс хат табыстады.

Айта кетсек, бүгінде Қайырымдылық мекемесінде 42 шәкірт тәрбиеленіп жатыр.

Мекемеде шәкірттердің жан-жақты білім, тәлім-тәрбие алуы үшін қолайлы жағдайдың барлығы жасалған. Жатақхана бөлмелерінің барлығында шәкірттерге қажетті жуыну бөлмесі, дәрет алу орындары, киім жуу, үтіктеу, т.б. орындар қарастырылған. Асхана заман талабына сай жабдықталған. Ол жерде шәкірттерге үш мезгіл тамақ беріледі. Қайырымдылық мекемесінің жалпы көлемі – 731 шаршы метр.

Сабақ беретін ұстаздардың барлығы жоғары білімді. Шәкірттерге математика, ағылшын тілі, шешендік өнер, қазақтың тарихи тұлғалары, т.б. пәндерден сабақ беріледі.

Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі