Ақтөбе: Құлшылық үйіне дін жанашырлары қолдау білдірді
Ақтөбе қалалық орталық мешітінің бас имамы Нұрлыбек Шакизадаұлының ұйытқы болуымен құлшылық үйінің кілемдері жаңартылды. Атап айтқанда, ТОО «А-Карпетс» «Кілемдер әлемі» ұжымының басшысы Рыскүл Жәнібекқызы мешіт дәліздеріне құны 500 000 көлемін қамтитын су жаңа кілемшелер тарту етті.
Демеушілік көрсеткен «Кілемдер әлемі» дүкенінің иесіне Ақтөбе қалалық орталық мешітінің бас имамы Нұрлыбек Шакизадаұлы:« Мешіт игілігіне жасаған құрмет сыйыңыз үшін Алла Тағала сізді қуатсын. Сыйлығыңыз құлшылыққа келген жамағаттың табанында тозуды нәсіп етіп, әр қадамның сауабы сізге де үздіксіз жазылуына тілектеспін»- деп алғысын білдірді.
Сонымен қатар Ақтөбе қаласындағы «Досжан Хазірет» мешітінің имамы Шынболат Үмбетовтың мұрындық болуымен дін жанашырлары, жамағат пен кәсіпкерлердің демеушілігімен мешіт кілемдері 1 500 000 теңге қаржыға жаңартылды. Одан өзге аталған мешіттің таһаратханасы толық күрделі жөндеуден өтіп, оған жалпы 1 200 000 тг қаржы жұмсалды. Ал 350 000 теңгеге мешіттегі барлық терезелеріне перделер жаңадан ілінді.
Халқымыз «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші қоғамда әр ісімен өзгелерге үлгі болып жүрген жандардың мерейін асырып, осылай көпшілікке насихат ету – ел арасында қайырымдылық шараларының көбеюіне себеп болады деген ниеттеміз.
Қасиетті орынға қолдау білдірген дін жанашырларына Алла Тағала разы болсын дейміз! Отбасына амандық, қызметіне береке тілеп, ерекше алғыс білдіреміз!
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі