Ақтөбе: «Ислам және ізгі қоғам» атты облыстық имамдар арасында футболдан турнир ұйымдастырылды
ҚМДБ Ақтөбе өкілдігінің ұйымдастыруымен, облыстың Бас имамы Серікжан Еншібайұылының бастамасымен «Ислам және ізгі қоғам» жылы аясында «Ақтөбе» медресе-колледжінің спорт кешенінде Ақтөбе облысы имамдары арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында шағын футболдан облыстық турнир өтті.
Оған облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінен 1 команда, Ақтөбе қаласындағы мешіттердің имамдарынан құралған 2 команда, аудан, ауыл имамдарынан құралған 2 команда, сондай-ақ Шалқар және Темір аудандарынан яғни әр ауданнан 1 команда, ал жалпы сайысқа 7 команда қатысып, бақ сынасты.
Турнирдің нәтижесінде І орынды Темір ауданының имамдары, ІІ орынды Шалқар ауданының имамдары, ІІІ орынды аудан, ауыл имамдарынан құралған «ЖІГЕР» командасы иеленді.
Дода барысында номинациялар бойынша да жүлдегерлер анықталды. Атап айтсақ, Шалқар ауданының намысын қорғаған Байқадам ауылдық мешітінің имамы Ақжол Жақыпов «Үздік қақпашы», Темір ауданының намысын қорғаған «Досжан ишан» мешітінің наиб имамы Жанболат Айдынғали «Үздік қорғаушы», сонымен қатар аталған мешіттің ұстазы Сағдат Тоқтамыс «Үздік шабуылшы» атағын иеленсе, аудан имамдарынан құралған «Жігер» командасының намысын қорғаған Хромтау ауданы, Бөгетсай ауылындағы «Ақ-Нұр» ауылдық мешітінің имамы Нұрхан Тұтқабаев турнирдің «Үздік ойыншысы» ретінде марапатталды.
Жарыс қортындысында облыстың Бас имамы Серікжан Еншібайұлы турнирдің маңыздылығына тоқталып, алдағы уақытта да «Ислам және ізгі қоғам» жылы аясында спорттың басқа түрлерінен де сайыстар жыл бойы жалғасын табатынын айтты.
«Ислам қоғамда біртұтас бауырмалдықты, жанашыр болуды үгіттейді. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) насихатының алғашқы кезеңінен бастап, мұсылмандардың өзара бауыр әрі туыс екендіктерін жариялаған. Бұл біздердің өзара бірлікте болып, бауырмал болуымыздың қаншалықты үлкен маңызға ие екендігінің көрінісі. Хадис шәріпте:
مَثَلُ الْمًؤْمِنِينَ فِي تَوَادّهِمْ وَ تَرَاحُمِهِمْ وَ تَعَاطُفِهِمْ مَثَلُ الْجَسَدِ إِذَا اِشْتَكَى مِنْهُ عُضوٌ تَدَاعَى لَهُ سَائِرَ الْجَسَدِ بِالسَّهْرِ وَالْحُمَّى
«Мұсылмандар бір-біріне бауырмалдықта, мейірімділікте, қарым-қатынаста бір бүтін дене іспеттес. Егер оның бір ағзасы ауырса, қалғаны ұйқысыз және ыстығы көтерілуінде онымен бірге болады», – делінген.
Демек нағыз мұсылман қоғамшыл, көпшіл, жанашыр болады. Яғни адам баласы тілі мен қолы арқылы адам құқығын таптамай, оған құрмет көрсету арқылы қоғамның бейбітшілігі мен тыныштығын сақтайды деген сөз. Яғни әр адам жеке дамып, тұлға деңгейіне жететін болса, біздің қоғам ізгі қоғам болары анық»,-деді облыстың Бас имамы.
Одан өзге сайысқа қатысушыларға татулық пен бірлікті арттыру мақсатында «Ақтөбе» медресе-колледжінде арнайы дастарқан жайылып, ас берілді.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі